ХХІ ғасырдың Конституциясы
28.08.2020
27 тамызда Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына арналған халықаралық онлайн конференция өз жұмысын бастады. Пленарлық отырыста Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау сөзімен сөйледі. «Конституция біздің тәуелсіздігіміздің берік құқықтық негізін құрды. Мемлекеттің ең жоғары құндылықтары адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып жарияланды. Бұл құжатта елдің аумақтық тұтастығы, қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық, заң үстемдігі және демократия қағидаттары бекітілген. Жаңа қазақстандық мемлекеттілікті қалыптастырудың құқықтық, саяси және әлеуметтік-экономикалық алғышарттары айқындалды», – деді Мемлекет басшысы. Президент сондай-ақ Қазақстан Конституциясы қазақ халқының сан ғасырлық бай тәжірибесі мен даналығын әлемдік құқықтық ойдың озық жетістіктерімен ұштастыра отырып жүзеге асырғанын атап өтті. Конференция барысында Еуропа Кеңесінің құқығы арқылы Демократия үшін еуропалық комиссияның президенті Джанни Букиккио, Еуразиялық экономикалық одақ Сотының Төрағасы Жолымбет Баишев, Германия халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорының бас директоры Фрауке Бахлер, Нұр-Сұлтан қаласындағы ЕҚЫҰ бағдарламалары кеңсесінің басшысы Дьердь Сабо сөз сөйледі. Қазақстанның жаңа Конституциясы 1995 жылы бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Биыл бас мемлекеттік құжатқа 25 жыл толады.
Қарау саны: 3153 |
|
|