Президент ҚР Конституциясының 25 жылдығына арналған халықаралық конференциясын ашты

27.08.2020

Қасым-Жомарт Тоқаев «XXI ғасырдың Конституциясы – құқық үстемдігі, адамның құндылығы және мемлекеттің тиімділігі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның және Азия конституциялық соттары және балама институттар қауымдастығы IV Конгресінің пленарлық отырысына онлайн режимде қатысты.

Президент 1995 жылы бүкілхалықтық референдумда Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданғанын, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ата Заңымызға идеялық тұрғыдан бастамашы болғанын, іргелі құжатты әзірлеу жұмысын Елбасының өзі басқарғанын атап өтті.

– Конституция Тәуелсіздігіміздің берік құқықтық негізін қалады. Адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы деп жарияланды. Еліміздің аумақтық тұтастығы, қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық, құқық үстемдігі және демократия қағидаттары бас құжатымызда айқын көрініс тапты. Конституцияда  Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттілігін қалыптастыру үшін аса маңызды  құқықтық, саяси және әлеуметтік-экономикалық алғышарттар да  айқындалды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның мазмұны уақыт талабына сәйкес жетіліп, жаңартылып отыратынын, оның заңды құбылыс екенін айтты. Бүгінде бүкіл әлемнің кескін-келбеті өзгеріп жатыр. Осындай кезеңде Қазақстан да көштен қалмай, қарқынды дамуда. Сондықтан қалыптасқан жаңа ахуалға сай Ата заңның мәтініне қосымша құқықтық тетіктер мен нормалар енгізіліп отырады.

– Ата заңымыз қабылданған ширек ғасыр ішінде үш конституциялық реформа жасалды. Бұл жұмысқа азаматтық қоғам кең көлемде атсалысты. Дегенмен, Конституцияның жасампаздық әлеуеті әлі де зор. Әсіресе, қоғам тарапынан туындаған әлеуметтік-экономикалық және саяси сипаттағы талап-тілектерге толыққанды жауап беретіндей  мүмкіндіктері мол екені сөзсіз, – деді Президент. 

Мемлекет басшысы жалпыға ортақ демократиялық қағидаттарды нығайта түсу, адамдардың және азаматтардың құқығы мен бостандығына кепілдікті күшейту еліміздің алдында тұрған басты міндет екеніне тоқталды. 

– Парламент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бастамасы бойынша бірқатар маңызды заңнамалық өзгерістерді қабылдады. Елімізде бейбіт жиналыстар туралы демократиялық тұрғыдан мүлде жаңа заң күшіне енді, саяси партияларды құру және тіркеу үдерісі едәуір жеңілдетілді, сайлаудағы партиялық тізімдерге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді, сондай-ақ, жала жапқаны үшін қылмысқа тарту талабы алынып тасталды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Ата заңның ережелерін жүзеге асыру ісінде Конституциялық кеңестің маңызы ерекше екенін, аталған кеңес Конституцияның ел аумағында үстемдік етуін қамтамасыз етіп, конституциялық талаптардың мән-мазмұнын түсіндіру тұрғысынан  орасан зор жұмыс атқаратынын жеткізді. Сонымен қатар биыл  Қазақстанның Конституциялық кеңесі Азия конституциялық соттары қауымдастығы мен Конституциялық бақылау органдарының еуразиялық қауымдастығына төрағалық етіп жатқанын атап өтті.

Президент сөз соңында конференцияға қатысушыларды Ата заңның мерейлі мерекесімен құттықтады.

– Қазақстан Конституциясында әлемдік құқықтық ойдың озық жетістіктерімен ұштасқан қазақ халқының сан ғасырлық бай тәжірибесі және даналығы көрініс тапқан. Ата заңымыз алдағы уақытта да мемлекетіміздің саяси және экономикалық тұрғыдан табысты дамуының айнымас кепілі боларына сенімдімін. Баршаңызды Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығымен құттықтаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Халықаралық ғылыми-практикалық конференция барысында Еуропа кеңесінің құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссиясының президенті Джанни Букиккио, Еуразиялық Экономикалық Одақ сотының төрағасы Жолымбет Бәйішов, Германия халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорының бас директоры Фрауке Бахлер, Нұр-Сұлтан қаласындағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің басшысы Дьердь Сабо сөз сөйледі.


Қарау саны: 2983
Сақталған: 22.12.2024






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!