Қазақстан Президенті

22.07.2022

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуінде сөйлеген сөзі


Шолпан-Ата қаласы, 21 шілде 2022 жыл

Құрметті мемлекеттер басшылары!

Құрметті кездесуге қатысушылар!

Ең алдымен, қонақжайлық көрсетіп, Ыстықкөлдің көркем табиғатында осындай маңызды іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қырғыз Республикасының Президенті құрметті Садыр Нургожоевич Жапаровқа шынайы ризашылығымды білдіремін. Біздің Консультативтік кездесуіміз халықаралық саясаттың маңызды факторына айналды. Бұл жиын аталған аймақтың алдағы даму бағытын өзара сенімге негізделген рухта айқындауға мүмкіндік береді. Құбылмалы геосаяси және әлемдік экономиканың тұрақсыздығы жағдайында өткен кездесуіміз Орталық Азия елдерінің ынтымағы берік екенін көрсетеді. Сондай-ақ жаңа сын-қатерлер мен қауіптерге бірлесіп қарсы тұруға деген ортақ ұмтылысымызды білдіреді. Мемлекеттеріміздің жан-жақты жақындасуы уақыт талабынан туындап отыр және бауырлас халықтардың түпкі мүдделеріне толық сай келеді.  2018 жылы Қазақстанда өткен бірінші Консультативтік кездесуден бері өңірлік ынтымақтастық барлық бағыт бойынша тұрақты түрде нығайып келеді. Шынайы тату көршілік және одақтастық рухындағы қатынастарды қарқынды дамытуға бағытталған мемлекетаралық саяси диалог мүлде жаңа деңгейге көтерілді. Өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастық қарыштап кеңеюде. Күш біріктіре отырып, ықпалдастықтың пандемияға дейінгі деңгейін қалпына келтіріп қана қоймадық, сондай-ақ тауар айналымын едәуір арттыра алдық. Біздегі мәліметтер бойынша былтыр ішкі өңірлік сауда-саттық көлемі 27 пайызға (2018 жылғы 43 пайыздық өсім көрсеткішімен салыстырғанда) өсіп, 8 миллиард доллардан асты. Мәдени-гуманитарлық байланыстар Орталық Азия мемлекеттерінің ұзақ мерзімді өзара қарым-қатынастарының берік негізі болып қала береді. Мемлекеттеріміздің мәдениеті күндері алма-кезек өткізілуде, үлкен форумдар мен көрмелер тұрақты ұйымдастырылуда, бірлескен ғылыми-тарихи зерттеулер жүргізілуде, студент алмасу және басқа да шаралар белсенді жүзеге асырылуда.

Коронавирустың таралуына қарсы күрестегі табысты серіктестігіміз біздің қарым-қатынасымыздың өте жақын екенін айқын аңғартады. Пандемияның ең қиын күндерінде бір-бірімізге барлық қажетті азық-түлік, медициналық және басқа да гуманитарлық көмекті шұғыл түрде көрсетіп, бірлігіміз бен ынтымағымыздың беріктігін дәлелдедік. Біздің қатынастарымыздың ерекше сипаты Орталық Азияны ХХІ ғасырда дамытуды көздейтін достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы бүгін қабылданатын шартта бекітілген. Бұл құжат мазмұны мен тарихи перспективасы тұрғысынан бірегей саналады. Оған елдеріміз арасындағы мемлекетаралық дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығында қол қойылуының символдық мәні бар. Бұл тарихи құжат бесжақты стратегиялық серіктестігіміздің жаңа кезеңіне қадам басқанымызды білдіреді. Орнықты дамуды, аймақтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – келешек ұрпақ алдында бізге үлкен жауапкершілік жүктейтін ортақ міндет. Қазақстанның өңірлік ынтымақтастықты жан-жақты нығайтуға, Орталық Азияның әлемдік аренадағы рөлін арттыруға бағытталған стратегиялық бағдарға адал болып қала беретінін айтқым келеді.


akorda.kz



Қарау саны: 1870
Сақталған: 21.12.2024






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!