БҰҰ Бас Ассамблеясы
24.09.2020
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның 75-ші Бас Ассамблеясының Жалпы саяси пікірталастарында бейнежолдау форматында сөз сөйледі.
Пікірсайысқа қатысушыларға арнаған сөзінде Мемлекет басшысы БҰҰ-ның 75 жылдық мерейтойы драмалық және сын-тегеуріндерге толы уақытта өтіп жатқанын атап өтті. Президенттің пікірінше, жаһандық экономикаға айтарлықтай зиян келтіретін және бүкіл әлемдегі адамдардың көптеген апаттары мен азаптарының көзі болып табылатын коронавирустық пандемия басты проблема болып қала береді. «Адамзат тарихындағы бұрын – соңды болмаған осы қайғылы оқиға аясында отандастарымның атынан бізді өлімге әкелетін вирустан жанқиярлықпен қорғайтын дәрігерлер мен барлық мамандарға шынайы алғысымды білдіргім келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысының айтуынша, қуатты жаһандық денсаулық сақтау жүйесін құру дамыған мемлекеттер мен БҰҰ агенттіктері тарапынан уақытылы және үйлестірілген қолдау көрсету арқылы дамушы елдердегі ұлттық институттар мен медициналық мекемелерді жаңғыртуды талап етеді. Қазақстан Президенті коронавирусқа қарсы вакцинаны әзірлеу тақырыбын саясаттандыруға жол берілмейтінін айтып, вакцинаны жаһандық өндіруге және оны жеткізудегі логистикалық тізбектердің тиімділігіне ықпал ететін инвестициялар мен сауда туралы жан-жақты халықаралық келісімнің қажеттілігін атап өтті. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ аясында Ауруларды бақылау және биоқауіпсіздік бойынша өңірлік орталықтар желісін құру идеясын мұқият зерделеуді ұсынды. Президент Қазақстан аумағында осындай мекемелердің бірін орналастыруға дайын екенін білдірді. Мемлекет басшысы сондай – ақ биологиялық қаруды бақылау жүйесін әзірлеу мен іске қосудың өзектілігін атап өтіп, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне есеп беретін арнайы орган-Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруды ұсынды. Мемлекет басшысы сондай-ақ экология мәселелеріне, әсіресе климаттың өзгеруі проблемасына назар аударды, оның пікірінше, ол басқа қауіптердің өзіндік «катализаторы» болып табылады. Қасым-Жомарт Тоқаев қазба отынына жоғары тәуелділікке және Климат жөніндегі Париж келісімінің мақсаттарына қол жеткізудің алдағы ұзақ жолына қарамастан, Қазақстанның көмірсутексіз экономиканы дамытуға берік бейілділігін растады. «Біз экономиканы жүйелі трансформациялау және өнеркәсіпті жаңғырту есебінен 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 15% - ға азайтамыз. Сонымен қатар, алдағы бес жылда елімізде екі миллиардтан астам ағаш көшеттерін отырғызуды жоспарлап отырмыз», – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы қазіргі заманның жаһандық сын-қатерлерін еңсеру сенім ахуалын қалпына келтіру және көпжақты институттарды дәйекті нығайту арқылы ғана жүзеге асырылатынын айтты.
Қарау саны: 2966 |
|
|