Экономикалық зерттеулер институты Басқарма төрағасының орынбасары Шахарбану Жақыпова еліміздегі Орнықты даму мақсаттарын жүзеге асыру туралы айтып берді, деп хабарлайды"ҚазАқпарат" ХАА тілшісі.
"БҰҰ-ның Орнықты дамуының 17 мақсаты әр елде ұлттандырылады. Осы мақсаттардың ішінде белгілі бір міндеттер, нақты нысаналы индикаторлар бар. Осының көпшілігі Қазақстанда мемлекеттік стратегиялық жоспарлау жүйесінде, бағдарламалық құжаттарда, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларында, өңірлерді дамыту бағдарламаларында бар", - деді Шахарбану Жақыпова Ұлттық экономика министрлігі, Экономикалық зерттеулер институты өкілдерінің және Қазақстандағы БҰҰДБ-ның халықаралық сарапшыларының қатысуымен ОДМ талқылау алдында.
Сонымен қатар, оның айтуынша, мемлекеттік жоспарлау жүйесінде әлі көрініс таппаған, не сараптама қоғамдастықтарында, атап айтқанда өңірлерде талқыланбаған дамудың белгілі бір бағыттары бар.
"ОДМ-ды ұлттандыру платформасы аясында (БҰҰДБ мен АДБ-мен бірлескен жоба) біз Қазақстанның 17 өңірінде іскерлік ойын форматында семинарлар өткіздік. Әр өңірдің өз проблемалары бар, бірақ барлық өңірлерге ортақ мәселелер де кездеседі", - деді спикер
Ш. Жақыпова әрбір қазақстандық өңірге тән мәселелерді атап өтті.
"Бұл экологиялық мәселелер, сапалы білім беру, денсаулық сақтаудың сапалы қызметтері, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, лайықты жұмыспен қамту, жоғары өнімді секторларда жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, инновацияларда қажеттілік. Біз осыларды нақты атап өттік. Бірақ егер әр өңірдің бейінін назарға алатын болсақ, олардың нақты мәселелері, әрине, әр түрлі болады", - деп қорытындылады сарапшы.