2024 жылғы 26 желтоқсанда бейбітшілік, әділдік және тиімді институттарды нығайту мәселелеріне арналған Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ 16) «Бейбітшілік» ведомствоаралық жұмыс тобының отырысы өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы Гүлбара Сұлтанованың төрағалығымен ұйымдастырылды.
Отырыс жұмысына негізгі мемлекеттік органдардың және үкіметтік
емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
ТДМ 16 бойынша міндеттердің орындалуына жауапты орталық
мемлекеттік органдар 2024 жылы атқарылған жұмыстар туралы ақпаратпен бөлісті.
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Тұрақты даму
мақсаттарын 2030 жылға дейін жүзеге асыру бойынша үшінші Ерікті ұлттық шолудың
дайындығы туралы ақпарат ұсынды. Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі хатшылықтың
директоры Бақытгүл Хамбар Ерікті ұлттық шолудың құрылымына қатысты Институттың
ұсынымдары мен алдағы жұмыс жоспарлары туралы баяндады. Өз баяндамасында Б.
Хамбар үшінші Ерікті ұлттық шолуда ТДМ-ды Қазақстанда жергілікті деңгейде
жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өтті.
БҰҰ-ның 2025 жылғы Жоғары деңгейдегі саяси форумында
экономикалық өсуді қамтамасыз ету, лайықты жұмыс орындары, денсаулық сақтау,
гендерлік теңдік, теңіз экожүйесі және серіктестікті дамытуға қатысты тұрақты даму
мақсаттары бойынша егжей-тегжейлі талқылаулар өткізу жоспарланған. Сонымен
қатар, Ерікті ұлттық шолуды дайындау барысында халық пікірі арқылы басымдық
берілетін мақсаттар анықталады.
Жиынның соңында жұмыс тобының төрайымы Гүлбара Сұлтанова
қорытынды сөз сөйледі: «Елімізде Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру бойынша
белсенді жұмыс жалғасуда. Бұл халықаралық қоғамдастық алдындағы міндетіміз ғана
емес, сонымен қатар ТДМ-ды халықтың өмір сүру сапасын жақсартудың нақты
негізіне айналдыру мүмкіндігі. Табысты дайындық әрбір азаматтың игілігі үшін
маңызды». Ол қатысушыларға алғыс айтып, пікірталас барысында айтылған құнды
идеялар мен сындарлы ұсыныстар үшін ризашылығын білдірді.