Ауыл шаруашылығы өндірістік-өткізу тізбектері

09.10.2020

2020 жылғы 07 қазанда ЭЫДҰ-ның «Ауыл шаруашылығы өндірістік-өткізу тізбектеріне интеграцияның өсуі» тақырыбында вебинары өтті.

Іс-шара Еуропалық Одақтың қаржылық қолдауымен Орталық Азия және Шығыс Еуропа үкіметтерімен COVID-19 стратегиясына жауап беруге арналған вебинарлар сериясының бөлігі болып табылады.


Вебинар барысында ЭЫДҰ-ның Қазақстандағы ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жөніндегі жобасының қорытындылары және елдердің ауыл шаруашылығы өндірістік-өткізу тізбектерінің жұмысына қатысуын ұлғайту жөніндегі стратегияны айқындау ұсынылды. Covid-19 дағдарысының өңірлік ауыл шаруашылығына әсері талқыланды. Өңірдің барлық аумағында ауыл шаруашылығы өндірістік-өткізу тізбектеріне интеграцияны күшейтуге бағытталған саясаттың озық үлгілері зерделенді.

Вебинарды ашқан Украиналық кәсіпкерлер одағының Аграрлық азық-түлік бизнесі мәселелері жөніндегі комитетінің тең төрайымы Владислава Магалецкая тамақ өнеркәсібі Еуразияның көптеген елдерінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Экспорттық немесе жабдықтау тізбектері мен бөлшек азық-түлік кәсіпорындары арасындағы байланыстарды жолға қою арқылы азық-түлік өндірушілерді жаһандық өндірістік-өткізу тізбектеріне неғұрлым тиімді интеграциялау жергілікті өндірушілерге қызмет ауқымын кеңейтуге және, сайып келгенде, сектордың азық-түлік қауіпсіздігін нығайту жүйелерінің өсуі мен орнықтылығына қосатын үлесін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Одан әрі Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Нұрбек Дайырбеков құттықтау сөзімен сөйледі. Нұрбек Слямханұлы ауыл шаруашылығы Шығыс әріптестігі мен Орталық Азия елдерінің экономикалық, әлеуметтік және экологиялық дамуында маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Үкіметтердің иелігінде нарыққа қол жетімділікті кеңейту және заманауи әдістерді қолдана отырып және коммерциялық табысқа бағытталған шағын өндірушілердің өсуін ынталандыру үшін көптеген құралдар бар. Коронавирус дағдарысы жағдайында ауылшаруашылық өндірістік-өткізу тізбектеріне интеграцияны жеделдету жөніндегі шаралар сауда мен инвестициялардың ықтимал қысқаруының алдын алуға көмектеседі.

Вебинарға ЭЫДҰ, Грузия және Украина елдерінің сарапшылары шақырылды.

ЭЫДҰ-ның экономикалық талдаушысы Джибран Пунтаки ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп «ҚР-да ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуды ынталандыру» бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.  Жоба 2018 жылғы қаңтардан 2020 жылғы қазанға дейін ЭЫДҰ Сауда және ауыл шаруашылығы жөніндегі директоратының және ЭЫДҰ-ның Еуразия елдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі бағдарламасының күшімен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің қаржылық қолдауымен жүзеге асырылды. Джибран Пунтаки жобаның мақсаты ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуға жәрдемдесу, аграрлық азық-түлік жаһандық өндірістік-өткізу тізбегіне (ЖӨӨТ) интеграцияны арттыру, аграрлық саясатты және Қазақстандағы нарықты модельдеу әдістерін жетілдіру екенін атап өтті.

Вебинар соңында сарапшылар подиумдық пікірталас өткізді. Грузияның Қоршаған ортаны қорғау және ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Нино Тандилашвили мен Азия даму банкінің Табиғи ресурстар және ауыл шаруашылығы жөніндегі жетекші маманы Синго Кимура кооперацияның дамуына және жаһандық өндірістік-өткізу тізбектеріне интеграцияның өсуіне жәрдемдесу арқылы Еуразия елдерінің ауыл шаруашылығында жабдықтау тізбектерін нығайтудың ықтимал тәсілдерін талқылады.

Вебинарда аграрлық саясат реформаларының экономикалық және әлеуметтік аспектілерге әсерін бағалауға арналған модельдеудің инновациялық құралы ұсынылды.

Анықтамалық: ЭЫДҰ-1948 жылы құрылған және өкілді демократия мен еркін нарықтық экономика қағидаттарын мойындайтын дамыған елдердің халықаралық экономикалық ұйымы. ЭЫДҰ-ның мақсаты орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз етуге және мүше елдердің өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған үйлестірілген саясатты жүргізу болып табылады. 37 ел ЭЫДҰ мүшелері болып табылады. Қазақстан 2008 жылдан бері ЭЫДҰ-мен ынтымақтастықты жүзеге асырып келеді.





Қарау саны: 6034
Сақталған: 28.10.2020






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!