Сарапшы пікірі: Бақытгүл Қамбар

10.07.2020

Үкімет халықты жұмыспен қамту саласына тың серпін беретін шараларды ойластыруы керек. Мұндай пікірді «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ стратегиялық әзірлемелер орталығының директоры Бақытгүл Қамбар білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«Қазіргі таңда бүкіл әлемді жайлаған пандемиядан туындаған дағдарыс әлемнің көптеген елдерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайындағы кемшін тұстарды көрсетті. Бұл дағдарыстың елімізді де айналып өтпегені барлығымызға белгілі. Әлемнің көптеген елі стратегиялық жолдарын қайта қарастыру мәселесін де талқылап жатыр. Бүгінгі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың да пікірі осыған келіп саяды. Әрине, жыл басынан бері және оған дейін де атқарылған, жақсы нәтиже берген шаралар көп. Бірақ, дәл қазір ел экономикасы үлкен сыни кезеңмен бетпе-бет келгенін көріп отырмыз», - деді Бақытгүл Қамбар.


Сарапшы оған дәлел ретінде осы жылдың басынан еліміздің экономикалық өсімінің 1,8 пайызға төмендеуін алға тартады.


«Мұнан бөлек, экономикалық тұрғыда белсенді халықтың жартысынан көбін жұмыспен қамтып отырған қызмет көрсету саласы өсімінің де жыл басынан бері 5,6 пайызға төмендеуі жұмыссыздықтың ары қарай арта түсу қаупі бар екенін көрсетеді. Ал бұл жайттың ел бюджетіне ықпал ететін кері салдары айтпаса да түсінікті жайт. Сондықтан Үкімет халықты жұмыспен қамту саласында жаңа серпін беретін шаралар ойластыру керек деп ойлаймын», - деді орталық басшысы.


Бақытгүл Қамбар бүгін Мемлекет басшысыҮкіметке бұл бағытта шұғыл шаралар қабылдау керектігін тапсырғанын және алдағы уақытта жаңа Жолдауы жариялайтындығын ескерткенін атап өтеді.


«Жаңа Жолдауда экономикамызға тың, жаңа серпін беретін нақты бастамалар болады деп ойлаймын. Бұл орайда алдағы уақытта қолға алынатын шараларға дер кезінде мониторинг жасап, әр кезеңінде нақты баға беру жүйесін жетілдірудің де маңызы зор болмақ», - деді сарапшы.




Қарау саны: 5847
Сақталған: 11.07.2020






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!