Сарапшы пікірі: Бақытгүл Қамбар
10.07.2020
Үкімет халықты жұмыспен қамту саласына тың серпін беретін шараларды ойластыруы керек. Мұндай пікірді «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ стратегиялық әзірлемелер орталығының директоры Бақытгүл Қамбар білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сарапшы оған дәлел ретінде осы жылдың басынан еліміздің экономикалық өсімінің 1,8 пайызға төмендеуін алға тартады. «Мұнан бөлек, экономикалық тұрғыда белсенді халықтың жартысынан көбін жұмыспен қамтып отырған қызмет көрсету саласы өсімінің де жыл басынан бері 5,6 пайызға төмендеуі жұмыссыздықтың ары қарай арта түсу қаупі бар екенін көрсетеді. Ал бұл жайттың ел бюджетіне ықпал ететін кері салдары айтпаса да түсінікті жайт. Сондықтан Үкімет халықты жұмыспен қамту саласында жаңа серпін беретін шаралар ойластыру керек деп ойлаймын», - деді орталық басшысы.
«Жаңа Жолдауда экономикамызға тың, жаңа серпін беретін нақты бастамалар болады деп ойлаймын. Бұл орайда алдағы уақытта қолға алынатын шараларға дер кезінде мониторинг жасап, әр кезеңінде нақты баға беру жүйесін жетілдірудің де маңызы зор болмақ», - деді сарапшы.
Қарау саны: 5833 |
|
|