«Global Go To Think Tank Index» рейтингінде
28.01.2021
Қазақстандық Экономикалық зерттеулер институты «Global Go To Think Tank Index» танымал халықаралық рейтингісінде алтыншы орын алды. «Global Go To Think Tank Index» рейтингі бүкіл әлем бойынша 8248 ұйымның 68 мыңнан астам сарапшысының сауалнама деректері негізінде жасалады. Сауалнама нәтижелерін жоғары дәрежелі сарапшылар тобы өңдейді және тексереді, олардың пікірлері рейтингте шешуші рөл атқарады. Рейтингті құрастырушылар жетекші зерттеу орталықтары, үкіметтер мен қоғам арасында байланыс орнатуды және «ой-талқы орталықтарының» жұмысы туралы хабардар болуды өздерінің мақсаты деп санайды. Рейтинг сапалы ақпаратқа деген қажеттілікті сезінетіндердің барлығына: журналистерге, саясаткерлерге, бизнес өкілдеріне, қоғамдық ұйымдарға және т. б. беделді бағдар ретінде қызмет етеді. Сараптамалық — талдамалық орталықтар (Think Tanks) — негізінен саяси өндіріс және саяси шешімдердің ықтимал әлеуметтік-экономикалық салдарын бағалау саласында мемлекеттік және корпоративтік келісімшарттар бойынша зерттеу және консультациялық қызметті жүзеге асыратын жария институттар. «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Top Think Tanks in Central Asia санатында алтыншы орынға ие болды. Әр өңірде рейтинг жасау үшін халықаралық сараптамалық ұйымдар, оның ішінде талдамалық орталықтар, баспа және электрондық БАҚ, ғылыми топтар, үкіметтік емес ұйымдар қатысады. Анықтама: Экономикалық зерттеулер институты 1961 жылы құрылған Қазақстан экономикасын кешенді дамыту проблемаларын зерттейтін мемлекеттік жетекші институт болып табылады. Экономикалық зерттеулер институтының қызметі елдің экономикалық стратегиясын іске асыру барысын ғылыми қамтамасыз етуге, экономиканың жай-күйін талдауға және оның перспективаға дамуын болжауға, тұрақты экономикалық өсуге, халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыруға жәрдемдесуге бағытталған. Институт соңғы 59 жыл ішінде жинақталған кең экономикалық болжаммен, сондай-ақ өзінің стратегиялық әзірлемелері мен зерттеулерімен жоғары бағаланады. Институт қызметімен толығырақ http://economy.kz сайтынан танысуға болады.
Қарау саны: 5748 |
|
|