Мұнайдың төмен бағасы
10.03.2020
НҰР-СҰЛТАН. ҚАЗАҚПАРАТ-ҚР Ұлттық экономика министрлігі Экономикалық зерттеулер институты Макроэкономикалық зерттеулер және болжамдау орталығы директорының міндетін атқарушы Қуаныш Бейсенғазин мұнайдың әлемдік бағасының құлдырауы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА. "Мұнай бағасы кеше 30 долларға дейін төмендеп, бүгін 36 долларға дейін көтерілді. Біз бұл қысқа мерзімді құлдырау деп санаймыз. Себебі оның артында макроэкономикалық немесе дағдарыстық құлдырау емес, ОПЕК+шеңберіндегі Ресей мен Сауд Арабиясы арасындағы қақтығыс тұр. ОПЕК+ - ке кіретін және кірмейтін елдер келісім бойынша биылғы жылы мұнай өндіруді төмендетуі керек еді. Жоғарыда айтылғандай, біз бұл құлдырауды қысқа мерзімді деп санаймыз. Себебі мұнайдың төмен бағасы Ресей үшін де, Сауд Арабиясы үшін де тиімді емес. Жақын арада олар келісімге келеді деп үміттенеміз", - деді сарапшы тілшінің сұрағына жауап бере отырып. Оның айтуынша, мұнай бағасының құлдырауы Қазақстан үшін күтпеген жағдай болған жоқ. "Өйткені бұған дейін коронавирустың таралуына байланысты қытай тарапынан мұнайға деген сұраныс азаятын немесе шекара жабылатын болса, есептеулер жүргізілді - дағдарысқа қарсы бағдарлама жасалды. Бізде мемлекет тарапынан қабылданатын шаралар кешені бар. Ұлттық банк пен Үкімет мәлімдеме жасады. Сондықтан қорқуға негіз жоқ", - деді Қ. Бейсенғазин. Бұған дейін әлемдік мұнай бағасының құлдырауы туралы хабарланған болатын. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі және әлемдегі экономикалық ахуал жөнінде кеңес өткізіп, Үкіметке, Ұлттық Банкке және басқа да мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырмалар берді. Мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарын әзірлеу үшін жедел әрекет ету штабын құруды тапсырды және мемлекет халық алдындағы барлық міндеттемелерін толық көлемде орындайтынын мәлімдеді. Балнур Кожагелди
Қарау саны: 6104 |
|
|