Семинар
22.02.2021
2021 жылғы 18 ақпанда БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) ұйымдастыруымен «Қазақстанда балалар бюджетін енгізу перспективалары туралы» онлайн-семинар өтті.
Онлайн-семинарға ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті, ҚР Қаржы министрлігі, ҚР Ұлттық экономика министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ЮНИСЕФ өкілдері, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ сарапшылары,халықаралық сарапшылар, ҮЕҰ өкілдері және басқа да қатысушылар қатысты. «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ тарапынан Басқарма төрағасының орынбасары Мұқан Бауыржан Ғалиақбарұлы, Бас ғылыми қызметкер Шахарбану Жақыпова және Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі Хатшылықтың қызметкерлері толық құрамда қатысты. Кеңес барысында ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілдері ЮНИСЕФ және «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ-мен бірлесіп балалар бюджетін енгізу бойынша басталған жұмыстар туралы айтып берді, сондай-ақ барлық мүдделі тұлғалардың бірлескен күш-жігерімен Қазақстанда балаларды бюджеттеу құралы әзірленіп, енгізілетініне сенім білдірді. Өз кезегінде, ТДМ Хатшылығы директорының орынбасары Алтынгүл Өтебаева балалар индикаторларына баса назар аудара отырып, бюджет саясатының іске асырылуын талдау нәтижелерін ұсынды. Хатшылықтың деректеріне сәйкес Қазақстанда балалар бюджетін шоғырландыру жоқ; балалық шақ жеткілікті қаржыландырылмайды; бюджеттік саясат балаларды жеке санатқа бөлмей жүзеге асырылады және т. б. ЮНИСЕФ халықаралық сарапшылары Г.В. Курляндская және Е. И. Андреева балалар бюджетін табысты енгізетін шет елдердің (РФ; Перу; Үндістан; Сальвадор; Уэльс) тәжірибесін ұсынды. Бір қызығы, халықаралық тәжірибеде балалардың қажеттіліктеріне ақша қаражатын орталықтандырылған бөлу қолданылады, осылайша мемлекеттік шығыстарды әлеуметтік нысаналау индексін есептеу және баланы қаржыландыруға тікелей қажеттіліктерді анықтау мүмкіндігі пайда болады. Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Ғалиақбарұлының айтуынша, Уэльстің (Ұлыбритания) тәжірибесі ерекше қызығушылық тудырады, онда демографиялық дамудың қазіргі проблемасын және мемлекеттің әлеуметтік шығыстарын қаржыландырудың сәйкессіздігін айқын көрсететін жас топтары бөлінісінде Ұлыбританияның орталық бюджетінің шығыстарын болжау құралы қолданылады. Соңында ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Артур Ван Дизен балалардың әл-ауқаты мәселелерін шешуге және Қазақстандағы балаларды тиісті қаржыландыруға шынайы қызығушылық білдірді. Балалардың мүддесі үшін мемлекеттік бюджетті нысаналы жұмсаудың ұлттық құралын анықтау бойынша түпкілікті зерттеу нәтижелері 2021 жылдың соңына дейін ұсынылатын болады.
Қарау саны: 5655 |
|
|