Сарапшы пікірі: Қайсар Нығметов

02.09.2021

Агломерацияларды дамыту туралы заң жобасын әзірлеу мәселесі бойынша

ERI сарапшысы: Агломерация орталықтарында ЖІӨ-нің шамамен 1/3 бөлігі өндіріледі

Қалалық агломерацияларды дамыту бойынша жеке заң жобасын әзірлеу орталық пен шеткері аймақтар арасында функцияларды нақты бөлуге, қала құрылысы мен жер жоспарлауды реттеуге және агломерацияның барлық аумағында бірыңғай көлік моделін белгілеуге мүмкіндік береді, деп есептейді «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ (ERI) сарапшысы Қайсар Нығметов.

Қалалық агломерациялар – күнделікті еңбек, өндірістік және өзге де экономикалық байланыстары бар бір немесе бірнеше ірі қалалардың (агломерация орталықтарының) айналасында орналасқан урбанизацияланған елді мекендердің жергілікті жүйесі.

Қазіргі уақытта Қазақстанда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалалары сияқты 4 агломерация бар. Бұл қалаларда ел халқының шамамен 38%-ы тұруда (7,1 млн адам: оның 5,1 млн.— қала халқы, 2 млн. — ауыл халқы). 

«Агломерация орталықтарында ЖІӨ-нің шамамен 1/3 бөлігі өндіріледі Олардың үлесіне елге тартылатын шетелдік инвестициялардың 60%-дан астамы тиесілі», — деп атап өтті сарапшы. 

Оның айтуынша, қалалық агломерацияларды дамытуда бірқатар проблемалар байқалады: қалалық агломерацияны дамытуды басқарудың бірыңғай моделі жоқ, орталық қала мен агломерацияның шеткері елді мекендерін инфрақұрылымдық дамыту мен бюджеттік жоспарлауды үйлестірудің жеткіліксіздігі байқалуда. 

Желілердің қатты тозуы, қоршаған ортаға антропогендік әсерге байланысты көліктік нашар байланыстылық проблемалары өзекті болып қалуда.

 Күн сайынғы маятниктік көші-қон нәтижесінде агломерация орталықтары әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымға елеулі жүктемелер, тұрғын үй тапшылығы және т.б. проблемаларды бастан кешуде.


Сарапшы сондай-ақ, қазіргі уақытта қалалық агломерацияларды дамыту бөлігінде белгілі бір институционалдық кедергілердің барын атап өтті – бұл олардың дамуын реттейтін заңнамалық нормалардың жоқтығы, жер мәселелерін реттеудегі олқылықтар, қаражатты қарызға алуға деген шектеулер, статистикалық деректер мен әдіснаманың жетілмегендігі және басқалары. 

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей халықтың қалаларда шоғырлануы, «білім экономикасы» секторларының дамуы неғұрлым жоғары еңбек өнімділігін (қалған аумақтарға қарағанда 20-50%-ға жоғары) қамтамасыз етеді. 

«Агломерациялар мың тұрғынға есептегенде жұмыс орындарының жыл сайынғы өсу көрсеткіші бойынша елдің өзге де аумақтарынан алда келеді. Дамыған экономика және агломерациялардың әлеуметтік ортасы көптеген мемлекеттерде (20 ең ірі агломерацияның 15-інде) агломерациялар халқының жалпы ел бойынша қарағанда тез өсуіне ықпал етеді. Қазақстандық қалалар-агломерация орталықтары үшін — бұл таланттар, инвестициялар және тағы басқалары үшін бәсекелестіктің күшею мәселесіболып табылады», - деп толықтырды Қайсар Нығметов.

Мысалы, Еуразия макроөңірі ауқымында Алматы үшін бәсекелес қалалар Үрімші мен Бішкек; Ақтөбе үшін – Орынбор, Саратов, Самара, Қазан; Нұр-Сұлтан үшін – Омбы, Челябинск, Новосібір, Екатеринбург; Шымкент үшін – Ташкент болады, деп қорытындылады ERI сарапшысы.

 

Қазақстан Президенті 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында қалалық агломерацияларды дамыту туралы заңды әзірлеу қажеттігін атап өтті. 

 

Telegram-да сарапшының пікірін оқу

Сондай-ақ мынаны оқыңыз: Мемлекет басшысы Қазақстан халқына үшінші Жолдауын ұсынды 



Қарау саны: 5529
Сақталған: 30.10.2024






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!