ҚР Тұңғыш Президенті күні
01.12.2021
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні елімізде 2012 жылдан бастап жыл сайын қыстың бірінші күні атап өтіледі.
1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Қазақ КСР Президенті лауазымын бекітті. Нұрсұлтан Назарбаев республиканың Жоғарғы Кеңесінің сессиясында Қазақстан тарихындағы тұңғыш Президент болып сайланады.
2011 жылғы желтоқсанда ҚР Парламенті Сенатының пленарлық отырысында "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" ҚР Заңына толықтырулар енгізу туралы" заң қабылданды. "ҚР Тұңғыш Президенті Күні" мемлекеттік мерекесі Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел алдындағы ерен еңбегін атап өту және мойындау мақсатында құрылған. Мереке күнін таңдаудың тарихи алғышарты мен негізі — Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1991 жылғы 1 желтоқсанда алғашқы бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде Қазақ КСР Президенті лауазымына қайта сайлануы. Нұрсұлтан Назарбаев жалғыз кандидат болды және сайлаушылардың 98,7% дауысымен жеңіске жетті. Тұңғыш Президенттің алғашқы қадамдарының бірі-1991 жылғы 10 желтоқсанда Қазақ КСР-ін Қазақстан Республикасы деп қайта атау туралы Заңға қол қою. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады, бұл Қазақстанның егемен мемлекет ретінде жариялануын білдірді. 2010 жылғы 15 маусымда қайта қабылданған "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы" Конституциялық заң негізінде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Елбасы мәртебесі берілді. 2011 жылғы 3 сәуір – президенттік сайлау қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті болып қайта сайланды (сайлаушылар дауысының 95,55%). 2015 жылғы 26 сәуір – кезектен тыс сайлауда Қазақстанның қазіргі Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тағы да сенімді жеңіске жетті. 2019 жылғы 19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев өз еркімен Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдады. 2019 жылғы 20 наурыздан бастап Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы болып табылады. "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы" ҚР Конституциялық заңына сәйкес Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының құрметті төрағасы болып табылады, ҚР Қауіпсіздік Кеңесін басқарады, ҚР Конституциялық Кеңесінің құрамына кіреді.
Сондай-ақ ол Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі Кеңестің Төрағасы, Назарбаев Университетінің, Зияткерлік мектептердің және Қордың Жоғары қамқоршылық кеңесінің төрағасы болып табылады.
Қарау саны: 5646 |
|
|