Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба
Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны ҚР Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен (Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Сауда және интеграция министрлігі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі) бірлесіп әзірледі.
Ұлттық жоба келесілерді назарға алған:
— жұмыспен нәтижелі қамтылуды арттыру мақсатында шағын бизнесті дамыту;
— орта бизнесті нығайту — экономика салаларын әртараптандырудың драйвері;
— кәсіпкерлік субъектілері үшін тең жағдай жасау үшін бәсекелестікті кешенді дамыту.
Ұлттық жоба 4 негізгі бағыт бойынша 10 мәселені шешуге бағытталған:
- кәсіпкерлік белсенділікті арттыру;
- кәсіпкерлердің өсуін жеделдету;
- жаңа тауашаларды қалыптастыру;
- бәсекелестікті кешенді дамыту.
I бағыт кәсіпкерлік белсенділікті, оның ішінде ауылдық жерде арттыруға бағытталған іс-шаралар кешенін көздейді. Өз ісін ашу үшін жағдай жасау, кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне, оның ішінде субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы дағдыларды дамыту бойынша шараларды қамтиды.
Халық арасында бизнес-құзыреттіліктікті арттыру үшін кәсіпкерлік дағдыларға оқыту мүмкіндігі берілетін болады. Бұл шара 150 мың жұмыссыз және өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған азаматтарды қамтитын болады.
Қаржылық емес қолдау шараларын алған кәсіпкерлік субъектілердің саны 637 940 бірлікті құрайды. Сондай-ақ 995,3 мың жұмыс орны құрылады, оның ішінде тұрақты жұмыс орындары — 335,1 мың, уақытша жұмыс орындары – 660,2 мың.
II бағыт кәсіпкерлердің өсуін жеделдетуді көздейді. Ол бойынша кәсіпкерлерге әкімшілік жүктемені айтарлықтай төмендету жоспарлануда.
2025 жылға дейін мемлекеттік реттеудің барлық құралдары (талаптар, рұқсаттар, есептілік, мемлекеттік бақылау) қайта қаралатын болады. Сондай-ақ, есептілікті мемлекеттік органдардың тексеру жүйесімен интеграциялау қамтамасыз етілетін болады.
Мемлекеттік қызметтердің бизнес үшін қолжетімділігі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін «Бизнеске арналған үкімет» порталымен біріктіру арқылы іске асырылатын болады.
Барлық жоспарланған шараларды іске асыру бизнеске жүктемені түбегейлі азайтуға және жаңа экономикалық жағдайдағы іскерлік белсенділікті дамытуға қуатты серпін беруге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Кәсіпкерлердің өсуі мен дамуы үшін мүмкіндіктерді кеңейту үшін бизнесті белсенді мемлекеттік қолдау жалғастырылатын болады.
Қаржылық қолдау бизнестің санаты мен оның қажеттіліктерін ескере отырып ұсынылатын болады.
Микробизнес субъектілері үшін микронесиелер мен гранттар берілетін болады.
8,6 мыңнан астам азамат өз ісін ашу және дамыту үшін микронесиелерге қол жеткізе алатын болады. 50 мыңнан астам жас кәсіпкер жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттарға қол жеткізе алады. Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан 50 мың азамат өзінің кәсіпкерлік әлеуетін ашу үшін гранттар ала алады.
Шағын және орта бизнес субъектілері үшін сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау және несиелер бойынша кепілдік беру сияқты қаржылық ынталандыру шаралары қолжетімді болады.
Ұлттық тауар өткізу желісін қалыптастыру бойынша жұмыс жалғасатын болады.
2025 жылға қарай жоспарланған:
- бөлуде, саудада және сақтауда мамандандырылған 24 КҮО құру;
- 5 трансшекаралық сауда орталығын құру/жаңғырту;
- 103 сауда объектісін стационарлық форматқа жетілдіру.
Жаңа тауашаларды қалыптастыру жөніндегі III бағыт туризмді дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған бірқатар шараларды көздейді.
Қазақстанның туристік әлеуетін ашу мақсатында мыңдаған инвестициялық жобаларды (оның ішінде орналастыру орындары, туристік кешендер, тақырыптық парктер, визит-орталықтар) іске асыру және жол бойындағы сервис желісін дамытуды қамтамасыз ету жоспарланған.
Нәтижесінде, 2025 жылға қарай туризм саласының ЖІӨ-дегі көлемі 1,5 есеге (2019 жылдың көрсеткіштеріне қарағанда), салаға жеке инвестициялар көлемі 3 еседен астамға өсетін болады. Ішкі туристік ағын 4,5-тен 8 млн адамға дейін, сырттан келетін туристер саны 1 млн-нан 3 млн адамға дейін артады (2019 жылдың көрсеткіштеріне қарағанда).
«Сапарлар» жіктемесі бойынша қызметтер экспорты 6,5 есе 3 млрд долларға дейін өседі.
Сондай-ақ гидтер мен экскурсия жетекшілері қызметін 95%-ға дейін цифрлау, туристік бағыттарды мобильді байланыспен қамтуды 1,8 есеге ұлғайту, орналастыру орындарының 95%-ын E-QONAQ ақпараттық жүйесімен қамту жоспарлануда.
IV бағыт — бәсекелестікті кешенді дамыту— үш міндетті іске асыру арқылы қамтамасыз етілетін болады.
1. Баға белгілеудің бұрмалануын жою арқылы электр энергетикасы саласындағы нарықтарға қолжетімділікті қамтамасыз ету.
Бұл міндет бәсекелес орталықтандырылған сауда-саттықта электр энергиясын сату көлемін ұлғайту, электрмен жабдықтау тарифтерін саралауды алып тастау және электр энергиясын жеткізушіні ауыстыру үшін онлайн-платформаны (marketplace) енгізу жөніндегі шараларды қамтиды.
Нәтижесінде орталықтандырылған сауда-саттықта электр энергиясын сату үлесін сатудың жалпы көлемінен 30%-ға дейін ұлғайту, сондай-ақ электр энергиясымен жабдықтау қызметтеріне тұтынушылар топтары арасындағы айырманы кезең-кезеңімен қысқарту және тарифтерді саралауды алып тастау күтілуде. Бұл бюджетке жыл сайынғы шығындарды 20 млрд теңгеге дейін, ШОБ үшін – 31 млрд теңгеге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, электр энергиясының баламалы жеткізушілеріне ауысқан тұтынушылардың үлес салмағын 10 есе арттыру көзделген.
2. «Негізгі қуатқа» қолжетімділікті қамтамасыз ету және баға белгілеудің бұрмалануын жою шеңберінде биржалық сауданы дамыту.
Бұл міндет биржалық сауда-саттық көлемін ұлғайту, биржадан тыс мәмілелердің кемінде 50%-ын тіркеу, ашық биржалық баға белгілеулерді қалыптастыру, сондай-ақ биржалық сауда тәртібін реттеу арқылы іске асырылатын болады.
2025 жылға қарай бензин, дизель отыны, авиакеросин, битум, сұйытылған мұнай газ нарықтары биржалық саудамен қамтылатын болады.
3. Экономикадағы мемлекеттің үлесін төмендету.
Сондай-ақ, 20 монополиялық операторды тарату және қайта ұйымдастыру көзделген. 2025 жылға қарай бірыңғай операторлар саны 1,6 есеге — 30 бірлікке дейін қысқартылатын болады.
Бәсекелестікті кешенді дамыту мемлекеттің экономикадағы үлесін 2025 жылға қарай 14%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі шамамен 8,5 трлн теңгені құрайды, оның ішінде республикалық бюджеттен 1 трлн-нан астам теңге, жергілікті бюджеттерден 125 млрд теңге көзделген.
Сондай-ақ, 7,3 трлн теңге көлемінде жеке инвестициялар тарту көзделіп отыр.
Ұлттық жобаны іске асыру нәтижелері бойынша келесідей стратегиялық көрсеткіштерге қол жеткізу жоспарлануда:
— ЖІӨ-дегі ШОК үлесін 35%- ға дейін ұлғайту — 995,3 мың жұмыс орнын құру;
— мемлекеттің экономикадағы үлесін 14%-ға дейін төмендету.
Ұлттық жоба Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын және «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасын іске асыру мақсатымен қалыптастырылды.