Тұрақты даму мақсаттары:
11.03.2022
Тұрақты даму мақсаттары: қашан, қалай пайда болды?Қай ғасырда да елдің дамуын ондағы халықтың әл-ауқатының деңгейімен бағалайды. Адамдардың әл-ауқатының жоғары деңгейі туралы айтқанда қандай елдер ойға келеді? Әрине, экономикасы қарыштап дамыған, халқының табыс деңгейі жоғары ел. Сондықтан көп жылдар бойы әлем елдері экономиканы дамыту дегенді көбінесе пайданы арттырумен және әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің мәндерімен байланыстырып келді. Біздің елде де солай. Алайда бұл дамудың берік іргетасын қалай алмайды. Тек қана экономикалық көрсеткіштердің өсу динамикасы тұрақты даму бола алмайды. Әртүрлі ресурстардың орнының толуына, бір бағыттағы дамудың екінші бір бағытта дамуына зиян келтірмейтіндей даму ғана тұрақты даму болмақ. Мысалы, тұрақты түрде қымбат өнім өндіретін өндіріс қанша көп пайда әкелсе де, ол қоршаған ортаға зиян келтіретін болса, ол адам денсаулығына зиян келтіреді. Олай болса, оны тұрақты даму деп айта алмаймыз. Өйткені ол экономикалық дамуға үлес қосқанымен, әлеуметтік және экологиялық мәселелер тудырады. Олай болса, тұрақты даму әлеуметтік-экономикалық міндеттер мен қоршаған орта мәселелерін тепе-теңдікті сақтай отырып, шешуді білдіреді. Тұрақты даму стратегиясы экономикалық өлшем, экологияны сақтау және әлеуметтік жауапкершілік деген үш түрлі фактордың үйлесім табуы болмақ. Тұрақты даму жөнінде қашан айтыла бастады?Табиғи ресурстардың шектеулі екендігі және оны ысырыптап пайдалануды шектеу жөніндегі ойларды ежелгі философтар да, қазақ ойшылдары да айтқан. Қазақтың «Судың да сұрауы бар» деген мақалы осының дәлелі. Ал ғылыми жағына келсек, алғаш тұрақты даму жөніндегі түсінік XVIII ғасырда өмір сүрген ағылшын экономисі Томас Роберт Мальтустың еңбектерінде кездеседі деген пікір бар. Мальтус өз еңбегінде ресурстардың санын арттыру қолға алынбаса, әлем болашақта аштық, соғыс, экологиялық апат сияқты қиындықтарға тап болуы мүмкін екендігін айтқан. Алайда тұрақты даму мәселесіне тек 1960-1970 жылдардан бастап, нақты мән беріле бастады. 1972 жылы «Римдік клуб» деп аталатын халықаралық ұйым «Өсу шегі» деген баяндама жасады. Ол баяндамада математикалық модель арқылы табиғи ресурстардың құрып кету қаупін көрсете отырып, ары қарай тұрақты дамудың жолдарын көрсеткен екен. Баяндамада берілген сценарийлердің басым бөлігі адамзаттың экологиялық, демографиялық және әлеуметтік дамуға жауапкершілікпен қарау қажеттілігін көрсеткен. Тұрақты даму мақсаттары қалай пайда болды?2015 жылға дейін әлем елдері «Мыңжылдықтың даму мақсаттары» деген жобаны жүзеге асырған болатын
«Мыңжылдықтың даму мақсаттары» негізінен әлеуметтік және экологиялық, ынтымақтастық саласындағы 8 мақсатты қамтыды. Әр мақсат бойынша нақты индикатор анықталды. 2015 жылы алға қойған міндеттер ойдағыдай орындалды. Алайда әлем алдында экономикалық және әлеуметтік дамудың барлық саласын қамти отырып, қоршаған ортаға зиян келтірмейтіндей даму жолына түсу міндеті тұрған еді. Сондықтан Біріккен Ұлттар Ұйымының құрамындағы 193 ел бірлесіп отырып, «2030 жылға дейінгі Ғаламдық күн тәртібін» қабылдады. Оны қысқаша «Тұрақты даму мақсаттары» деп атайды.
Тұрақты даму мақсаттарының саны – 17. Олар әлеуметтік, экологиялық, экономикалық салаларды қамтиды. Сондай-ақ, мақсаттардың бір-бірімен байланысына ерекше мән берілген. Сондықтан 17-тұрақты даму мақсаты «Тұрақты даму үшін серіктестік» деп аталады. Тұрақты даму мақсаттарының аясында 169 түрлі міндет, 232 индикатор қарастырылған. Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға кімдер жауапты?Тұрақты даму мақсаттарының негізгі қағидасы «Ешкімді назардан тыс қалдырмау». Еліміздегі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы тұрақты даму мақсаттарына толығымен сай келеді деуге болады. Тұрақты даму мақсаттарының қағидасынан оған қол жеткізуге жауапкершілік тек Үкіметке жүктелмейтінін байқауға болады. Ғаламдық мақсаттарға қол жеткізу жолында елдегі азаматтық сектор, бизнес ғана емес, әр адамның белсенді қатысуы аса маңызды. Сонда ғана біз болашақ ұрпаққа қажет ресурстарды үнемдей отырып, тұрақты даму жолына қол жеткізе аламыз. Тұрақты даму мақсаттары бойынша елдер БҰҰ-ға есеп бере ме?Тұрақты даму мақсаттары БҰҰ тарапынан берілген бағыт – бағдар болып табылады. Сондықтан әр ел өздері үшін өзекті болып саналатын міндеттер мен индикаторларды бекітіп ала алады. Тіпті мақсаттарды толықтыру бойынша да шешім қабылдауға болады. Әрбір ел даму деңгейін ескере отырып, индикаторлардың болжамдық мәнін өзі анықтайды. Әлем елдеріне қойылған ортақ мақсатты меже жоқ. Сондықтан елдер мақсаттардың орындалуы немесе индикаторлар бойынша болжамға қол жеткізу жөнінде БҰҰ-ға есеп беруге міндетті емес. Алайда елдер Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жолындағы жетістіктері және қиындықтарын талқылау үшін «Ерікті ұлттық шолу» деп аталатын құжат дайындап, баяндайды. Бұл құжат жыл сайын БҰҰ Жоғары деңгейдегі саяси форумында талқыланады. Қазақстан 2019-жылы алғаш рет Ерікті ұлттық шолуды ұсынған болатын. Еліміз екінші Ерікті ұлттық шолуды 2022 жылы ұсыну жөнінде ниет білдіріп отыр.
Қарау саны: 5429 |
|
|