ТДМ: 3-мақсат

08.04.2022

Тұрақты даму мақсаттары: 3-мақсат. Салауатты өмір салтын қамтамасыз ету және кез келген жаста барлығының амандығына жәрдемдесу


Жол-көлік оқиғасынан зардап шегуді азайту міндеті

Жол-көлік оқиғасы (ЖКО) салдарынан болатын өлім-жітім мен жарақаттар санын азайту – Тұрақты даму мақсаттарында (3-ші ТДМ «Сауаматты өмір салтын қамтамасыз ету және кез келген жаста барлығының амандығына жәрдемдесу») көзделген міндеттердің бірі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметі бойынша әлемде жыл сайын жол-көлік апаты салдарынан шамамен 1,3 млн адам қаза тауып, 50 млнға дейін адам әртүрлі, көбінесе мүгедектікке душар ететін жарақаттар алады. Жол-көлік жарақаты 5 пен 29 жас аралығындағы балалар мен жастар арасындағы өлім-жітімнің жетекші себебі болып отыр. Сонымен бірге көптеген елдердің жол-көлік оқиғалары салдарынан шеккен зияны олардың жалпы ішкі өнімінің 3% құрайды екен (cарапшылардың пайымдауынша ЖКО-дан Қазақстан жыл сайын 200 млрд тенге (ЖІӨ-дан 2%) зиян шегедi).


БҰҰ-ның мәлімдеуінше соңғы 20 жыл ішінде осы мәселе бойынша атқарылған қыруар жұмысқа қарамастан жағдай өзгерер емес. Егер де жағдай осылай жалғасын таба беретін болса, әлем елдерінің, оның ішінде  әсіресе табыс деңгей төмен және орташа елдердің тұрақты дамуына үлкен кедергісін келтіреді.


2021 жылы қазанда, БҰҰ Бас ассамблеясының 2020 жылдың қыркүйегінде қабылдаған қарарына сәйкес, 2021-2030 жылдарға арналған жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша екінші онжылдық іс-қимылдардың жаһандық жоспары жарияланды[2]. Жоспардың басты мақсаты – 2030 жылға дейін жол-көлік оқиғасы салдарынан болатын өлім-жітім мен жарақаттар санын кем дегенде 50%-ға азайту. Жаһандық жоспар барлық мемлекеттер үшін жол қозғалысы қауіпсіздігінің ұлттық бағдарламаларын құру және онжылдықтың мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу үшін жетекші құжат қызметін атқарады. Оның тікелей немесе жанама түрде көптеген ТДМ-ды жүзеге асыруға да ықпалы зор.


Қазақстанға келер болсақ, елімізде 2021 жылы 13 940 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 20 366 адам зардап шеккен. 2015 жылмен салыстырғанда оқиға саны 26,2%-ға, ал зардап шеккендер 23,2%-ға азайған. Дегенмен ЖКО саны мен оның салдарынан жарақат алғандар едеуір азайғанымен өлім-жітім көрсеткіштерінде елеулі өзгеріс байқалмайды.

1-кесте. Жол-көлік оқиғасынан (ЖКО) зардап шеккендер саны, Қазақстан, 2015-2021 жылдар

Жыл

Барлық

ЖКО саны

Зардап шеккендер

Жараланғандар

Қайтыс болғандар

Барлығы

%-бен

Барлығы

%-бен

Ерлер

Әйелдер

Ерлер

Әйелдер

2015

18 890

26 508

24 055

54,1

45,9

2 453

74,0

26,0

2016

17 974

25 779

23 389

52,6

47,4

2 390

72,1

27,6

2017

17 019

24 342

22 256

53,5

46,5

2 086

71,1

28,7

2018

15 821

22 541

20 445

53,2

46,8

2 096

72,7

27,1

2019

16 614

24 585

22 180

53,8

46,2

2 405

72,2

27,8

2020

13 515

19 841

17 844

55,8

44,2

1 997

74,7

25,3

2021

13 940

20 366

18 096

54,0

46,0

2 270

73,1

26,9


Жыл сайын шамамен 2 мыңнан астам адам ЖКО салдарынан қайтыс болуда (кестені қараңыз). 2021 жылы олардың саны 2 270 адамды құрады (жазатайым жағдайдан, уланудан және жарақаттан өлгендердің жалпы санынан 18,4%), оның ішінде басым көпшілігі ерлер (73%).  Яғни қайтыс болғандар арасында ерлердің саны әйелдерден 3 есе көп. Сонымен бірге жол-көлік оқиғаларынан балалар да көптеп зардап шегуде. 2020 жылы ЖКО салдарынан 0-17 жас аралығындағы  2 956 бала жараланып,  184 бала қайтыс болған.

2021 жылы 100 000 адамға шаққандағы ЖКО салдарынан орын алған өлім-жітім көрсеткіші 2015 жылға қарағанда 14-тен 12-ге түскен. Алайда 2017, 2018 және 2020 жылдармен салыстырар болсақ біршама көтерілгенін байқаймыз (суретті қараңыз).


1-сурет. Жол-көлік апатынан қаза тапқандар (100 000 адамға шаққанда), Қазақстан, 2015-2021 жылдар


Қазақстандағы ЖКО салдарынан орын алған өлім-жітім деңгейі жалпы әлемдік көрсеткіштен төмендеу болғанымен ең төмен көрсеткішке қол жеткізген елдермен салыстырғанда кем дегенде  4-5 есе жоғары болып отыр. Мысалы, төменгі көрсеткішпен көзге түсіп отырған Еуропаның бес елінде 2018-2019 жылдардағы мәлімет бойынша осы себептен 100 000 адамға шаққандағы өлім-жітім жағдайы 3-тен аспаған: Норвегия – 2,0, Швейцария – 2,7, Ұлыбритания – 2,8, Ирландия – 2,9 және Дания – 3,0.


Еліміздегі жол-көлік оқиғасының негізгі бөлігі жаяу жүргіншілерді соғып кету (35,8%, 2020 ж.) мен көлік құралдарының соқтығысуына (39,3%, 2020 ж.) келеді екен. Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері өзгеріссіз қалуда. 2020 жылы 27,3% ЖКО жылдамдықты арттыру нәтижесінде орын алған. Одан бөлек  3,5% қарсы қозғалыс жолына шығуға, 4,2% жаяу жүргіншілердің жолдардың белгіленбеген бөліктерінен өтуіге, 2,1% алкогольге немесе есірткіге мас күйде көлік құралдарын  басқару нәтижесінде орын алған оқиғаларға, 62,9% басқалай себептерге келеді.


Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жол-көлік оқиғасы мен одан зардап шеккендер санын азайту еліміздің алға қойған маңызды міндеттерінің бірі болып табылады. 2025 жылға дейін ЖКО салдарынан орын алатын өлім-жітім деңгейін азайту міндеті «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасында көрініс тапқан. Жергілікті деңгейде де әртүрлі бастамалар мен жобалар қолға алынып, жұмыс жүргізіліп жатыр. Мысалға Алматы мен Павлодар қалаларында Швециядан бастау алып, басқа да бірқатар елдерде оң нәтиже көрсеткен «Vision Zero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасын негізге ала отырып өз бағдарламаларын әзірлеп, жүзеге асыруда.


Павлодар қаласында ERG компаниясының қолдауымен жүзеге асырылатын «Vision Zero Pavlodar» жобасында 36 түрлі қадам қамтылған. Оның ішінде 2022 жылы қала көшелерін жөндеу жобаларын жақсарту да бар. Алматы қаласында 2019 жылы дайындалып бекітілген «Vision Zero Almaty» іс-қимыл жоспары 2023 жылға дейінгі мерзімді қамтиды.


Соңғы жылдары Қазақстан жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында елеулі нәтижелерге қол жеткізгенімен 2030 жылға дейін әлі де көп жұмыс күтіп тұр. Оның ішінде әсіресе жол-көлік оқиғасынан зардап шегуді азайту мәселесі ерекше көңіл бөлуді қажет етеді.




Қарау саны: 4888
Сақталған: 08.04.2022






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!