ТДМ: 6-мақсат

03.06.2022

Тұрақты даму мақсаттары: 6-мақсат. Су ресурстары мен санитарияның барлығы үшін болуы мен тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету

 

Ауыз су мен кәріз жүйесіне қолжетімділіктің болмауы бүкіл әлемде өлімнің басты себебі болып табылады. Қазіргі уақытта 2,2 миллиард адам немесе әлем халқының 29%-і қауіпсіз ауыз суға, ал 4,2 миллиард адам немесе әлем халқының 55%-ы қауіпсіз санитарияға қол жеткізе алмай жүр[1].

Алайда, Біріккен Ұлттар Ұйымының дүниежүзілік су ресурстарының жағдайы туралы соңғы баяндамасында (2020 жыл)[2], климаттың өзгеруі ауыз су мен санитария мәселелерін одан ары ушықтыруы әбден ықтимал. Әсіресе, қазіргі таңда дауылдан, су тасқынынан, құрғақшылықтан және су тапшылығынан зардап шегіп жатқан елдердің жағдайы өте ауыр болуы мүмкін. Бұған қоса, соңғы ғасырда суды тұтыну мөлшері 6 есе өсті және жыл сайын бұл көрсеткіш шамамен 1% артып келе жатыр. Егер біз БҰҰ болжамдарын ұстанатын болсақ, онда 2050 жылы Жер тұрғындарының саны 9,7 миллиард адамға жетуі керек, ал бұл болса климаттың өзгеруінің әсерімен бірге ресурстардың (әсіресе ауыз су) сұранысына алып келеді[3].


Қазіргі таңда Қазақстан су тапшылығы, су күйзелісі бойынша Азия бойынша Бангладеш, Үндістан, Қытай және басқа елдерден кейін 8-орында тұр. Әлемдік Ресурстар Институтының деректері бойынша Орталық Азия өңірі елдері күйзелістің жоғары деңгейіне жатады, бұл ретте Қазақстан орташа жоғары деңгейге жатады[4].


Жалпы, Қазақстандағы тұщы судың жалпы қоры 429 текше км деп бағаланады. Өзен ағыны ресурстарының нақты көрсеткіштері жылына 90-100 текше км құрайды, оның ішінде жылына 50,8 текше км – жергілікті ағын, ал жылына 49,2 текше км трансшекаралық өзендер арқылы Қытайдан, Орталық Азия елдерінен және Ресейден келеді[5], яғни келер судың тең жартысы көрші елдерге тәуелді болып отыр. Бұған қоса, Қазақстанда суды қолдану тиімділігі ерекше назар аударуды қажет етеді, мәселен 2020 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығындағы су шығынының көлемі 3,1 текше км немесе жиналған судың 20%-ын құрап отыр. Мысалы, сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда 100 мың гектар алқапта күріш өсіріледі және оны суаруға шамамен 3,5-4 миллиард текше метр су жұмсалады[6].


Сондықтан, аталған мәселелерді шешуге әлемде кеңінен қолданып жүрген тамшылатып суару технологиясын енгізу қажет, себебі бұл әдіс су шығынын ондаған есе азайтуға мүмкіндік береді, ал үнемделген текше метр құнды су ресурстарын басқа да дақылдарды өсіруге, оның ішінде мал азығына және еліміздің экономикалық қажеттіліктеріне бағытталуы тиіс.


Бұл технологияның алғышарттары көптеген дамыған елдерде қолдануда, мысалы, Израиль аумағының 60%-ын шөл алып жатыр, сәйкесінше су ресурстары өте шектеулі, негізінен жауын-шашын суларын жинау және теңіз суын тұщыландыру есебінен қалыптасады. Дегенмен бұл елдің ауыл шаруашылығы мен су ресурстарын тиімді қолдану технологиялары әлем деңгейінде дамыған салалардың бірі. Мәселен, тамшылатып суару, жетілдірілген фильтрация, желілерден судың ағып кетуін анықтаудың озық әдістері, жаңбыр суын жинау және тазарту, жоғары құнды ауыл шаруашылық дақылдарды өсіру, жер асты суларды қайта пайдалану, суаруды компьютерлендіру және қашықтан басқару және т.б. технологиялары тиімді қолданылады. Соның есебінен Израильдің барлық су ресурстарының тек 58%-ы ауыл шаруашылығында қолданылады (әлемдік орташа бұл көрсеткіш 70-90%)[7].

 



[4] "Жасыл экономика" және G-Global-ды дамыту коалициясы, https://greenkaz.org/

[5] "Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің 2021 жылдың 11 айындағы қызметі туралы анықтамалық ақпарат" есебі

[7] статья «Водные ресурсы Израиля: опыт освоения». Авторы: Николай С. Орловский, Игорь С. Институт изучения пустынь им. Блауштейна Университета Негев им. Бен-Гуриона, Израиль



Қарау саны: 4499
Сақталған: 24.11.2024






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!