ТДМ: 8-мақсат

01.07.2022

8-мақсат. Өршіл, жан-жақты және тұрақты экономикалық өсімге, баршаның толық және нәтижелі жұмыспен қамтылуына және лайықты  жұмысына жәрдемдесу

Экономика өсімі өмір сапасының артуына тікелей ықпал етеді. Бұл мәселе әлемдегі дамушы елдерге де, дамыған елдерге де аса маңызды болып қала бермек. Алайда экономикалық өсім үнемі тұрақты болу қажет.

Әр адам өзінің өміріне толық көңілі толуы үшін оның табысы тұрақты болуы аса маңызды. Тұрақты табыс болуы үшін жай ғана жұмыс орны емес, адамның өзіне қажет заттар мен қызметтерін сатып алуына жеткілікті табысы болуы қажет. Ол үшін әркімнің мүмкіндігіне, қабілетіне сай жұмыс орны болу қажет. Сонымен қатар жұмыс сапасы мен еңбек өнімділігін арттыру қажет. Соңғы 15 жылда әлемде еңбек өнімділігі айтарлықтай төмендеп, өмір сүру сапасы мен жалақы деңгейіне кері ықпал етті. Жалпы сапалы жұмыс орындарын ашу мен еңбек өнімділігін арттыру – дамушы елдер үшін де, дамыған елдер үшін де ең қиын мәселелердің бірі болып қалуда. Сондықтан тұрақты дамудың 8-мақсаты экономикалық өсім және лайықты жұмыс орындарының мәселесіне арналды. 2030 жылы әлем елдеріндегі еңбекке қабілетті халықтың бәрі жеткілікті табыс көзі болатын, қауіпсіз, отбасының әлеуметтік кепілдігін қамтамасыз ететін, жеке адамның дамуына мүмкіндік беретін жұмыспен қамтылуға тиіс


Қазір әлем пандемияға байланысты дағдарыс салдарын жоюға арналған шараларды қолға алуда. Алайда халықтың табысындағы теңсіздік азаймай отыр. Жұмыс орындары әлі де барлығына жетпейді. Жыл сайын әлемдегі еңбекке қабілетті халыққа ондаған миллиондаған жұмыс орны қажет болып жатады. Халықаралық еңбек ұйымының деректеріне сүйенсек, 2020 жылы әлемдегі жұмыссыздық деңгейі 6,5%-ды құраған.


Алайда жұмыс орнының болуы жеткілікті табыс табуға мүмкіндік бермеуі де мүмкін. Әлемде
жұмысы бар 780 млн. әйел мен ер азамат кедейлікті жеңуге жеткілікті табыс таппайды екен.


Қазір әлем халқының жартысына жуығы кедейлікті бастан кешуде. Олардың күнделікті шығындары шамамен 2 АҚШ долларын құрайды.


Халықаралық еңбек ұйымы 2022 жылы жұмыссыздар саны 207 млн адамға жетеді деген болжам жасаған. Сондай-ақ, көптеген жерде жұмыс орындарының болуы кедейліктен құтылу жолы бола алмай отыр. Сондықтан 8-тұрақты даму мақсатын іске асыру елдердің әлеуметтік-экономикалық саясатын және қолға алған шараларын қайта саралауды қажет етеді.


Тіпті жақсы дамыған елдердің өзінде қазір жалпы ішкі өнімді және жұмыссыздықты жоспарланған деңгейде ұстап тұру қиын.


Әлемдегі жұмыссыздар саны күн санап өсуде. Ал олардың арасында айтарлықтай бөлігі – жастар. Сол себепті сапалы жұмыс орындарын ашу кез-келген ел үшін оңай міндет болмай отыр. Алдын-ала жасаған есеп бойынша 2016-2030 жылдар аралығында әлемдегі жаңа еңбек нарығына жаңадан қосылатын 470 миллион адамға жұмыс орындары қажет болады.


Қазақстанды да бұл мәселелер айналып өтпейтіні белгілі. Сондықтан елде жүйелі түрде шаралар қолға алынып келеді. Бүгінгі күні Үкімет тарапынан бірқатар бағдарламалар аясында белсенді шаралар қолға алынуда. Елімізді жаңғыртуға бағытталған әр стратегияда экономикалық дамудың тиімді үлгісі қарастырылуда.

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 651 мың азамат жұмыспен қамтылған екен. Еңбек қауіпсіздігі және қорғау саласында жүйелі түрде қолға алынып келе жатқан шаралар арқасында қауіпсіз жұмыс орындарымен қамтамасыз етуде оң динамика байқалады. Елімізде Қауіпсіз еңбекпен қамтамасыз ету бойынша 2025 жылға дейінгі жоспар жүзеге асырылуда.


Сондай-ақ, халықтың әртүрлі тобының кез-келген жұмысқа араласуына жағдай жасалуда. 2021 жылы Қазақстанда әйелдерге жұмысқа араласуға тыйым салынған мамандықтар тізімі күшін жойды. Демек, енді әйел азаматтар да өзі қалаған барлық жұмыспен айналысуға толық мүмкіндігі бар.


Еліміздің Президенті Қ.Тоқаев әлеуметтік- экономикалық қатерлерді ескере отырып, «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауын жариялады. Жаңа Қазақстан халыққа жайлы өмірді қамтамасыз етуге бастайтын бағыт болуы қажет. Ал ол үшін тұрақты жұмыс, экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етуге әр азамат ат салысу керек.





Қарау саны: 4444
Сақталған: 01.07.2022






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!