ТДМ: 9-мақсат
08.07.2022
9-мақсат. Берік инфрақұрылым құру, ауқымды және тұрақты индустриализация мен инновацияларға жәрдемдесу
Көптеген дамушы елдерде әлі күнге дейін негізгі инфрақұрылым – жолдар, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, кәріз жүйесі, электр энергиясы, сумен жабдықтау жетіспейді. Мысалы, әлем халқының жартысы Интернетке қол жеткізе алмауда, яғни олар онлайн білім алуға, жұмысқа орналасуға, денсаулықты сақтау мен санитарлық кеңестерді алудан шет қалуда.
Инклюзивті және тұрақты индустрияландыру, инновациялар мен инфрақұрылым кез-келген елдің бәсекеге қабілетті экономикалық әлеуетін арттырады, халықаралық сауданы жеңілдетеді, тұрақты жұмыс орындарын ашып, ресурстарды тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді.
Әсіресе, инновация мен инфрақұрылым салалары - энергияны, шектеулі табиғат ресурстарын (су, топырақ, орман, пайдалы қазбалар және т.б.) тиімді пайдалану арқылы, экологиялық проблемаларды шешеді.
Сондай-ақ, бұл мақсат өзге Тұрақты даму мақсаттарымен (ТДМ) өзара байланысы бар. Мысалы, индустрияландыру – 8-ші ТДМ «Лайықты жұмыс және экономикалық өсу»; инфрақұрылым - 11-ші ТДМ «Тұрақты қалалар мен елді мекендер» мәселелерімен тығыз байланысты болса, инновация 2-ші ТДМ «Аштықты жою», 6-ші ТДМ «Таза су мен санитария» және 7-ші ТДМ «Қолжетімді әрі таза энергия» мәселелерін дамытуға көмектеседі.
Кез-келген елдің инновациялық және индустриалдық әлеуеті — нарықтағы адами ресурстардың біліктілігіне, инфрақұрылымның сапасына және мемлекеттің инновацияларға жұмсайтын қаражатына тікелей байланысты.
Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, әлем елдерінің инновацияларға жұмсайтын шығыстары 2,03%-дан (2012 ж.) 2,2%-ға (2018 ж.) дейін өсті. ЭЫДҰ елдерінде де инновацияларға бағытталған шығыстар 2,27%-дан (2012 ж.) 2,68%-ға (2020 ж.) ұлғайған. Инновацияға арналған шығыстар бойынша әлемдік көшбасшы елдер - Израиль мен Оңтүстік Корея. Бұл елдердің ЖІӨ-нің 5%-ына жуығы жаңа инновацияларды қолдауға бағытталған. Алайда, Қазақстанда инновацияларға бағытталған шығыстар теріс үрдіске ие, мәселен 6 жыл ішінде инновацияларға бағытталған қаражат көлемі ЖІӨ-нің 0,17%-дан (2012 ж.) 0,12%-ға (2018 ж.) қысқарған.
1-сурет. Кейбір дамыған елдер мен Қазақстанның инновациялық шығындары, ЖІӨ-нің % (2012-2018 ж.). Дереккөзі: Дүниежүзілік банк
Сонымен қоса, БҰҰ мәліметі бойынша дамушы елдердің әлемдік өнеркәсіптегі үлесі жыл сайын артуда, яғни соңғы жылдары 15,2%-дан (2005 ж.) 16,3%-ға (2017 ж.) дейін өсті.
Ел өнеркәсібінің өсуі, басқа салаларда жұмыспен қамту мәселесін шешеді. Мысалы, өнеркәсіпте ашылған 1 жұмыс орнына басқа салаларда 2,2 жұмыс орны ашылады. Сондықтан, өнеркәсіп және өңдеумен айналысатын шағын және орта кәсіпорындар әлемдегі бизнестің 90%-ын құрап, жұмыс орындарының 50-60%-ын қамтамасыз етеді.
Алайда, дамушы елдерде ауыл шаруашылығы өнімдерінің 30% ғана өнеркәсіптік өңдеуден өтеді (табысы жоғары елдерде бұл көрсеткіш 98% құрайды). Бұл дамушы елдердің ауыл шаруашылығында үлкен мүмкіндіктері бар екенін көрсетеді.
Қазақстанда, ауыл шаруашылығы мен өндірісті дамыту әлеуеті жоғары. Мысалы, халықаралық ұйымдардың есептеулері бойынша, Қазақстанда пайдаланылатын егістік алқаптардың 46%-ы (11,5 млн. га) және жайылымдардың 70%-ы экологиялық жағдайына сәйкес органикалық егіншілік пен мал шаруашылығына жарамды (қазіргі таңда ауыл шаруашылығында өңделген 22 миллион гектар жердің 300 мың гектардан астамына органикалық дақылдар егілген).
Қазақстанның өндіріс саласы да дамуда, мысалы 2020 жылы жалпы сомасы 916,8 млрд. теңгені құрайтын 201 жоба іске қосылып, 18,6 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. Жалпы отандық өңдеу өнеркәсібі 2020 жылы 3,9%-ға өсіп, өңдеу өнеркәсібінен түсетін салықтар экономикаға түсетін жалпы салықтардың 23%-ын құрады (2019 жылы – 16%). Еліміздің флагмандық жобаларының бірі – жеңіл көліктер шығару (2019 жылы елімізде 30 мыңға жуық автокөлік шығарылса, 2020 жылы 77 мың автокөлік шығарылды).
Алайда, Қазақстанда инновацияға, индустрияға және инфрақұрылымға бағытталған қаражат жеткілісіз деңгейде, оның бірден-бір себебі - мемлекеттің экономикадағы үлесі өте жоғары. Айта кететін болсақ, елдің ЖІӨ-нің 60%-ға жуығы мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдар меншігіндегі активтерге тиесілі. Сонымен қоса, Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша Қазақстанда холдингтік компаниялар қаражатының көп бөлігі (орта есеппен 80%) тендерлік сатып алулар бәсекеге қабілетсіз түрде ұйымдастырылуда. Сондықтан мемлекеттің экономикадағы үлесі жоғары болуы еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына үлкен кедергі келтіріп, жеке бастамалар мен шағын және орта бизнестің мүмкіндіктерін шектеуде.
Қарау саны: 5315
Сақталған: 08.07.2022
|