ҚР ҰБ базалық мөлшерлеме жоғарылату туралы
03.08.2022
ERI сарапшы: базалық мөлшерлемені көтеру туралы шешім теңгенің басқа валюталарға қатысты бағамына жағымды әсер етті
«ҚР ҰБ-ның басты мақсаты – елдегі баға тұрақтылығын қамтамасыз ету. Ол үшін базалық мөлшерлеме инфляцияның күтілетін қарқынынан сәл жоғары болуы керек. Тиісінше, сауатты экономистер арасында азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар бағасының айтарлықтай өсуіне байланысты базалық мөлшерлемені көтеру туралы шешім болжамды болды», - деп түсіндіреді ERI сарапшысы Тоқтасын Бақберген.
2022 жылдың маусымында жылдық инфляция 14,5%-ға дейін өсті. Оның барлық құрамдас бөліктеріне – азық-түлік тауарларына (19,2%), азық-түлік емес тауарларға (13,2%) және ақылы қызметтерге (9,2%) баға өсіп барады.
«Бұл инфляцияның өсуі, жеткізу тізбегінің бұзылуынан шығындар, сыртқы инфляциялық қысымның артуы, фискалдық ынталандыру арқылы қолдау көрсетілетін жоғары сұраныс және теңгенің құнсыздануы нәтижесінде орын алуда. Алдағы уақытта инфляция деңгейі жоғары болып қалатын болса, 5 қыркүйекте өтетін АНС комитетінің келесі отырысында базалық мөлшерлеменің тағы да көтерілуін күтеміз» - деп толықтырды сарапшы.
Ол сондай-ақ базалық мөлшерлемені көтеру туралы шешім теңгенің басқа валюталарға қатысты бағамына оң әсер еткенін атап өтті. Мәселен, мысалы, 25 шілдеде 1 АҚШ доллары 483,9 теңге, ал 26 шілдеде 475,9 теңге болды, яғни Ұлттық валюта 8 теңгеге нығайды. Бұл қысқа мерзімді перспективада ұлттық валютадағы активтердің тартымдылығын арттыруға мүмкіндік берді.
Базалық мөлшерлеменің пайыздық дәлізі +/- 1,0 пайыздық тармақты құрайды. Осылайша, өтімділікті қамтамасыз ету бойынша тұрақты қолжетімділік операциялары бойынша мөлшерлеме 15,5%, ал өтімділікті алу бойынша тұрақты қолжетімділік операциялары бойынша – 13,5% болады.
«Бұл бізге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесін көтергеннен кейін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКҚ) депозиттік шоттар бойынша мөлшерлемелерді көтеретінін түсінуге мүмкіндік береді», — қорытындылады Тоқтасын Бақберген.
Қарау саны: 3969 |
|
|