ТДМ: 12-Мақсат
12.08.2022
12-Мақсат. Тұтыну мен өндірудің оңтайлы үлгілеріне көшуді қамтамасыз етуМәселен, 20 ғасырдағы әлеуметтік және экономикалық прогресс қоршаған ортаның нашарлауымен қатар жүріп, болашақ ұрпақтарымыздың өмір сүруіне қауіп төндіруде. Егер, планетадағы адам саны 10 миллиардқа жетсе, онда қазіргі тұтынумен бізге 3 жер планетасының ресурстары қажет екен. Жердің тозуы, топырақ құнарлылығының төмендеуі, суды тұрақсыз пайдалану, балық шаруашылығын шектен тыс пайдалану және теңіз ортасының нашарлауы – табиғаттың азық-түлікпен қамтамасыз ету қабілетін төмендетеді. Сонымен қатар, адамзат өндірілген азық-түлікті шектен тыс тиімсіз пайдалануда. Мысалы, жыл сайын өндірілген барлық азық-түліктің шамамен үштен бірі тұтынушылар мен бөлшек саудагерлердің қоқыс жәшіктерінде шіріп, тасымалдау немесе жинау барысында бұзылып кетеді. Ал көлемі 1,3 миллиард тоннаға тең келетін ысырапталған бұл азық-түліктің құны шамамен 1 триллион АҚШ долларына тең. Сонымен қоса, азық-түлік өндірісі қоршаған ортаны ластап, шектеулі ресурстарды көптеп қажет етеді. Мәселен, тамақ өндірісіне әлемнің электр қуатының 30% жұмсалса, көмірқышқыл газ шығарындыларының 22%-ы осы салаға тиесілі.
Ақпарат үшін: егер әлем халқы энергияны үнемдейтін шамдарды қолдануға көшсе, жыл сайын 120 миллиард АҚШ доллары үнемделетін еді.
Соңғы 30 жылда азық-түлік саласын дамыту үшін, әлем орманының 30%-нан, биоалуандылықтың 65%-нан айырылып, су ресурстарын пайдалану 600%-ға өскен.
Тұрақты тұтыну және өндіріс концепциясы аз ресурстармен көп және сапалы тауарларды өндіруге бағытталған. Сондай-ақ экономикалық өсу мен қоршаған ортаның нашарлауы арасындағы тікелей байланысты жеңуге, ресурстардың тиімділігін арттыруға және тұрақты өмір салтын насихаттауға бағытталған. Сонымен қатар, тұрақты тұтыну мен өндіріс кедейлікті азайтуға, көміртегі шығарындыларын азайтуға және жасыл экономикаға көшуге айтарлықтай үлес қоса алады.
Қарау саны: 4099 |
|
|