ТДМ: 16-мақсат. Бейбітшілік, сот әділдігі және тиімді институттар
30.09.2022
Балаларға қатысты зорлық-зомбылық елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуына да айтарлықтай нұқсан келтіруде. Осы проблемаға байланысты жаһандық экономикалық шығындар жылына 7 триллион АҚШ долларына бағаланады. Бұл әлемнің жалпы ішкі өнімінің 8 пайызына тең келеді. Дүние жүзінде адамдардың жеке басына қауіп төндіріп, зиян келтіретін кісі өлтіру, адам саудасы және ұйымдасқан қылмыстың басқа түрлері толастар емес. Әлемдік статистикаға жүгінер болсақ, жыл сайын шамамен жарты миллион адам қасақана кісі өлтірудің құрбаны болады екен. Қасақана кісі өлтіру 15 пен 44 жас аралығындағы ер адамдардың өлімінің үшінші басты себебі болып отыр. Адам саудасы мәселесі де бүгінде күн тәртібінен түспей тұрған әлемдік проблемаға айналды. Құлдықтың әртүрлі заманауи түрлеріне шалдыққан адамдардың жалпы саны 40 миллион адамға бағалануда.
Ал бұл өзекті мәселелер адамзаттың әл-ауқатын арттыруға кері әсер етеді. Сондықтан жаһандық деңгейде қабылданған тұрақты даму мақсаттарының бірі осы мәселеге арналды. Біздің еліміз де бұл мәселелерден сыртта қала алмайды. Өйткені жоғары айтылған мәселелер біз үшін де өте өзекті. Сондықтан нақты шаралар қолға алынуда. Қазақстанда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын қабылдау осыған дәлел бола алады. Сонымен қатар алдын-алу шараларына ерекше мән берілуде. Елімізде жыл сайын «адам саудасы» санатындағы 100-ге жуық сотқа дейінгі тергеу тіркеледі екен. Қазақстан бұл құбылысқа халықаралық үкіметтік емес ұйымдармен, шетелдердің құқық қорғау органдарымен ынтымақтаса отырып, қарсы тұруда. Соңғы 3 жылда еліміздегі кісі өлтірудің алдын-алу бойынша жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде қасақана кісі өлтіру құрбандарының саны 14%-ға (624-тен 536-ға дейін) төмендеді. Өкініштісі, елімізде кәмелетке толмағандарға қарсы құқық бұзушылық жоғары деңгейде қалып отыр. Соңғы жылдары елімізде жыл сайын кәмелетке толмағандарға қатысты 2 мыңға жуық қылмыстық құқық бұзушылық тіркелуде. 2022 жылдың бірінші жартысында балалардың арасындағы құқық бұзушылық айтарлықтай төмендесе де, ересектердің балаларға қатысты құқық бұзушылық деңгейі өсті. Балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық 15%-ға, жыныстық тиіспеушілікке қатысты қылмыс 9%-ға көтерілген.
Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты қоғам талабын, ұлттық және озық шетелдік тәжірибені ескере отырып, ұдайы жетілдіріліп келеді. Нәтижесінде Сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексіндегі орны да біршама жақсарды (2017 жылы – 31 балл, 2021 жылы – 37 балл). 2022 жылы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Жалпы еліміздегі азаматтардың әл-ауқатын арттырып, бақуатты өмір сүруіне жағдай жасау үшін тұрақты даму негіздерін қалыптастыру аса маңызды. Әділетті қоғам қалыптаспаған жерде адамға жасалатын әлеуметтік жағдай, экономикалық әлеуетті арттыру, тіпті табиғи байлықты сақтай отырып, қорын арттыру мүмкін емес. Сондықтан Қазақстанда ашық қоғам құру, сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз ету және барлық деңгейде тиімді институттар құру жолында жүйелі жұмыстар жүргізу аса маңызды болып қала бермек.
Қарау саны: 4036 |
|
|