ERI сарапшылары Қостанай облысының моноқалаларында әлеуметтік-демографиялық үрдістерді зерттейді

17.10.2022

Институттың Өңірлік зерттеулер орталығының сарапшылары Ш.Төлешова мен А.Мейрамбаев ағымдағы жылдың 10-14 қазаны аралығында Қостанай облысындағы Арқалық, Рудный, Лисаковск, Жітіқара моноқалаларында іс сапарда болып қайтты.

Іс сапардың негізгі мақсаты моноқалалар тұрғындарының әлеуметтік көңіл-күйін зерттеу мақсатында сауалнама жүргізу болғанымен, сарапшылар қалалардың басшыларымен кездесіп, моноқалалардың дамуындағы түйткілді мәселелерді анықтады.

Арқалық қаласы. Халқының саны 2022 жылдың 1 қаңтарындағы статистикалық дерек бойынша 25 630 адамды құрайды. Соңғы онжылдықтың өзінде көші-қон салдарынан қаладағы халық саны 7,6%-ға қысқарған. 1956 жылдан бері жұмыс істеп келген негізгі өндіріс орны - Торғай боксит кен басқармасы (Тургайское боксито-рудное управление) өткен жылы өз жұмысын тоқтатқан болатын.

Қала әкімінің орынбасары Тәшімов Абзал Қамбарұлының айтуынша, негізгі кен орны өз жұмысын тоқтатқанымен, қалада басқа өнеркәсіп салаларының жұмысы жандануда. Ет («Торғай ет» ЖШС), құс («Агроинтерптица» ЖШС) өнімдерін шығару, тері өңдеу, одан дайын өнімдер жасау («Үміт» ЖШС), темір бетон өнімдерін шығару (Темір-бетон өнімдері зауыты)  қаланың негізгі өндіріс салалары болып табылады.

Рудный қаласы. Қала халқының саны (113 153 адам) облыстың басқа моноқалаларына қарағанда әлдеқайда жоғары, облыс орталығына жақын орналасқан (арқашықтығы – 45 км.) ірі моноқала. Қаланың құрылуына негіз болған кәсіпорын - Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі. Оның өнеркәсіп өндірісіндегі үлесі 83,5%-ды құрайды.

Қалада зәкірлік жоба ретінде 2018 жылы іске қосылған «Рудный цемент зауыты» әрекет етеді, онда қазіргі кезде 145 адам жұмыс істейді.

Рудный қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі басшысының м.а. Ревтова Наталия Вячеславовна қаланың ел бюджетіне құятын қаржысының мол екендігін, ал қаланың өзіне қалатын аз ғана бөлігі оның ішкі проблемаларын шешуге жетпейтіндігін айтып кеткен болатын.

Лисаковск қаласы. 2022 жылдың 1 қаңтарындағы статистикалық дерек бойынша қала халқының саны 34 968 адамды құрайды. Қала 1971 жылы Лисаковск тау-кен байыту комбинатының негізінде құрылған. Қалада зәкірлік жоба ретінде 2013 жылдан бері «Лисаковск КҚК» ЖШС (ТОО «Лисаковский КБК») жұмыс істеуде.

Қала әкімінің орынбасары Шектібаев Асан Мұратұлының айтуынша, қаладағы негізгі кәсіпорындарда білікті жұмыс күші жетіспейді. Жалақы деңгейінің төмендігінен қала халқының көпшілігі вахталық әдіспен басқа аймақтарда жұмыс істеуге мәжбүр болып отыр.

Облыс моноқалаларындағы басты проблемалардың бірі негізгі кәсіпорындардағы білікті жұмыс күшінің жетіспеушілігі екенін атап кеткен жөн. Тұрғындардың кәсіпорындар жұмысына қызығушылығының төмендігі жалақы деңгейіне және оның ауыр жұмыс жағдайына сәйкессіздігі болып отыр.

Жітіқара қаласы. Қала халқының саны 33 762 адамды құрайды. Қаладағы негзігі кәсіпорын «Қостанай минералдары» АҚ – хризотил  асбестін өндіруге және хризотил талшығын өндіруге мамандандырылған тау-кен компаниясы. Компания хризотилді асбесттің әлемдегі жетекші өндірушісі және экспорттаушысы, әлемдік индустрияда қолданылатын маңызды элементтердің бірі болып табылады.

Қаладағы зәкірлік жоба - 450 мың тонна руданы өндіру және өңдеу арқылы Доре құймасын алу сәтті іске асуда.

Жітіқара ауданы әкімінің орынбасары Қасенов Сәлім Нұрланұлы қаладағы және жалпы аудандағы маңызды проблемалардың бірі ретінде Ресеймен шекаралас жерлердегі жол жағдайын алға тартты.

Қостанай облысы моноқалаларының ортақ проблемалары: еңбек нарығындағы теңгерімсіздік, жоғарыда атап көрсеткендей, өнеркәсіп орындарындағы білікті жұмыс күшінің жетіспеушілігі; медициналық қызмет көрсету деңгейінің төмендігі, соның ішінде дәрігерлердің жетіспеушілігі; инфрақұрылымдық проблемалар, соның ішінде инженерлік желілердің ескіруі.

 

 



Қарау саны: 3914
Сақталған: 17.10.2022






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!