Астанада ERI сарапшылары ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасы мен Отбасының цифрлық картасын талқылады
04.11.2022
Бейсенбі, 3 қарашада "Балалы отбасыларды әлеуметтік қорғау жүйесін жаңғырту: түйінді сын-қатерлер мен мүмкіндіктер" конференциясына орталық мемлекеттік органдардың, ұлттық институттардың, халықаралық ұйымдардың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері жиналды. Іс-шараны ұйымдастырушылардың қатарында Қазақстандағы БҰҰ Балалар Қоры (ЮНИСЕФ), ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі және ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл бар. "Экономикалық зерттеулер институты" АҚ конференцияның қатысушысы болды. ТДМ жөніндегі Хатшылық директоры Бақытгүл Хамбар "Әлеуметтік қорғаудың болашағы" пленарлық отырысын модерациялады, онда Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің жобасы және "Отбасының цифрлық картасы" талқыланды. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов ашты: Бүгінгі таңда еліміздің екі миллионға жуық азаматы әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған. Үкімет жүргізіп жатқан жұмыс елдің демографиясына оң әсерін тигізеді, осыған байланысты Мемлекет басшысы балалы отбасыларды қолдау шараларын күшейтуді тапсырды. Мәселен, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің жобасы шеңберінде ақылы декреттік демалыс мерзімін 1,5 жылға дейін ұлғайту, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасын іске қосу және басқа да көптеген жаңалықтар көзделген. Бибігүл Асылова, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі: Халықаралық ұйымдар, атап айтқанда ЮНИСЕФ, үкіметке халықтың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі шараларды ілгерілетуде үлкен қолдау көрсетеді, сондықтан ынтымақтастықты жалғастыру және озық тәжірибені қабылдау маңызды. Әмір Омаров, Ұлттық құқықтар орталығы басшысының орынбасары: Адам құқықтары жөніндегі омбудсмен әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударады, атап айтқанда, әлеуметтік көмек алуға байланысты көптеген өтініштер келіп түседі. Микаэла Фриберг-Стори, БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі: Өзінің әмбебап жол картасы арқылы неғұрлым инклюзивті және тұрақты қоғам құруға мүмкіндік беретін Тұрақты даму мақсаттарын ұстану маңызды. "Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ТДМ-ды ұстануды және ТДМ шеңберінде өзінің халықаралық міндеттемелерін орындауды жалғастыратынын бірнеше рет атап өтті", - деп атап өтті спикер. . Артур Ван Дизен, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі: Біз бірегей уақыттың куәсі болып отырмыз, халықты әлеуметтік қорғау жүйесіне орасан зор жүктеме түсіретін көптеген дүрбелеңдерді бірге бастан өткеріп жатырмыз. Сондықтан балалар үшін Жаңа Қазақстанның қандай болатынын көру маңызды. Уильям Зейтц, аға экономист, Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы кедейлік және теңдік мәселелері жөніндегі бағдарламасының жетекшісі "Қазақстанды тыңдау" зерттеуінің қорытындылары туралы айтып берді. Мәселен, сауалнамаға қатысқан халықтың көпшілігі мемлекет әлеуметтік-экономикалық саланы дамытудың дұрыс жолында деп санайды. "Қазақстанда монетарлық кедейлік тек 5%-ды құрайды, алайда жүргізілген зерттеу нәтижелеріне сәйкес респонденттердің 25% – ы өздерін субъективті түрде кедей санаттарға жатқызады", - деп атап өтті спикер. ҚР Білім министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Басқарма төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев Қазақстан балаларының хал-ахуал индексін әзірлеу, сынақтан өткізу және бекіту шеңберінде жүргізілген жұмыстар туралы хабарлады, сондай-ақ зерттеудің кейбір нәтижелерін ұсынды. "Ата-аналардың 26% - ы жұмыстағы тұрақты жүктемеге байланысты балаларына назар аудара алмайды. Орташа алғанда, жергілікті бюджеттің 34% - ы балалардың қажеттіліктеріне бағытталған. Балалардың 44% - ның қоғамдық көлік қызметіне қолжетімділігі жоқ", - деп атап өтті спикер. Анықтамалық: Балалардың хал-ахуал индексінің әдістемесін ҚР ОАМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің тапсырысы бойынша және ЮНИСЕФ-тің техникалық қолдауымен Экономикалық зерттеулер институты әзірледі. Балалардың хал-ахуал индексі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2022 жылғы 1 ақпандағы №21 өкімімен бекітілді. Наталья Белоносова, ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының Еңбек статистикасы және өмір деңгейі департаментінің директоры Қазақстанның көпөлшемді балалар кедейлігі индексінің жобасын таныстырды. Қазақстанның көпөлшемді балалар кедейлігі индексі құндық өлшеуге келмейтін балалар өмірінің аспектілерін бағалауға мүмкіндік береді (денсаулық сақтау, білім беру, қауіпсіздік, өмір сүру жағдайлары және т.б.). Зерттеу аясында еліміздің барлық өңірлерінен 12 мыңнан астам респондентті қамту жоспарлануда. Зерттеудің алғашқы нәтижелері 2023 жылы таныстырылатын болады. ЮНИСЕФ-тің Еуропа мен Орталық Азия елдеріндегі өңірлік кеңсесінің кеңесшісі Памела Дейл "Украинадағы қақтығыстың балалар кедейлігіне және Еуропа мен Орталық Азиядағы балалардың жағдайына әсері" зерттеуінің нәтижелерімен бөлісті. 2022 жылы COVID-19 пандемиясының, Украинадағы соғыстың және климаттың өзгеруінің нәтижесінде әлемде кедей адамдардың саны 100 миллионға өсті, оның 10 миллионы (4 миллион бала) Орталық Азия елдерінде орналасқан. Парламент Мәжілісінің депутаты Динара Закиева халыққа атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге мүмкіндік беретін Отбасын қолдау орталықтарының желісін құру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Мұндай орталықтар еліміздің барлық аудан орталықтарында (бүкіл ел бойынша 234-тен астам орталық) ашылады деп жоспарлануда. Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің жобасы мен "Отбасының цифрлық картасы" талқыланған "Әлеуметтік қорғаудың болашағы" пленарлық отырысы ерекше назар аударуға лайық. "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ Бас директоры Нұрсұлу Кемел Қазақстанның Әлеуметтік кодексінің жобасын таныстырды.. Сарапшы Әлеуметтік кодекстің негізгі жаңашылдықтарына тоқталып, әлеуметтік маңызды құжаттарды әзірлеу және енгізу кезінде түсіндіру жұмыстарының қажеттілігін атап өтті. Пленарлық отырыстың модераторы, ТДМ жөніндегі Хатшылық директоры Бақытгүл Хамбар "Экономикалық зерттеулер институты" әзірлеушілерге Әлеуметтік кодекстің жобасын жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын бергенін, олардың көпшілігі жаңа редакцияда қабылданғанын және көрсетілгенін атап өтті. "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ Әлеуметтік көмек және әлеуметтік қолдау жөніндегі АЖ дамыту және сүйемелдеу департаменті директорының орынбасары Бауыржан Нұржақсынов "Отбасының цифрлық картасы" АЖ жұмысының процесін таныстырды. "Отбасының цифрлық картасы" жобасы отбасыларды материалдық жағдайы, денсаулық сақтау және білім беру қызметтерін алу, сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыру бойынша сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Әлеуметтік кодекс жобасын қарауға халықаралық сарапшы Людмила Ким тартылды. Ким ханым Әлеуметтік кодекс жобасын одан әрі іске асыру тетігі бойынша өз ұсынымдарын берді. "Әлеуметтік қызмет көрсету кезінде негізгі тәсіл ретінде әлеуметтік қорғау саласында кейс-менеджмент тәсілін енгізу қажет", - деп атап өтті халықаралық сарапшы. Қорытындылай келе, ЮНИСЕФ өкілінің орынбасары Летиссия Баззии-Вейл бұл жерде балалы отбасыларды қолдауды талқылау бойынша жұмыс аяқталмайтынын, зерттеу нәтижелерін бұдан әрі кең ауқымды сарапшыларды тарта отырып, осындай алаңдарда талқылау қажет екенін атап өтті.
Қарау саны: 3754 |
|
|