Қазақстанда БҰҰ Күні инклюзивті театр премьерасымен атап өтілді

08.11.2022

Астанада 7 қараша күні Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драма театрында Біріккен Ұлттар Ұйымының Күні атап өтілді.

БҰҰ-ның Қазақстандағы коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі Эльнара Байназарова атап кеткендей атаулы оқиға Орталық Азиядағы алғашқы инклюзивті «Қанаттылар» театрының орындауындағы «Қызжылаған» қойылымының премьерасымен атап өтілді.

Театрдың мақсаты – мүгедектігі бар жандардың дарындылығын ашу, сахна кеңістігінде олардың шығармашылық әлеуетін дәріптеу, қоғам ұзақ уақыт байқамаған мүмкіндіктерін жүзеге асыруларына түрткі болу және тұрақты жұмыспен қамту.

Іс-шараға сонымен қатар БҰҰ-мен ТДМ мәселелері және басқа да жұмыс бағыттары бойынша бірнеше жылдан бері ынтымақтастық ететін Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі Хатшылықтың (ТДМХ) атынан Экономикалық зерттеулер институтының сарапшылары Бақытгүл Хамбар мен Ерлан Кәрімов қатысты.

Биылғы БҰҰ күні Қазақстанның БҰҰ-ға мүшелігінің 30-жылдығы, сондай-ақ БҰҰ Бас Ассамблеясының Семей өңіріне көмек көрсету туралы қарарының 25 жылдығы аясында өтуде. «Қызжылаған» қойылымы Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» пьесасы негізінде дайындалды. «Қызжылаған» – Семей ядролық полигонынан мүгедек болып, өспей қалған қыз өмірі жайында. Ләйләнің ащы, аянышты тағдыры арқылы қазақтың бойына біткен мінезін, қазақтың басындағы қасіретін бере алған ұлы шығарма. 


Мереке қонақтарының алдында сөйлеген сөзінде БҰҰ-ның Қазақстандағы басшысы Микаэла Фриберг-Стори: 

«БҰҰ бұрын-соңды болмаған сынақтан өтіп жатыр. Бірақ сонымен бірге бүгінде БҰҰ бұрынғыдан да қажет. Бүгінде Қазақстанда БҰҰ-ның 27 агенттіктері, қорлары мен бағдарламалары жұмыс істейді және біз осы үш онжылдықтағы әріптестігімізді мақтан тұтамыз. Біз Қазақстанды дамытуға бағытталған мыңдаған бағдарламаларды бірлесіп жүзеге асырдық. Қазақстан Үкіметімен ағымдағы бесжылдық ынтымақтастық бағдарламасы аясында үш бағытқа назар аударып отырмыз: адамдардың мүмкіндіктерін кеңейту, Қазақстан халқына мемлекеттік қызметтерді көрсету институттарын күшейту, қоршаған ортаны қорғау және инклюзивті экономикалық өсу. Бүгінгі «Қанаттылар» инклюзивті театрының қойылымы – соның бір жарқын мысалы» - деп атап өтті.

Сахналық қойылым – ядролық сынақ полигонының салдары, адам мен табиғат өзара үйлесімділігі және адамгершіліктің қай дәуірде де адам жанының жауhары екені жайлы баяндайды. Қойылым дәстүр мен жаңашылдық, ерекше режиссерлық шешіммен ерекшеленеді.

«Біріккен Ұлттар Ұйымы адамзаттың мүдделері мен шұғыл қажеттіліктеріне қызмет ететін бірден-бір әмбебап ұйым болып қала береді. Қазақстан БҰҰ-ның рөлі мен беделін және жақсы өмірге деген ұжымдық тілегімізді жүзеге асыру үшін оның қызметінің барлық салаларын нығайтуға атсалысуды жалғастырады. Тұрақты даму ешкімді артта қалдырмай, баршаны қамтитын үрдіс», - деді ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров


Сондай-ақ шара барысында Қазақстанның БҰҰ-ға мүшелігінің 30-жылдығына орай естелік пошта маркасы мен тиын тұсаукесері өтті. 2022 ж. 26 қазанда «Естелік және мерейтойлық күндер» сериясының маркасы мен «Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелігінің 30 жылдығына» арналған естелік тиын айналымға енгізілді. Марка кескіндемесінің негізі ретінде домбыра таңдалды, себебі қазақтың дәстүрлі домбыра күйі ЮНЕСКО Материалдық емес мәдени мұраның репрезентативті тізіміне енгізілген. Ал тиын дизайнында Қазақстан картасының контурының ішінде орналасқан БҰҰ ресми эмблемасы қолданылған. Дизайн қосымша элементтері – Қазақстанның басқа елдердің, БҰҰ-ның тең құқықты мүшелерінің арасында әлемдік қауымдастыққа жататынын бейнелейтін жұлдыздар.

Сондай-ақ, БҰҰ күні аясында «Қазақстан – БҰҰ: гендерлік теңдік саласындағы жетістіктер» атты фотокөрме ұсынылды, онда әйелдердің күш-жігері мен еліміздің әртүрлі бағыттағы дамуындағы рөлі фото мұрағат тілімен бейнеленген.



Анықтама

«Қанаттылар» инклюзивті театры
Бүкіл Орталық Азия өңірінде тұңғыш «Қанаттылар» инклюзивті театры Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен 2021 жылы Гүлнәр Салықбайдың «Қанаттылар» музыкалық-поэтикалық қойылымымен ашылды. Қазіргі таңда театрда 30 астам адам тұрақты жұмыс істейді. Театр ұжымының басым көпшілігі –  ерекше қажеттілігі бар, өнерге құштар, талантты әртістер.

«Қазақстанның БҰҰ-ға мүшелігіне 30 жыл» мерейтойлық пошта маркасы  
Марканы «Қазпошта» АҚ БҰҰ-ның Қазақстандағы Өкілдігі және Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп шығарған. Өлшемі 26 х 29,6 мм пошта маркасы 10 мың дана таралыммен шығарылды. Марка парағы 8 маркадан тұрады. Парақ өлшемі 135 x 70 мм. Пошта маркасының номиналы – 700 теңге. Маркалар ультракүлгін бояумен және лакпен қорғалған. Суретшісі – Эльнара Байназарова.

«Қазақстанның БҰҰ-ға мүшелігіне 30 жыл» естелік тиыны
Тиын дизайнында Қазақстан картасының контурының ішінде орналасқан БҰҰ ресми эмблемасы соғылған. Дизайн қосымша элементтері – Қазақстанның басқа елдердің, БҰҰ-ның тең құқықты мүшелерінің арасында әлемдік қауымдастыққа жататынын бейнелейтін жұлдыздар. Тарлым саны – 500 дана. Номинал – 100 теңге. Тиын дизайн авторы – Алмат Басенов. 





Қарау саны: 3360
Сақталған: 23.11.2024






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!