Демографиялық өсім: көш бастаушы аймақтар
01.03.2023
Соңғы онжылдықта Қазақстан халқының саны 16 910 246 адамнан 19 765 004 адамға өсіп, өсу қарқыны 16,9%-ды құрады. Өңірлердің ішінде өсім жағынан көш бастаушылар да, артта қалушылар да бар. Аталған уақыт ішінде Астана халқының саны екі есеге жуық (74,1%) өсіп, өңірлер ішінде көш бастап тұр. Жалпы, өсу қарқыны жағынан орташа республикалық деңгейден асып тұрған өңірлерге Астана қаласынан бөлек Алматы қаласы (46,6%), Маңғыстау облысы (35,1%), Шымкент қаласы (30,6%), Атырау облысы (24,8%) кіреді. Халық санының өсу қарқыны, 2022/2012жж. 2009 жылғы және 2021 жылғы Ұлттық санақ аралығында халық саны елімізде (16 009 597 адамнан 19 186 015 адамға) 19,8%-ға, Астана қаласында (613 006 адамнан 1 234 042 адамға) екі еседен жоғары деңгейге, Шымкент қаласында (730 873 адамнан 1 112 478 адамға) 52,2%-ға, Маңғыстау облысында (485 392 адамнан 735 008 адамға) 51,4%-ға, Алматы қаласында (1 449 696 адамнан 2 030 285 адамға) 40,0%-ға, Атырау облысында (510 377 адамнан 673 601 адамға) 32,0-ға өскен. Соңғы он жыл бойы елімізде халық саны тек туудың арқасында өскенімен, өңірлердегі өсімнің өзіндік ерекшеліктері бар. Көш бастап тұрған бес өңірдің ішінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, және Маңғыстау облысында халық санының қарқынды өсуіне туумен бірге көші-қон оң әсерін тигізіп отыр. Ішкі көші-қонда урбанизация процесі, оның ішінде халықтың ірі мегаполистерге ұмтылысы айқын байқалады. Соның әсерінен өңірлердің ішінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында ғана оң көші-қон айырмасы белгіленіп отыр. 2022 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында өңіраралық көші қонда келушілердің саны кетушілердің санынан Алматы қаласында 35 302 адамға, Астана қаласында 33798 адамға, Шымкент қаласында 2756 адамға басым болды. Сыртқы көші-қонда Маңғыстау облысы мен Шымкент қаласына басқа елден көшіп келушілер саны көшіп кетушілер санынан жоғары. Бұл осы аймақтарға көрші Түрікменстан, Өзбекстан елдерінен қоныс аударушылармен тығыз байланысты. Өткен жылы Атырау облысына, Астана мен Алматы қалаларына да басқа елден қоныс аударушылар саны басым болды. 2022 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары бойынша Қазақстаннан тыс елдерден көшіп келушілер саны көшіп кетушілерден Маңғыстау облысында 3223 адамға, Алматы қаласында 1203 адамға, Атырау облысында 236 адамға, Шымкент қаласында 234 адамға, Астана қаласында 37 адамға артық болды. Қорыта келе айтатынымыз, жоғарыда аталған өңірлердегі халық санының қарқынды өсуіне туумен бірге көші-қонның ықпалы зор. Көшіп-қонушылардың дені репродуктивті, еңбекке қабілетті жастағы халық пен оның балалары екендігін ескерсек, бұл өз кезегінде аймақтағы табиғи өсімге, халықтың жасаруына оң әсерін тигізеді.
Қарау саны: 2106 |
|
|