2027 жылға дейін Ауылдық аумақтарды дамыту Тұжырымдамасы бекітілді
10.04.2023
Ел Президенті сайланғаннан кейін қол қойған алғашқы құжат ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын әзірлеу қажеттілігі туралы жарлық болды. Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында «Әділ Қазақстан – барлығына және әрқайсына арналған. Бұл мәңгілік», деп ауылдың даму мәселелеріне ерекше назар аударды. Атап айтқанда, миллионнан астам ауыл тұрғындарын қамти отырып, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға, барлық жеке қосалқы шаруашылықтардың жартысын кооперативтік кәсіпкерлікке тартуға және шағын несиелеу және өткізу нарықтарына қолжетімділікті қамтамасыз ету есебінен 350 мыңнан астам жұмыс орнын құруға 1 трлн теңге бөлу ұсынылды. Сонымен қатар, сайлауалды бағдарламада ауыл шаруашылығы өндірушілеріне техниканы лизингке алуда жеңілдікті жағдайларды қамтамасыз ету, суармалы жерлердің көлемін екі есеге арттыру, суару желілерін қайта жаңарту және жаңа су қоймаларын салу жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды. Осы іс-шаралардың барлығы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы № 270 қаулысымен бекітілген тұжырымдамада көрініс тапты. Тұжырымдаманы әзірлеу бойынша жұмысты Ұлттық экономика министрлігі, Экономикалық зерттеулер институтының аналитикалық қолдауымен, түрлі салалардағы сарапшылардың кең ауқымын тарта отырып жүзеге асырды. Сонымен қатар, Тұжырымдама ережелерін талқылауға өңірлік университеттер мен өңірлерден сарапшылар тартылды. Тұжырымдама ауылдың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі іс-шараларды көздейді. Осы бағытта «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру жалғастырылатын болады. Тұжырымдаманың маңызды бағыты ауылдың өндірістік саласын дамыту болып табылады. Мәселен, ауыл экономикасын дамыту үшін жеке қосалқы шаруашылықтарға микрокредит беруді, сервистік-өткізу кооперативтерін қалыптастыруды, лизингке техника мен жабдықтарды беруді көздейтін «Ауыл аманаты» жобасын іске қосу көзделіп отыр. Тұжырымдаманың басқа да іс-шараларының ішінде ауылдық жерлерде туризмді дамытуды қолдауды, ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуын скрининг жүргізуді, шекара маңындағы ауылдық округтердің тұрғындарын қосымша әлеуметтік қолдау мәселесін қарауды және т. б. атап өтуге болады.
Қарау саны: 1650 |
|
|