ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ «Қазақстанда балаларға арналған мемлекеттік қаржыны енгізу: негізгі проблемалар мен мүмкіндіктер»
25.05.2023
19 мамырда балалардың қажеттіліктеріне бағытталған мемлекеттік қаржыны басқару тәсілін тиімді енгізу үшін диалог пен ынтымақтастыққа жәрдемдесу мақсатында мемлекеттік органдар, талдамалық орталықтар, сараптамалық қоғамдастық, ЮНИСЕФ және басқа да мүдделі тараптар арасында «Қазақстанда балаларға арналған мемлекеттік қаржыны енгізу: негізгі проблемалар мен мүмкіндіктер» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ және ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бірлесіп ұйымдастырды. Дөңгелек үстелге қатысушыларға Қазақстандағы «ЮНИСЕФ» Балалар қорының өкілі Артур Ван Дизен, Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова және «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Әділ Құсманов сөз сөйледі. Сәлемдесу сөзінде Құсманов мырза іс-шараның маңыздылығын атап өтті, өйткені балалардың хал-ахуалын қамтамасыз ету мәселелері барлық елдердің дамуында басымдық болып табылады, өйткені балалар өз дамуында елдер ұмтылатын өзгерістердің негізгі қозғаушы күші болып табылады. Бұл әсіресе Қазақстан үшін өзекті, өйткені ел халқының үштен бірі балалар, 2022 жылы олардың саны халықтың 33,9% -ын құрады. 2022 жылы «ЮНИСЕФ» Балалар Қорының қолдауымен «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ мен Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бірлескен жобасы аясында Балалардың хал-ахуал индексі және балаларға арналған бюджет әдістемесі әзірленді. «Балалардың хал-ахуал индексін дайындау барысында орасан зор жұмыс жүргізілді: әлемдік тәжірибеде бар балалар хал-ахуалының 10-ға жуық индексі зерделенді, балалар хал-ахуалының қазақстандық индексінің индикаторлары үшін 18 000-нан астам дауыс берілді», - деп атап өтті Балалардың құқықтарын қорғау саласындағы адамгершілік-рухани даму және қоғамдық қозғалыс басқармасының басшысы Ибраева Стэлла Амангелдіқызы. Экономикалық зерттеулер институтының Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі Хатшылық директоры Бақытгүл Хамбар балаларға арналған бюджетті қалыптастырудың ағымдағы жай-күйі және оны енгізу жөніндегі әрі қарайғы қадамдар туралы айтып берді. «Мемлекеттік органдар балалардың қажеттіліктеріне бағытталған шығыстар базасын қалыптастыруы қажет. Бірыңғай бюджеттік жіктемеде балаларға бағытталған шығыстардың баптарына арналған кіші бағдарламалардың толық жазылуын көздеу ұсынылады» деп атап өтті спикер. ЮНИСЕФ-тің әлеуметтік саясат жөніндегі өңірлік маманы Альберто Мусатти «Еуропа мен Орталық Азиядағы балаларға арналған мемлекеттік қаржы (PF4C): Қазақстан үшін ұсынымдар» таныстырылымы аясында әлеуметтік шығыстардан балаларды инвестициялауға көшу қажет екенін айтты. Іс-шараның күн тәртібіне сәйкес, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің сарапшысы Бюджет кодексінің жаңашылдықтары мен әзірлену барысын, ҚР Қаржы министрлігінің өкілдері Мемлекет басшысының «Балаларға көмек көрсетудің ұлттық қоры» бастамасының негізгі тәсілдерін таныстырды, сондай-ақ ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының сарапшылары медианалық табыс пен салыстырмалы кедейлікті өлшеу әдіснамасын жетілдіру және оның әлеуметтік саясат үшін салдары жөнінде ұсыныстар жасады. Кездесу қорытындысы бойынша сарапшылар балалардың қажеттіліктеріне бағытталған мемлекеттік қаржыны пайдаланудың тиімділігі жөнінде ұсыныстар берді, оларды балалардың мүддесі үшін құқықтық базаны қоса алғанда, мемлекеттік қаржыны басқару саясаты мен жүйелерін нығайту жөнінде шешім қабылдайтын билік өкілдері қабылдауы мүмкін.
Қарау саны: 1540 |
|
|