8-9 маусым күндері елімізде Астана халықаралық форумы өтеді. Халықаралық форум «Диалог арқылы сын-қатерлерді еңсеру: ынтымақтастық, даму және прогресс жолында» тақырыбында өтеді.
Форум арқылы дипломатиялық қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, мемлекеттер арасындағы экономикалық және саяси байланыстарды нығайтып, жалпыға ортақ қиындықтан бірлесе отырып шығу көзделіп отыр. Іс-шараға әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 1000-нан астам үздік сарапшылар бас қосады.
Форум Қазақстан Республиквасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтеді. Іс-шараға шетелдік үкіметтердің, халықаралық ұйымдардың, бизнес пен ғылыми ортаның жоғары лауазымды делегаттары қатысады.
Форумға қатысатын құрметті қонақтар қатарында Қатар мемлекетінің әмірі Шейх Тамим бин Хамад Әл Тани, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Босния, және Герцеговина Президиумының төрағасы Желька Цвиянович, Дүниежүзілік сауда ұйымының Бас директоры (ДСҰ) Нгози Оконджо-Ивеала, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиева, ЮНЕСКО бас директоры Одрэ Азуле, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Азия және Тынық мұхитына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссияның (ЭСКАТО) атқарушы хатшысы Армида Алисджабана, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов, сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысының Еуропа, Орталық Азия, Солтүстік және Оңтүстік Америка мәселелері жөніндегі көмекшісі, БҰҰ Орталық Азия бойынша Превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығы басшысының міндетін атқарушы Мирослав Енча болады деп жоспарланып отыр.
Жиында әлем елдері үшін аса маңызды тақырыптар талқыланады. Атап айтсақ азық-түлік қауіпсіздігі, су тапшылығы, энергетика мен экология саласындағы қордаланған проблемаларды бірлесе шешу жолдары, инвестиция тарту мәселелері қозғалады.