Негізгі капиталға инвестицияларда топ-5 тренд
06.09.2023
Негізгі капиталға инвестицияларда топ-5 тренд (2023 жылғы 7 айдың қорытындысы бойынша) 1. Инвестициялардың өсу қарқынының баяулауы. 2023 жылғы қаңтар-шілде аралығында Қазақстан Республикасында негізгі капиталға инвестициялар көлемі 8,1 трлн. теңгені, өсу қарқыны - 12,4%-ті құрады. Ақпан айында өсу қарқыны максималды белгіге жетіп (19,2%), кейін бұл көрсеткіш баяулады. 2. Өңдеу өнеркәсібіне инвестициялардың құлдырауы жалғасуда. Өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестициялардың үлесі өнеркәсіпке салынған инвестициялардың жалпы көлемінен көрсетілген кезең ішінде 11,1%-ке дейін қысқарды. Өңдеу өнеркәсібі саласындағы қаржыландырудың негізгі көзі бизнестің меншікті қаражаты болып табылады. ҚР өңірлері арасында өңдеу өнеркәсібіне инвестициялар көлемі бойынша Қарағанды облысы көш бастап тұр: 154,6 млрд. теңге, бұл жалпы көлемнен 23%-ті құрайды. 3. Экономиканы қаржыландырудың негізгі көзі жеке субъектілердің меншікті қаражаты болып қалуда. 2023 жылғы қаңтар-шілдеде шаруашылық жүргізуші субъектілердің өз қаражаты есебінен инвестицияларды қаржыландыру көлемі 6,1 трлн. теңгені құрады. Алайда, талданған кезеңде жалпы үлестің 76%-ке дейін төмендеуі байқалады. Бұл банк кредиттері есебінен экономикаға инвестициялау үлесінің 2%-ке дейін өсуімен және 2023 жылдың 7 айында 170,5 млрд. теңгені құрауымен түсіндіріледі. 4. Көлік және қоймалауға инвестициялар көлемінің өсуі. Жеткізу тізбегінің өзгеруіне байланысты көлік инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығы өзекті болып отыр. Талданып отырған кезеңде көлік және қоймалауға салынған инвестициялардың үлесі 7,3%-тен 11,9%-ке дейін өсті және ақшалай баламада 966,6 млрд. теңгені (НКИ – 122,6%) құрады. 5. Еліміздің үш өңірінде инвестицияларда айтарлықтай өсуі байқалады: Абай облысы – 54,3%-ке, Маңғыстау облысы – 45,9%-ке, Батыс Қазақстан облысы – 31,9%-ке. Абай облысындағы инвестициялар ағыны құрылысқа (16 есе), ауыл шаруашылығына (2,6 есе), көлік және қоймалауға (1,9 есе) және жылжымайтын мүлікпен операцияларға (1,5 есе) инвестициялардың өсуімен түсіндіріледі. Ал Маңғыстау облысы мен Батыс Қазақстан облысы жағдайында инвестицияның өсу қарқыны дәстүрлі түрде тау-кен өнеркәсібіне инвестиция көлемінің ұлғаюымен байланысты.
Қарау саны: 1048 |
|
|