Рейтинг көрсеткіштері не туралы айтады? Жетінші бағыт – ЭКСПОРТ
11.09.2023
Бүгін біз «Жоғары технологиялық тауарлардың экспорты» көрсеткішін қарастырамыз, ол бойынша Қазақстан рейтингтерде бәсекелестік позицияға ие. Бұл көрсеткіш әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингінде (IMD) құндық мәнде және өнеркәсіптік өнім экспортының үлесі ретінде пайдаланылады. Ақпарат көзі Дүниежүзілік банктің деректері болып табылады. Біз өз жазбаларымызда рейтингтерде елдер бойынша қолжетімді деректер пайдаланылатынын бірнеше рет атап өттік. Бұл көрсеткіш бойынша IMD-2023 рейтингі 63 елдің ішінде 11 ел, оның ішінде Қазақстан 2020 жылға арналған деректерді пайдаланады. Әдіснама: Жоғары технологиялар экспорты — бұл аэроғарыш өнімдері, компьютерлер, фармацевтика, ғылыми аспаптар және электр жабдықтары сияқты ҒЗТКЖ жоғары үлесі бар өнімдердің экспорты. 2023 жылғы рейтинг қорытындысы бойынша өнеркәсіптік өнім экспортынан жоғары технологиялық тауарлар экспортының 32,96% мәнімен Қазақстан 63 елдің ішінде 8-орынды алады. Бұл ретте 2019 жылға дейін Қазақстан бірнеше жыл қатарынан рейтингте бесінші орынды иеленді. Исландия, Корея және Гонконг сияқты елдер осы жылдар ішінде Қазақстанды айналып өтіп, жоғары технологиялық тауарлар экспортының үлесін ұлғайтуда елеулі серпіліс жасады. Осылайша, Гонконг экспорт үлесін 2016 жылғы 12,12%-тен (өнеркәсіптік өнім экспортынан) 2021 жылы 70,54%-ке дейін ұлғайта отырып, рейтингте 31 орыннан (IMD-2018) 1-орынға (IMD-2023) көтерілді. Корея 9-орыннан (26,58%) 6-орынға (35,71%) және сәйкесінше Исландия 11-орыннан (23,25%) 7-орынға (33,49%) көтерілді. Гонконг пен Корея экспортының құрылымында ең үлкен үлесті электр жабдықтары (электр машиналары мен жабдықтары, олардың бөліктері; дыбыс жазатын және дыбыс шығаратын аппаратура, теледидар бейнесі мен дыбысын жазуға және жаңғыртуға арналған аппаратура, олардың бөліктері мен керек-жарақтары), Исландияда — алюминийден жасалған бұйымдар алады. Жоғары технологиялық тауарлардың экспорты бойынша құндық мәнде Қазақстан 2 492 млн. АҚШ доллары мәнімен IMD-2023 рейтингінде 63 елдің ішінде 43-орын алады. Әрине, ел үлесі бойынша алда тұрған елдерден едәуір артта қалып отыр. Бұл ретте, Исландия экспорт үлесі бойынша (33,49%, 7-орын) озып тұрғанына қарамастан, құндық мәнде Қазақстаннан 10 есе аз экспорттайды (239 млн. АҚШ доллары). Айта кету керек, Исландия респонденттері, IMD-2023 деректері бойынша, ел экономикасының ең тартымды факторларына жоғары білім деңгейі (респонденттердің 77,6%-і), жоғары білікті кадрлар (58,2%) және күшті ҒЗТКЖ (37,3%) кірді. Ал Қазақстанда респонденттердің тек 2,4%-і ҒЗТКЖ-ны экономиканың тартымды факторларына жатқызса, 24,2%-і –жоғары білім деңгейіне назар аударды. Осылайша, Қазақстан Республикасының өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес проблемалардың бірі орта және жоғары қайта бөлу тауарларын шығару үшін қажетті заманауи технологияларды әзірлеу не трансфер үшін жеткілікті меншікті құзыреттердің жоқтығын атап өтті. «Өнеркәсіптік саясат туралы» ҚР Заңының міндеттерінің бірі жаңа жоғары технологиялық тауарларды дамыту болып табылады. Бұл ретте күші жойылған Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында орташа және жоғары технологиялық күрделіліктегі тауарлар экспортының көлемін ұлғайту жоспарланды (2020 жылға жоспар – 13,4 млрд. АҚШ доллары, 2021 жылға жоспар – 15 млрд. АҚШ доллары). Алайда бұған қол жеткізілген жоқ. Осы орайда, әзірге елде ҒЗТКЖ мен білім деңгейі экономиканың тартымсыз факторлары болып қалуда, жаңа жоғары технологиялық тауарларды дамыту бойынша қойылған мақсаттарға қол жеткізу күрделі және мүмкін емес болып табылады.
Қарау саны: 1106 |
|
|