2040 жылға қарай Қазақстандағы су стрессінің деңгейі 80%-тен асуы мүмкін
29.09.2023
29-қыркүйекте Экономикалық зерттеулер институтында «Таза су – қол жетімділік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету» атты ашық диалогы өтті. Қазақстан климаттың өзгеруіне байланысты су ресурстарының айтарлықтай дәрежеде тапшылығын сезінуде. Дүниежүзілік банктің деректеріне сәйкес, 2040 жылға қарай Қазақстандағы су стрессінің деңгейі 80%-тен асуы мүмкін. Елімізде суды тұтынудың 65%-і ауыл шаруашылығына тиесілі, алайда суару каналдарының жағдайының нашарлығына байланысты суды егістікке дейін тасымалдау кезіндегі шығындар 50%-тен асады. Су тапшылығы мәселесін шешуден басқа, ауыз судың сапасына қатысты мәселелер адамдар үшін қауіп көзі болып табылады. Ластанған және тазартылмаған суда патогендер мен түрлі ауруларды тудыруы мүмкін заттар бар. Сонымен қатар, 2019 жылы диарея кесірінен бір жарым миллионнан астам адам қайтыс болған, ал 69 елде тырысқақ ауруы тіркелген. Диарея – бес жасқа дейінгі балалар өлімінің төртінші себебі. Өңірлік зерттеулер орталығының жетекші ғылыми қызметкері, Ашық диалог модераторы – Матаев Ғабит елді сумен қамтамасыз етудегі мәселелері туралы айтып берді. «Салада негізгі қорлардың тозуы, сумен қамтамасыз ету жүйесінің тозған құбырларын ауыстыру, сондай-ақ жаңа тазарту құрылғыларын орнату, сумен жабдықтаудың ағымдағы табиғи көздерін қорғау қажеттілігі байқалады. Су тапшылығын Қазақстанның көптеген өңірлері, соның ішінде үстіміздегі жылдың жазында елордамызда судың қысымы төмендеп, тоқтатылғанын білеміз», - деді Матаев Ғабит. Қазақстан өңірлеріндегі ағымдағы ахуал туралы ҚР ЖПҚ КҚЖКХ сумен жабдықтау және су бұру басқармасының басшысы-Керемқұлов Нұрсұлтан айтып берді. «Бүгінгі күні сумен жабдықтау функциясын бір мемлекеттік органда шоғырландыру туралы мәселе қаралуда. Бұл мәселе ондаған жылдар бойы көтеріліп келеді, енді жақын арада өз шешімін табады деп үміттенеміз. Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықты 100% сумен қамтамасыз ету бойынша тапсырма бар. Егер 2022 жылдың қорытындысы туралы айтатын болсақ, онда сумен жабдықтау қызметтерімен ел халқының 94,8% қамтылған», - деп атап өтті спикер. «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ Басқарушы директоры – Серіков Нұрбек қызмет көрсетуші олар үшін жауап бермейтін, ал басқару органы (МИБ, ПИК) тиісті құзыретке ие болмайтын КПТҮ ішіндегі үйішілік желілерді ұстау мәселесі туралы пікір білдірді. «Иә, шынымен де осындай проблема бар. Өздеріңіз білетіндей, табиғи монополиялар субъектісі үйішілік желілер үшін тұрғындар немесе олар жалдаған жеке компаниялар жауапты болған кезде сыртқы сумен жабдықтау желісіне жауап береді. Аталған мәселенің шешімі ретінде КПТҮ-ға толық қызмет көрсете алатын кәсіби кадрларды даярлау мүмкіндігі қарастырылуда. Сондай-ақ, Павлодар өңірінің тәжірибесі бойынша тұрғындар табиғи монополия субъектісімен үйішілік желілерге қызмет көрсетуге келісімшарт жасай алады», - деп түсіндірді спикер. «Астана қаласының отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы» ММ сумен жабдықтау және нөсер кәрізі бөлімінің бас маманы – Першина Ирина ауыз суды тиімсіз пайдалану мәселесін қозғады. Сарапшының айтуынша, суды ұқыпты пайдалану мәселелері бойынша Халықпен жұмыс жүргізу қажет. Оның пікірінше, сараланған тариф құру әдісін қолдану суды тиімді пайдалану мәселесін шеше алмайды. «Бұған дейін Қазақстанда тариф белгілеудің сараланған әдісін қолдануға әрекет жасалған болатын, оның нәтижелері бойынша жоғары тариф халықтың әлеуметтік осал топтарына, атап айтқанда көп балалы отбасыларға және мүгедектігі бар адамдар бар отбасыларға қолданылды», - деп атап өтті спикер. Талқылаулар мен пікірталастар барысында 2022 және 2023 жылдардағы әлеуметтік сауалнама нәтижелері негізінде Экономикалық зерттеулер институтының өңірлік зерттеулер орталығы дайындаған ауыз су сапасы бойынша Қазақстан қалаларының рейтингі ұсынылды. Жалпы алғанда, елдегі қала халқының 86 проценті тұратын Қазақстанның 26 қаласы тұрғындарының бағалауы бойынша 10 балдық шкала бойынша су сапасының орташа бағасы 5,54 баллды құрады. 5 баллдан төмен: Қарағанды – 4,82 балл, Балқаш – 4,70 балл, Қонаев – 4,43 балл, Степногорск – 4,36 балл, Астана – 4,00 балл, Жезқазған – 3,81 балл, Орал – 3,74 балл, Көкшетау – 1 балл. Бұл қалаларда барлығы 2,7 миллионнан астам адам тұрады. Сонымен қатар, ДДҰ зерттеулерінің мәліметтері бойынша әлемдегі жұқпалы аурулардың шамамен 80%-і судың төмен сапасымен байланысты екенін атап өткен жөн. «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ Басқарушы директоры Серіков Нұрбек су тарифі мәселесін қозғады. «Тарифтерді белгілеудің өзіндік құнының әдісі коммуналдық кәсіпорындардың ағымдағы шығындарына сәйкес келе бермейді. Өнеркәсіп есепке алынбаған тұтынуды азайту үшін бақылау-өлшеу құралдары, автоматтандыру және цифрландыру арқылы су балансын бақылау құралдарын енгізуі керек. Шығын өлшегіштер мен қысым датчиктерін, оның ішінде инженерлік инфрақұрылымға орнату арқылы техникалық процестерді толық автоматтандыру су балансы мен суды тұтынудың нақты көрінісін алуға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді спикер. Өмір сапасы орталығы директорының орынбасары-Мейрембаев Айтжан ауылдық жерлерде сумен қамтамасыз ету туралы айтып берді. «1300-ден астам ауыл орталықтандырылмаған сумен қамтылған, онда 381 мыңнан астам адам тұрады. 17,5 мың тұрғыны бар 90-нан астам ауыл әкелінген суды пайдаланады. Жалпы су құбыры желілерінің тозу деңгейі 18% немесе 11,2 мың км құрады», - деп атап өтті спикер. PhD докторы, У. М. Ахмедсафин атындағы гидрогеология және геоэкология институтының аймақтық Гидрогеология зертханасының меңгерушісі – Рахимов Тимур еліміздің Гидрогеология саласының негізгі мәселелеріне тоқталды. Атап айтқанда, жер асты суларын пайдаланудың артықшылықтары атап өтілді. Қазақстанда жер асты суларының ресурстары жылына 64 текше км-ден асады, олардан алынатын қор жылына 16 текше км-ді құрайды. «Қазақстанда жер асты суларының ресурстары әлі толық зерттелмеген, бүгінгі таңда жер асты суларының көздерінің тек 25%-і ғана зерттеліп, пайдалану қорлары ретінде мемлекеттік теңгерімге енгізілген, қалған 75%-і жете зерделеуді талап етеді», - деп атап өтті спикер. Елдің кейбір аймақтарындағы су тапшылығы мәселелерін шешу үшін жер асты сулары ресурстарын ірі жер асты көздерінің бассейндерінен тасымалдау ұсынылды. «Астана қаласын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Ертіс бассейнінің артезиан суларын жіберу ұсынылады, мұнда тұщы жер асты суларының пайдалану қоры тәулігіне 675 мың куб метрді құрайды. Қажетті су құбырының Астана қаласына дейінгі ұзындығы шамамен 400 км құрайды», - деп атап өтті спикер. «Қазсушар» ШЖҚ РМК Ақмола филиалының Инженер-гидротехнигі - Мұхатова Жанар өз сөзінде өңірдегі су құрылыстарының ағымдағы жай-күйі туралы айтып, Ақмола облысы мен Астанада су тапшылығын төмендету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды атап өтті. Спикердің айтуынша, елорда халқының саны 2 млн тұрғынға дейін өскен жағдайда ауыз су тапшылығы өте қауіпті. Қ. Сәтбаев атындағы арнаны Есіл өзенінің арнасына қайта бағыттау бойынша жоба сәтті іске асырылған жағдайда да мәселе шешілмейді, сондықтан қала үшін ауыз судың баламалы көздерін іздеу маңызды. Сонымен қатар, саланың негізгі проблемасы кадрлардың тапшылығы болып табылады. «Бүгінгі таңда су ресурстары және су пайдалану мамандығы бойынша гранттардың 50% игерілмейді», - деп атап өтті спикер. Іс-шара соңында ашық диалогқа қатысушылар спикерлерге тарифтер, инженерлік желілердің жай-күйі, жүргізіліп жатқан жұмыстар және елдегі су тапшылығының тиісті тәуекелдері бөлігінде қызықтыратын сұрақтар қойды. Барлық спикерлер ауыз су тарифтерін көтеру жөніндегі шешім инженерлік инфрақұрылымның тозу проблемаларын шешу және су тапшылығы проблемаларын шешу мақсатында мәжбүрлі шара екендігімен келіскен. Саладағы проблемалар:
Ұсыныстар:
Тұтастай алғанда, экономикалық зерттеулер институты қабырғасында өтетін ашық диалогтар сараптамалық қоғамдастықты елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері төңірегінде біріктіруге мүмкіндік береді.
Қарау саны: 1247 |
|
|