Қазақстанда миллионға жуық адам кедейлік шегінен төмен өмір сүреді
05.10.2023
Ұлттық статистика бюросы 2023 жылдың 2-тоқсанында халықтың өмір сүру деңгейі туралы статистиканы жариялады. 2023 жылдың екінші тоқсанында табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен үй шаруашылықтарының саны 177,8 мыңға жетті. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 9,4%-ке көп. Кедейлік шегінен төмен қазақстандықтардың саны да өсіп, 1 миллион адамға жетті. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 971 мың адамды құрап, 4,6%-ке өсім көрсетті. Өңірлік бөліністе осындай шаруашылықтарының көпшілігі Түркістан (27 415), Жамбыл (12 109), Ақмола (11 201), Маңғыстау (10 412) облыстары мен Алматы (18 479), Шымкент (13 040) қалаларына тиесілі. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда табысы төмен үй шаруашылықтары санының ең көп өсуі Ұлытау (86,8%-ке), Абай (50,9%-ке) облыстарында және Алматы қаласында (40,5%-ке) байқалды. Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен үй шаруашылықтарының ең азы Ұлытау (1 588 бірлік), Атырау (2 570) және Шығыс Қазақстан (5 096) облыстарында байқалады. Жергілікті жер түрлері бөлінісінде табысы күнкөріс деңгейінен төмен үй шаруашылықтарының саны бойынша толық теңдік байқалады. Мұндай шаруашылықтар қалаларда – 88,5 мың бірлікті, ауылдарда – 89,2 мың бірлікті құрайды. Бұл ретте ауылда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен адамдар саны көп – 560,7 мың адам, ал қалаларда – 455,6 мың адамды құрайды. Бұған қоса, ағымдағы жылдың екінші тоқсанында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда азық-түлік себетінен төмен табысы бар үй шаруашылықтарының саны бірден 2,5 есе өсті. Қазір мұндай үй шаруашылықтары ел бойынша 9,4 мың бірлікті құрайды. Оларда 59,4 мың адам тұрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 2,6 есе көп. Естеріңізге сала кетейік, тұтыну себеті – бұл адамның физиологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті ғылыми негізделген тұтыну нормалары бойынша ең аз азық-түлік жиынтығы. Еліміз бойынша жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі айына орта есеппен 47,8 мың теңгені құрады. Ал тұтынуға жұмсалған табыс көлемі орта есеппен жан басына шаққанда 88,4 мың теңгені құрады. Ең төменгі күнкөріс деңгейімен тұтынуға пайдаланылған кірістердің арақатынасы 184,7% құрады, оның ішінде қалада – 204%, ауылда – 153,4%. Айта кетейік, кедей халықтың басым бөлігі – көпбалалы отбасылар. Мысалы, күнкөріс деңгейінен төмен табысы бар миллион адамның 84%-і немесе 854,4 мың адам 5 және одан да көп адамнан тұратын үй шаруашылықтарында тұрады. Дәл осындай көрініс табысы азық-түлік себетінен төмен халық арасында байқалады. Азық-түлік себетінен төмен табысы бар 59,4 мың адамның 58,6 мыңы 4-5 және одан да көп адамнан тұратын үй шаруашылықтарының мүшелері болып табылады.
Қарау саны: 1076 |
|
|