Тұрақты даму жөніндегі Парламенттік комиссияның екінші отырысында денсаулық сақтау мен халыққа білім беру мәселелері талқыланды
09.10.2023
Тұрақты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттерді іске асыру мониторингі жөніндегі парламенттік комиссияның екінші отырысы халықты сапалы денсаулық сақтау және білім берумен қамтамасыз ету мәселелеріне арналды. Ағымдағы жылдың 06 қазанында ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы М.С. Әшімбаевтың төрағалығымен Қазақстанның тұрақты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі парламенттік комиссияның екінші отырысы өтті. Парламенттік комиссия отырысының жұмысына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, денсаулық сақтау, ағарту, ғылым және жоғары білім министрлері, мемлекеттік органдардың, ЮНЕСКО, ДДҰ, БҰҰДБ халықаралық ұйымдарының елдік өкілдіктері, өңірлер әкімдіктері мен мәслихаттарының басшылығы, Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері, сондай-ақ жұртшылық пен сарапшылар қоғамдастығының өкілдері қатысты. Экономикалық зерттеулер институты басқарма төрағасы Руслан Сұлтанов, басқарма төраға орынбасары Әділ Құсманов және ТДМ Хатшылығының өкілдері қатысты. Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-ші сессиясында Қазақстанның тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуді өзінің басты ұлттық басымдықтарының бірі деп санайтынын атап өтті. «БҰҰ мәліметтері бойынша, бүгінде әлем 2030 күн тәртібін іске асыруда айтарлықтай артта қалып отыр. Міндеттердің 30 пайызы бойынша көрсеткіштер 2015 жылғы бастапқы деңгейден ілгерілемей, тіпті төмендеп жатыр. 2015 жылмен салыстырғанда сегізге жуық мақсатта біздің позициямызды нашарлатқан көрсеткіштер бар. Бұл біз үшін үлкен сынақ. Осы көрсеткіштердің әрқайсысының артында біздің азаматтардың әл-ауқаты тұр. Сондықтан Парламент Үкіметпен, азаматтық және сараптамалық қоғамдастықпен бірлесіп, мақсаттарға жету үшін жүйелі жұмыс құру маңызды», - деп атап өтті Парламент Сенатының спикері. Сондай-ақ, ол ТДМ іске асыруға жүйелі тәсілді қалыптастыру және индикаторлардың ұлттық жүйесін өзектендіру қажеттігін атап өтті. Білім, денсаулық сақтау, ғылым және жоғары білім министрлері отырысқа қатысушыларды ТДМ іске асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстырды. ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ТДМ 3 ұлттық индикаторларына сәйкес халықтың денсаулығын нығайту жөніндегі шаралар туралы айтып берді. «Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және бағдарламалық құжаттарды іске асыру шеңберінде өткен жылдың қорытындысы бойынша ҚР-да жалпы өлім-жітім 2021 жылдың қорытындысымен салыстырғанда 29%-ке төмендеді. Қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 32,7%-ке, қатерлі ісіктен – 7,9%-ке, жарақаттан – 5,3%-ке төмендеді. Ана өлімінің 3 еседен аса төмендеуі байқалады. 2022 жылы сәби өлімінің деңгейі 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,6%-ке төмендеді», - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі. ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев күн тәртібі Қазақстанның білім беру жүйесінің мақсаттары мен міндеттеріне ұқсастығын атап өтті. Қазіргі уақытта 4 ТДМ шеңберінде білім беру сапасын жақсартуға және білім беру ресурстарына тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған «Жан-жақты және әділ жоғары сапалы білім беруді қамтамасыз ету және баршаны өмір бойы білім алуға ынталандыру» кешенді шаралары белсенді түрде енгізілуде. Министрдің айтуынша, бұл индикаторлардың барлығы білім беру саласындағы 2023-2029 жылдарға арналған мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту тұжырымдамасы, «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы және ҚР Оқу-ағарту министрлігінің даму жоспары сияқты негізгі стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға біріктірілген. Қазіргі уақытта мұғалімдерді даярлаудың барлық бағдарламалары инклюзивті білім беруге байланысты пәндерді қамтиды. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек әріптестерін тұрақты даму индикаторларына қол жеткізуге бағытталған шараларды іске асыру барысы туралы таныстырды. «Мемлекет Басшысының Жолдауын орындау үшін азаматтардың жоғары білім алуы үшін жағдай жасаудың қосымша тетігі ретінде «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу пысықталуда. Қазір Қазақстанда демографиялық өсім байқалады. Соңғы үш жылда 1 миллионға жуық бала дүниеге келді. Елімізде жыл сайын орта есеппен 400 мыңға жуық бала туады. Қазіргі уақытта бұл балалардың орта есеппен 40 пайызы мемлекеттік гранттармен қамтамасыз етілген», - деп атап өтті С.Нұрбек өз сөзінде. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова Денсаулық сақтау, білім беру, ғылым және жоғары білім беру салаларындағы ТДМ жекелеген нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізумен байланысты ағымдағы прогресс туралы ақпарат ұсынды. Өз сөзінде спикер тұрақты дамуға қол жеткізуге бағытталған күш-жігерге қарамастан, аталған салаларда әлі де маңызды жүйелік проблемалар бар екенін атап өтті. Осы салаларда көрсетілген көрсеткіштерді өзекті қылу, оларды мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына және басқа да шешімдерге неғұрлым толық интеграциялау үшін шаралар қажет. ДДҰ-ның Қазақстандағы өкілі Скендер Сыла ТДМ-ның негізгі қағидаты «ешкімді артта қалдырмау» болып табылатынын атап өтті, бұл халықтың осал топтарының денсаулық жағдайын жақсартуға және теңсіздікті азайтуға ерекше назар аударуды білдіреді. Сондай-ақ, ол «Қазақстан халықтың денсаулығын жақсартуда және денсаулық сақтау жүйесін нығайтуда елеулі прогреске қол жеткізіп отыр. Ел ана өлімін, бес жасқа дейінгі балалар өлімін және жаңа туған сәбилер өлімін төмендету бойынша жаһандық мақсаттарға қол жеткізді. Қазақстанның темекі мен никотинді қолданумен күрес бойынша қабылдап жатқан шаралары Еуропа өңірі үшін үлгі болып табылады», - деп қосты Скендер Сыла. БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа бюджеттік жоспарлауды тұрақты даму мақсаттарымен үйлестірудің маңыздылығын атап өтті. Ол сондай-ақ жекелеген тұрақты даму мақсаттарын қаржыландырудың жеткіліксіздігіне назар аударды. Кездесу қорытындысы бойынша отырысқа қатысушылар бірлескен жұмысты одан әрі жалғастыру бойынша өз ұсыныстары мен бастамаларын айтты.
Қарау саны: 1050 |
|
|