Рейтинг көрсеткіштері не туралы айтады? «Қауіпсіздік» бағытын жалғастырамыз
23.10.2023
Бүгін мүлік пен қолма-қол ақшаның қауіпсіздігіне тоқталып кетейік. Негізі, әлеуметтік прогресс индексінде «Ұрланған ақша» көрсеткіші ескеріледі. Бұл көрсеткіш сауалнамалық болып табылады және оны Gallup World Poll американдық қоғамдық пікір институты жүргізеді. Сауалнама шеңберінде «Соңғы 12 айда Сізден немесе басқа отбасы мүшесінен ақша немесе мүлік ұрланды ма?» сұрағына сәйкес респонденттердің пікірі бағаланады. 2022 жылы Әлеуметтік прогресс индексінің нәтижелері бойынша Қазақстан 0,09 мәнімен 169 елдің арасында 43-орында (2021 жылғы деректер) орналасқан. Айта кету керек, 5 жыл ішінде елдің позициясы 35-орыннан жоғары көтерілмеді. 2018 жылы респонденттердің көпшілігі мүлікті немесе қолма-қол ақшаны ұрлауға тап болмағанын атап өтті, нәтижесінде ел 37-орынға ие болды (5 жылдағы ең жоғары позиция). Ал 2019 жылы ел позициясының осы көрсеткіш бойынша 21 тармаққа төмендеуіне әкеп соқтырған өзге жағдай байқалады (ең төменгі позиция). Айта кету керек, Қазақстанмен бір позицияда Австрия, Чехия, Малайзия, Пәкістан және Сербия орналасты. Ұрлық деңгейі төмен үздік-5 елге Тайвань, Өзбекстан, Сингапур, Әзірбайжан, Корея сияқты елдер кіреді. Аутсайдерлер рейтингін негізінен Африка елдері басқарады (Кения, Ботсвана, Гамбия, Замбия және Уганда). ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректеріне сәйкес соңғы 5 жылда тіркелген қылмыстар санының жыл сайын төмендеуі байқалады (2018 жылы 292,3 мың бірліктен 2022 жылы 157,5 мың бірлікке дейін). Сондай-ақ, жасалған қылмыстардың барлық түрлерінен ұрлық үлесінің төмендеуі байқалады, ол шамамен 38% құрайды (2018 жылы – 61,6%). 2022 жылдың қорытындысы бойынша 12,9 мың ұялы телефон ұрлығы, 4 мың пәтер ұрлығы және 309 көлік ұрлығы тіркелген. Ұрлықты негізінен жұмыссыз адамдар (17 366 адам) жасайтынын атап өткен жөн. Бұған қоса, бұл қылмыстардың ашылуы әлі де төмен күйінде қалуда. Осылайша, 2022 жылы ұрлықтың 45,2%-і ашылды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 1,8%-ке аз. Сонымен қатар, 2018 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге жуық артқан алаяқтықтың өсуі туралы атап өтеміз. Бүгінгі күні көптеген адамдар интернетті қаржылық операцияларды жүргізу және онлайн сатып алу үшін пайдаланады, бұл киберқылмыскерлер үшін қолайлы. 2022 жылдың қорытындысы бойынша алаяқтықтың едәуір саны интернет-алаяқтыққа тиесілі (20 569 бірлік). Өңірлер бөлінісінде тіркелген киберқылмыстардың саны бойынша Астана қаласы (4 401 бірлік), Алматы қаласы (2 318 бірлік), Шығыс Қазақстан облысы (1 313 бірлік) антикөшбасшылар болып табылады. Бұл ретте интернет-алаяқтықтардың саны бойынша көшбасшылар Ұлытау (121 бірлік), Абай (276 бірлік) және Жетісу (280 бірлік) облыстары болып келеді. Сонымен қатар, интернет-алаяқтықтың өсу үрдісі тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде байқалады. Juniper Research есебіне сәйкес, 2025 жылға қарай онлайн төлем алаяқтықтарының жаһандық шығыны 206 миллиард долларға жетеді. Бұл сандар онлайн алаяқтықтың алдын алу үшін уақтылы шаралар қабылдаудың өзектілігін көрсетеді.
Қарау саны: 989 |
|
|