Рейтинг көрсеткіштері не туралы? «Қауіпсіздік» бағыты

30.10.2023

Көлік инфрақұрылымының сапасын және оның салдары ретінде жолдардағы қауіпсіздік деңгейін бағалайтын көрсеткіштердің бірі Әлеуметтік прогресс индексі аясында қарастырылатын «Көліктегі өлім жағдайлары» болып табылады. 

Анықтама үшін: Әлеуметтік прогресс индексінде көлікпен байланысты жарақаттардан туындаған 100 000 адамға шаққандағы жоғалған өмір жылдарын (DALYs) есепке алатын есептеу әдістемесі қолданылады. Бұл жарақаттарға автомобильдермен, мотоциклдермен, велосипедтермен және басқа көлік түрлерімен өзара әрекеттесу кезінде жазатайым оқиғалардан туындаған өлім немесе мүгедектік жатады.


2022 жылғы Әлеуметтік прогресс индексінде Қазақстан осы көрсеткіш бойынша 95-орынға ие болды (бұл ретте 2019 жылғы деректер пайдаланылғанын ескеру қажет). Жетекші орындарды келесі елдер иеленді: Сингапур, Ирландия, Жапония, Швеция және Нидерланды. Рейтингті Оман, Лесото және Сауд Арабиясы сияқты елдер жабады.

БҰҰ деректеріне сәйкес жыл сайын әлемде жол-көлік оқиғалары (ЖКО) салдарынан 1,3 миллион адам – әр 24 секунд сайын бір адам қаза табады. Тағы 20-дан 50 миллионға дейін адам өлімге әкелмейтін жарақат алады, бұл көптеген жағдайларда мүгедектікке әкеледі.

Бұл ретте ЖКО әлемдегі 5 пен 29 жас аралығындағы жастардың өлімінің ең көп тараған себебі болып табылады. Сондай-ақ, апат салдарынан болған барлық өлімнің жартысынан көбі жол қозғалысының осал қатысушылары – жаяу жүргіншілер, велосипедшілер мен мотоциклшілерге тиесілі екенін атап өткен жөн.

Әлемдік автокөлік паркінің шамамен 60%-і табысы төмен немесе орташа елдерге тиесілі болғанына қарамастан, онда барлық өліммен аяқталған ЖКО-ның 93%-і тіркеледі (10 құрбанның 9-ы табысы орташа және төмен елдерге тиесілі).
 
Жол-көлік жарақаты салдарынан болатын ең жоғары өлім-жітім Африка өңірі елдерінде, ал ең төмені – Еуропа өңірі елдерінде байқалады. Табысы жоғары елдерде де әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен топтарда жол-көлік оқиғаларының қаупі артады.

Барлық өліммен аяқталған ЖКО-ның шамамен 73%-і 25 жасқа дейінгі жас ер адамдарға келеді, олардың арасында ЖКО салдарынан қайтыс болу қаупі жас әйелдерге қарағанда үш есе жоғары.

ЖКО салдарынан көптеген елдердің экономикалық шығындары олардың ЖІӨ көлемінен 3%-іне жетеді. Бұл қайтыс болу немесе жарақат алу салдарынан емдеу құны мен өнімділіктің жоғалуына, сондай-ақ зардап шеккендерге қамқорлық жасауы керек адамдардың өндірістен немесе оқытудан алшақтауына байланысты.

ЖКО қаупінің факторларының бірі – жылдамдықты арттыру. Орташа қозғалыс жылдамдығының жоғарылауы олардың салдарының ауырлығына тікелей әсер етеді. Мысалы, қозғалыстың орташа жылдамдығының 1%-ке артуы өліммен аяқталатын ЖКО қаупінің 4%-ке және ауыр зардаптары бар ЖКО қаупінің 3%-ке өсуіне әкеледі.

Қауіпсіздік белдіктерін пайдалану алдыңғы қатардағы жүргізушілер мен жолаушылар арасында өлім-жітім қаупін 45-50%-ке және артқы қатардағы жолаушылар арасында өлім немесе ауыр жарақат алу қаупін 25%-ке төмендетеді. Балаларды ұстау жүйелерін пайдалану өлім қаупін 60% төмендетеді.
Сонымен қатар, көлік құралын басқару кезінде ұялы телефонды пайдалану ЖКО қаупін 4 есе арттырады. Көлікті басқару кезінде телефонды пайдалану реакцияның баяулауына (атап айтқанда, тежеу қажет болған жағдайда реакция уақытының ұлғаюына) әкеледі, сонымен қатар жол қозғалысы мен көлік құралдары арасындағы қашықтықты сақтауды қиындатады.

Қазақстанда жолдарда өлім-жітім деңгейі жоғары. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректеріне сәйкес 2022 жылы Қазақстанда 14 503 ЖКО орын алды, бұл ретте 18 378 адам зардап шекті, 2 396 адам қаза тапты. 2021 жылмен салыстырғанда (13 813) ЖКО санының 5%-ке өсуі байқалады.
 
ЖКО ең көп саны Алматы қаласында (3 502), сондай-ақ Алматы (2 083) және Жамбыл (1 500) облыстарында байқалады. Ең аз саны Абай (101) және Ұлытау (42) облыстарында тіркелді. Бұл ретте, өліммен аяқталған апаттардың 48%-і республикалық тас жолдарда орын алатыны да атап өтіледі.

Мемлекеттік органдар біртұтас тәсіл негізінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауы тиіс. Бұл көлік, құқық қорғау, денсаулық сақтау, білім беру сияқты көптеген секторлардың қатысуын, сондай-ақ жолдардың, көлік құралдарының және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін жақсарту бойынша шаралар қабылдауды талап етеді.

Тиімді шаралар қатарына неғұрлым қауіпсіз инфрақұрылымды жобалау және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету элементтерін жерді пайдалануды және көлікті дамытуды жоспарлауға енгізу, көлік құралдарының қауіпсіздік жүйелерін жетілдіру, ЖКО зардап шеккендерге көмекті жақсарту, негізгі тәуекелдерге қатысты заңнамалық актілерді қабылдау және орындауды қамтамасыз ету және ақпараттық-ағарту іс-шараларын жүргізу жатады.




Қарау саны: 1033
Сақталған: 22.11.2024






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!