Түркістан, Алматы, Қостанай облыстары мен Ұлытау облысының респонденттерінің жартысынан көбі өздерін қауіпсіз сезінбейді
04.01.2024
Өңірлік теңсіздік туралы 30 қорытынды. № 16 қорытынды – Түркістан, Алматы, Қостанай облыстары мен Ұлытау облысының респонденттерінің жартысынан көбі өздерін қауіпсіз сезінбейді. Лондон экономика және саясат ғылымдары мектебінің (LSE) және Экономикалық зерттеулер институтының (ERI) сарапшылары орындаған Қазақстан өңірлерінде қала және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын қабылдауды жалпыұлттық зерттеу шеңберінде Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Азия даму банкінің Білім және тәжірибе алмасудың бірлескен бағдарламасының «Өңірлік теңсіздікті зерттеу» жобасы шеңберінде өңірлердегі қауіпсіздік деңгейін бағалау жүргізілді. Адамның қажеттіліктерінің негізгі құрамдастарының бірі – қауіпсіздік. Қала немесе ауыл болсын, белгілі бір жерде жайлы өмір сүру үшін сыртқы факторлардан басқа, қоршаған ортаны бағалау кезінде қалыптасқан адамның жеке тәжірибесіне негізделген қауіпсіздік сезімі үлкен маңызға ие. Сауалнама нәтижелері бойынша, ел бойынша респонденттердің 61,6%-і тәуліктің қараңғы уақытында өздерін қауіпсіз сезінеді. Ұлытау (53,9%), Түркістан (49,4%), Алматы (48,9%) және Қостанай (48,7%) облыстарында респонденттердің жартысына жуығы тәуліктің қараңғы уақытында өздерін қауіпсіз сезінбейді. Қараңғыда Солтүстік Қазақстан облысының (80,5%) және елорданың (74,4%) тұрғындары өздерін барынша қауіпсіз сезінеді. Сауалнама аясында зерттелген келесі аспект – қорғалғандық сезімі. Сауалнама қорытындысы бойынша қазақстандықтардың 70%-тен астамы өздерін қорғалған сезінеді. Өңірлік бөліністе Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары өздерін анағұрлым қорғалған сезінеді (81,7%). Өзін қорғалған сезіну бойынша ең нашар бағалар Абай (38,4%), Павлодар (37,4%), Ақмола (36,8%), Қостанай (36,4%) облыстарында тіркелді. Сауалнама нәтижелері бойынша Шымкент қаласының әрбір үшінші тұрғыны өзін қорғалған сезінбейді. Өңірлердің қауіпсіздік деңгейінің толыққанды көрінісі үшін өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі полиция қызметін бағалау қаралды. Құқықтық тәртіп органдары жұмысының тиімділігі қауіпсіздік, қорғалғандық сезіміне және жалпы заңдылық жай-күйіне тікелей әсер етеді. Ел бойынша респонденттердің жартысынан көбі (52,6%) өз елді мекеніндегі құқық қорғау органдарының жұмысына қанағаттанған. Сауалнамаға қатысқандардың 30,8%-і «өте қанағаттанбаймын» деп жауап берді. Солтүстік Қазақстан (74,4%), Жетісу (72,7%) және Ақтөбе (69,9%) облыстарының тұрғындары құқық қорғау органдарының жұмысын оң бағалады. Жамбыл облысының (50,7%), Шымкент қаласының (49,1%) және Қызылорда облысының (48,4%) тұрғындары құқық қорғау органдарының жұмысына қанағаттанарлықсыз баға берді. Осылайша, сауалнамаға сәйкес, ел бойынша қауіпсіздік деңгейі орташа деңгейден жоғары. Респонденттердің көпшілігі құқық қорғау органдарының жұмысына қанағаттанады. Сауалнама нәтижелері бойынша ең қауіпсіз өңір Солтүстік Қазақстан облысы болып табылады. Қауіпсіздік рейтингінің аутсайдерлері Ұлытау, Түркістан, Алматы және Қостанай облыстары болып табылады. Қостанай облысында өңірдегі қауіпсіздік сезімі де төмен бағаланды.
Қарау саны: 936 |
|
|