2023 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 18 трлн теңгеге дейін жетті
18.01.2024
Ұлттық статистика бюросы негізгі капиталға 2023 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында салынған инвестициялар туралы мәліметтерді жариялады. Осылайша, инвестиция көлемі 2022 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда нақты мәнде 13,7%-ке өсіп, 18 трлн теңгеден асты. Маңғыстау облысында едәуір өсім байқалды – 34,3%. Одан кейін Абай облысы – 32,7%, Түркістан облысы – 26,1%, Шымкент қаласы – 26%. Жалпы алғанда, инвестициялардың өсімі еліміздің барлық өңірлерінде де байқалады. Инвестициялардың ең аз елеулі өсімі Атырау облысында тіркелді (+0,7%), алайда өңір республикалық деңгейден инвестициялар үлесі бойынша көшбасшы болып қала береді – 17,3%. Салалық бөліністе инвестициялардың негізгі көлемі өнеркәсіп саласында – 45,7% (оның ішінде ТМК – 26,3%, өңдеу өнеркәсібінде – 9,4%), жылжымайтын мүлікпен операцияларда (құрылыс) – 17,9% және көлікте – 14% тіркелді. Инвестициялардың негізгі көздері кәсіпорындардың меншікті қаражаты болып қала береді. Олардың үлесі 2022 жылғы 73,2%-тен 2023 жылғы 73,6%-ке дейін өсті, сондай-ақ мемлекеттік бюджет үлесі 15,5%-тен 15,8%-ке дейін көтерілді. Банктік кредиттеу үлесінің 3,2%-тен 2,5%-ке дейін төмендегенін атап өткен жөн. Барлық инвестициялардың жартысына жуығы шағын бизнеске тиесілі.
Қарау саны: 760 |
|
|