Сарапшы пікірі: Ерлан Каримов
08.09.2020
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 01 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауынан: ... «Президентке тікелей бағынатын Бәсекелестікті қорғау және дамыту бойынша агенттікті құруды тапсырамын. Тең бәсекелестікті дамытуда экономиканы мемлекет иелігінен шығару маңызды рөл атқарады. Орталық мемлекеттік органдардың, әкімдіктер мен холдингтердің меншігінде 7 мыңға жуық ұлттық нысан бар. «Мемлекет ең жақсы бизнес иесі емес деген сөз - аксиомаға айналды» деп атап кетті Мемлекет басшысы. Түсініктемелер: Ел Президентіне тікелей бағынатын «Бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі агенттікті» құру шын мәнінде өткір қажеттілік болып отыр. Бірнеше жыл бойы Экономикалық зерттеулер институты бәсекелестік мәселелері бойынша өзінің зерттеулері мен талдамалық жазбаларында монополияға қарсы органға елдің Бірінші басшысына тікелей бағынатын құқық қорғау органы мәртебесін беру туралы мәселені бірнеше рет көтерді. Бәсекелестік дамыған көптеген елдерде монополияға қарсы орган тергеу жүргізу кезінде үлкен өкілеттіктерге ие құқық қорғау органы ретінде құрылады және жұмыс істейді (мысалы, «таңдағы рейдтер» және жауап алуды Ұлыбританияның монополияға қарсы органдары (СМА); Еуропалық комиссия жанындағы монополияға қарсы заңнаманың бұзылуын тергеу жөніндегі арнайы топ; Канада (Competition Bureau Canada); Австралия (Australian Competition and Consumer Commission) және т.б.). Бұл ретте, Қазақстандағы «Бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі агенттіктің» қызметі ашық әрі тиімді болуы тиіс деп санаймын. Бұл үшін, менің ойымша, Агенттік тергеудің басталуы туралы баспасөз хабарламаларын жариялауы, өзінің интернет-порталында жүргізілген тергеулер туралы есептердің нұсқаларын ашық қолжетімді орналастыруы, сапалы тергеу жүргізу үшін экономикалық талдау әдістерін белсенді пайдалануы, қоғамдық тыңдауларды үнемі өткізіп отыруы, бәсекелестік мәселелері бойынша жеке сот (Трибунал) құруы, ел экономикасына мемлекеттің қатысуын азайту үшін «бәсекелестік бейтараптық» қағидатын ілгерілетуі тиіс.
Қарау саны: 5914 |
|
|