Рейтинг көрсеткіштері не туралы айтады?
12.02.2024
Азық-түлік шығындарының деңгейін және соның салдарынан азық-түлік сапасын бағалайтын көрсеткіштердің бірі IMD Әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингі аясында қарастырылатын "Азық-түлік тауарларына жұмсалатын шығындар" болып табылады. Анықтама: IMD Әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингінде азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға жұмсалатын жалпы тұтыну шығындары үй шаруашылығының жалпы тұтынушылық шығындарынан пайызбен есептеледі. Бұл ретте, 1 жылға кешіктірілген деректер қолданылады. Дереккөз Euromonitor International нарықтарды зерттеу жөніндегі халықаралық компанияның деректері болып табылады. IMD-2023 Әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингінің қорытындысы бойынша азық-түлік тауарларына жұмсалатын шығындар бойынша Қазақстан 48,24% мәнімен 64 ел ішінде 59-орынды иеленді, бұл деректер қатысқан елдер арасында нашар нәтиже болып табылады. АҚШ (6,49%), Сингапур (6,9%), Ұлыбритания (8,19%), Швейцария (8,82%), Ирландия (8,98%), Канада (9,77%), Австрия (10,38%), Австралия (10,82%), Финляндия (11,09%) және Германия (11,26%) көшбасшы орындарды алады. Бұл ретте, АҚШ, Сингапур және Ұлыбритания 5 жыл бойы үздік 5 позициясын сақтап келеді. Рейтингті Индонезия (32,33%), Филиппин (33,43%) және Қазақстан (48,24%) жабады. Соңғы 5 жылда Қазақстан осы көрсеткіш бойынша тұрақты төмен позицияларды иеленді және 58 орыннан жоғары көтерілмеді (2022 жыл). Бұл ретте, рейтингтің топ-10 елінің (орта есеппен 9,27%) азық-түлік тауарларына жұмсалатын шығындармен айтарлықтай алшақтық сақталуда. Сондай-ақ, соңғы 5 жылда әлемдік орташа мәннің 2019 жылғы рейтингте 18,38%-тен 2023 жылғы рейтингте 17,54%-ке дейін төмендеуі байқалады. Сонымен қатар, Euromonitor International деректеріне сәйкес Африканың кейбір елдерінде тұрғындардың азық-түлік тауарларына жұмсайтын шығындары Қазақстанға қарағанда аз: Эфиопияда – 41,3% Угандада - 44,2%, Камерунда - 45,2%. Бұл ретте. Қазақстанда Орталық Азия елдері: Қырғызстан (23,4%), Түрікменстан (36,9%), Өзбекстан (46,5%) арасында да азық-түлікке ең көп шығын жұмсалады. Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш 9% - 19 аралығында өзгереді. ҰСБ СЖжРА деректеріне сәйкес азық-түлік өнімдеріне ең көп шығындар Алматы қаласында (566,8 мың теңге) және Шығыс Қазақстан облысында (525,3 мың теңге) байқалды. Ең аз – Қызылорда облысында (359,3 мың теңге) және Шымкент қаласында (342,6 мың теңге) тіркелді. Қазақстан бойынша орташа есеппен 441,2 мың теңге жұмсалады. 2019 жылмен салыстырғанда, Қазақстан халқының азық-түлік өнімдеріне жұмсаған шығындары 43,53%-ке өсті. Азық-түлік инфляциясы айтарлықтай өсудің негізгі себебі болып табылады. 2022 жылдың аяғы мен 2023 жылдың басында өнімдердің жалпы қымбаттауы 24,1%–25,7% деңгейінде болды. Бұл ретте, сондай-ақ, Қазақстанда кірістердің өсу серпіні инфляцияның өсу серпінінен едәуір артта қалып отырғанын ескерген жөн. Азық-түлік пен алкогольсіз сусындарға жұмсалатын шығындардың құрылымында ең көп бөлігі ет пен ет өнімдеріне (17,4%), нан өнімдері мен жарма өнімдеріне (7,9%) және сүт өнімдеріне (5,2%) тиесілі болды. Балық пен теңіз өнімдеріне жұмсалатын шығындардың аз бөлігін атап өткен жөн – небәрі 2,1%. 2022 жылы ҚР СЖжРА ҰСБ іріктеп зерттеу нәтижелеріне сәйкес бір адамға шаққанда балық пен теңіз өнімдерін тұтыну шамамен 14,1 кг балықты құрады. Бұл ретте, орташа әлемдік көрсеткіш бір адамға шаққанда 20,5 кг құрайды. Жалпы алғанда, Қазақстанда соңғы 5 жылда азық-түлік шығындарының құрылымы майларды тұтынудан басқа, өзгерістерге ұшырамады (2019 жылғы 2,4%-тен 2022 жылғы 2,9%-ке дейін). Жалпы алғанда, елдер арасында байқалатын заңдылықты атап өткен жөн - ел неғұрлым бай болса, азық-түлікке жұмсалатын шығындардың үлесі соғұрлым аз болады және қызметтерге анағұрлым көп үлес тиесілі болады. Бұны Энгель Заңы растайды, оған сәйкес халықтың табысы өскен сайын азық-түлікке жұмсалатын шығындардың үлесі азая түседі, ал қызметтерге жұмсалатын шығындардың үлесі едәуір артады.
Қарау саны: 700 |
|
|