Тұрғын үймен қамтамасыз ету көші-қон факторы ретінде
29.02.2024
Тұрғын үймен қамтамасыз ету – бұл өмір сапасының негізгі көрсеткіштерінің бірі, сондықтан адамдардың көші-қон мінез-құлқының факторларының бірі болып табылады. 2022 жылғы деректер бойынша Қазақстанда тұрғын үймен қамтамасыз ету бір тұрғынға шаққанда 23,4 шаршы метрді құрады. Бұл ретте, БҰҰ халықаралық стандарттары бойынша бір адамға кемінде 30 шаршы метр тұрғын үй тиесілі болу керек. Өңірлер арасында статистикалық деректерге сәйкес бұл көрсеткіш тек Астана (30,5 ш.м.) және Алматы (29,1 ш. м.) қалаларында ғана нормаға сәйкес келеді. Сол өңірлерде халық ағыны байқалады – көші-қон сальдосы оң. Қалған өңірлерде халық саны азаюда. Халықтың кету себептерінің бірі тұрғын үймен қамтамасыз етілу мен қолжетімділіктің төмен деңгейі болуы ықтимал. Бұл туралы Қазақстанда тұрғын үйге қолжетімділік индексі куәландырады, ол 5,2 баллды құрайды, бұл халықтың көпшілігі үшін жылжымайтын мүліктің қолжетімсіздігін көрсетеді. Тұрғын үймен қамтамасыз етудің төмен болуы мәселесі тұрғын үйлерді пайдалануға беру қарқынының төмендеуімен күрделене түсуде. 2022 жылы пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданының нақты көлем индексі небәрі 92,6%-ды құрады. Пайдалануға берілген тұрғын үй ғимараттарының жалпы ауданы көлемінің төмендеуі соңғы 13 жылда алғаш рет орын алды. Қазіргі жағдайда өңірлерге келетін халық тұрғын үй тапшылығы мәселесіне тап болуы мүмкін. Тұрғын үймен қамтамасыз етудің төмен болуы аясында тұрғын үйлерді салу және пайдалануға беру қарқынының төмендеуі байқалатын өңірлерде осындай тәуекелдер бар. Келесі өңірлер тәуекел аймағында – Ұлытау, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Атырау облыстары. Бұл мәселе Алматы және Астана қалалары үшін аса өзекті, өйткені бұл қалаларда келген халық саны кеткен халық санынан асып түседі, яғни халық механикалық түрде артып келеді. Қазіргі уақытта тұрғын үйге қолжетімділік мәселелері 2023-2029 жылдарға арналған Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде қаралуда. Осы Тұжырымдаманың негізгі шаралары тұрғын үй құрылысына жеке инвестицияларды тарту; тұрғын үй заңнамасында айқындалған азаматтардың санаттарын тұрғын үймен қамтамасыз ету; ипотекалық тұрғын үй кредитін дамыту; тұрғын үй құрылысына үлестік салымдарды қорғауды қамтамасыз ету; тұрғын үй қорын жаңарту болып табылады. Тұрғын үй қолжетімділігінің негізгі факторлары тұрғын үйдің құны және халықтың табысы болып табылады. Қазақстан халқының табыстылығының төмендігі сақталып отырған мәселенің аясында мемлекеттің тұрғын үйге қолжетімділікті қамтамасыз етудегі рөлі, әсіресе халықтың тұрғын үй мәселесін өз қаражаты есебінен пәтер сатып алу арқылы өз бетінше шешу мүмкіндіктерін кеңейту бөлігінде жоғары болып қалып отыр.
Қарау саны: 724 |
|
|