Рейтинг көрсеткіштері не туралы айтады?

04.03.2024

"Білім экономикасы" бағыты аясында "Ғылыми мақалалар" көрсеткішін қарастырайық.
 
Ғылыми мақалалардың саны дәйексөз индексімен қатар ғалымдардың жарияланымдық белсенділігін сипаттайды. Бұл көрсеткіш IMD Әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингінде ұсынылған, оның дереккөзі Ұлттық ғылым қоры (NSF) болып табылады. 

IMD көрсеткіші Scopus дерекқорында ұсынылған журналдардан, кітаптардан және ғылым және инженерия конференцияларынан алынған мақалалар саны ретінде есептеледі.
 
Осылайша, Қазақстан "Ғылыми мақалалар" көрсеткіші аясында қандай нәтиже көрсетеді?

IMD-2023 рейтингінің қорытындысы бойынша Қазақстандағы ғылыми мақалалар саны IMD-2022 нәтижелері сияқты 2405 бірлік деңгейінде қалды. Елдің позициясы да сол деңгейде сақталды – 64 қатысушы елдер ішінде 52-орын (IMD-2022-де 63 ел болды). 

Мақалалар санының артуына қарамастан (IMD-2019-да 1564 бірліктен IMD-2023-те 2405 бірлікке дейін), басқа елдердегі ұқсас өсім қарқынына байланысты елдің орны едәуір өзгермеді.

IMD 2018-2023 жылдар аралығындағы нәтижелеріне сәйкес Қазақстанда ғылыми мақалалар санының шамалы өсімі байқалды. IMD рейтингінің әрбір шығарылымында алдыңғы 3-4 жылдағы деректер пайдаланылғанын атап өткен жөн, мысалы, IMD-2019-дағы "Ғылыми мақалалар" көрсеткішін бағалау үшін 2016 жылғы деректер, ал IMD-2023 үшін 2019 жылғы деректер пайдаланылды.


Қытай, АҚШ, Үндістан және Германия осы көрсеткіш бойынша жылдан жылға көшбасшылығын сақтап келеді.


Ғалымдардың жарияланымдық белсенділігі әртүрлі факторларға байланысты, олардың бірі ғылым мен білімге инвестициялау көлемі болып табылады. 

Ірі елдер, әдетте, ғылыми зерттеулер мен ғылыми инфрақұрылымды дамытуға едәуір қаражат бөледі. Дүниежүзілік Банктің мәліметтері бойынша, АҚШ пен Қытайда ҒЗТКЖ-ға жұмсалатын шығындар сәйкесінше ЖІӨ-нен 3,46% және 2,43% құрайды (2021 жылы).

IMD-2023 рейтингінде ҒЗТКЖ-ға жұмсалған жалпы шығындар бойынша Қазақстан ЖІӨ-нен 0,13% (257 млн АҚШ доллары) мәнімен 60 елдің ішінде 57-орынға ие болды, осылайша тек Перу (0,12%), Моңғолия және Кувейттен (0,10%) ғана озды.
 
"Бизнестің ҒЗТКЖ-ға жұмсайтын шығындары" көрсеткіші бойынша Қазақстан ЖІӨ-нен 0,05% (90 млн АҚШ доллары) мәнімен 59 елдің ішінен Перу мен Индонезиядан (0,02%), сондай-ақ Моңғолиядан (0,01%) озып, 56-орынға ие болды.

Сонымен қатар, кадрлық әлеуеттің төмендігі, бәсекеге қабілетсіз ғылыми инфрақұрылым, ғылым мен білімнің әлсіз интеграциясы және ғылымды басқарудың тиімсіз моделі төмен ғылыми өнімділікке әкеледі.

Бұған Қазақстанның Жаһандық инновациялар индексіндегі (Global Innovation Index) әлсіз позициялары дәлел бола алады. Мәселен, GII-2023-де Қазақстан 26,7 индексімен 132 елдің ішінде 81-орынға ие болды. Бұл индекс әлем елдерінің инновациялық дамуын сипаттайды және саяси ортаны, білім беруді, инфрақұрылымды және бизнестің даму деңгейін қоса алғанда, инновациялардың кең пайымын көрсетеді.

Осылайша, әлемдік ғылыми ортадағы көрсеткіштерді жақсарту және елдің мәртебесін көтеру үшін ғылыми қызметті ынталандыру және академиялық саланы дамыту үшін қосымша күш-жігер салу маңызды.
 
Осыған байланысты Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында ғылыми саланы дамытудың негізгі факторлары болып табылатын міндеттер көзделген. Мәселен, Тұжырымдама ғылымды қаржыландыруды ЖІӨ-нен 1%-ке дейін ұлғайту, Data Science әдіснамалары негізінде ғылымның барлық процестерін цифрландыру, Ұлттық ғылым академиясының тиімділігін арттыру және т.б. сияқты міндеттер қамтылған.

 


Қарау саны: 662
Сақталған: 22.12.2024






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!