Арыстан Есентүгелов дүниеден озды
11.03.2024
Көрнекті ғалым-ұстаз, экономика ғылымдарының докторы, профессор Арыстан Есентүгелұлы Есентүгелов дүниеден озды. Арыстан Есентүгелұлы Қазақстанның экономика ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосты. 1990-1995 және 1999-2002 жылдары АҚ «Экономикалық зерттеулер институтының» басшысы қызметін атқара жүріп, өзін дарынды ұйымдастырушы және ғылыми жетекші ретінде көрсете білді. Оның тікелей басшылығымен нарықтық экономикаға көшу жағдайында экономикалық процестерді талдау мен болжауға бағытталған көптеген жобалар жасалып, жүзеге асырылды. 200-ден астам ғылыми еңбектердің, монографиялар мен кітаптардың, соның ішінде «Аймақтық жоспарлаудағы жүйелік талдау», «Нарықтық экономика – Қазақстан таңдауы», «Қазақстандағы экономиканың институционалдық және құрылымдық трансформациялары» сияқты маңызды басылымдардың авторы болып табылады. Елдегі экономикалық ойдың қалыптасуына Арыстан Есентүгеловтың ықпалы зор екені анық. Нарықтық экономикаға көшудің қиын-қыстау кезеңінде Арыстан Есентүгелұлы республиканың әлеуметтік-экономикалық жағдайын тұрақтандырудың бірқатар тиімді шараларын ұсынып, өзін терең талдаушы, стратег ретінде көрсете білді. Оның «Ұлттық экономиканың дамуын тұрақтандыру және Қазақстанның нарықтық экономикаға көшу бағдарламасын» құру шеңберіндегі жұмысы кейінгі экономикалық реформаларға негіз болды. Экономикалық зерттеулер институтының ұжымы Арыстан Есентүгелұлы Есентүгеловтың қайтыс болуына байланысты туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Оның өмірі мен қызметі болашақ ғалымдар мен зерттеушілерге үлгі болмақ. Арыстан Есентүгелұлының жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.
Қарау саны: 616 |
|
|