Біздің өңірлер Өңірлік стандарттар жүйесіне қаншалықты сәйкес келеді?
28.03.2024
Өңірлік стандарттар жүйесінің талаптарына сәйкес өңірлердің объектілермен және көрсетілетін қызметтермен (игіліктермен) қамтамасыз етілуін бағалау қорытындыларын ұсынуды жалғастырамыз. Кезекте Қарағанды облысы. Облыс халқы 1,1 млн. адамды құрайды. Өңірде қалаланудың ел бойынша ең жоғары көрсеткіші – 81,6%. Облыстың қолайлы географиялық жағдайы, дамыған өнеркәсіп және шағын және орта бизнес саласы бар. Алайда, бар әлеуетке қарамастан, өңірдегі өмір сапасы салыстырмалы түрде жоғары емес. Осылайша, Өңірлік стандарттар жүйесі бойынша объектілермен және қызметтермен (игіліктермен) қамтамасыз ету деңгейі небәрі 55,5% құрайды. Бұл ел өңірлері арасында 14-орын. Объектілермен қамтамасыз етудің жоғары көрсеткіштері тұрмыстық қызмет көрсету инфрақұрылымында, әлеуметтік қамсыздандыруда, мәдениет және спорт саласында, инфокоммуникацияларда байқалады. Жол және көлік инфрақұрылымында объектілермен және қызметтермен қамтамасыз ету әлсіздігі тіркелді. Салалар бөлінісінде инфрақұрылымдық қамтамасыз ету бойынша жағдай қандай екенін қарастырайық. Білім беру саласында объектілермен және көрсетілетін қызметтермен (игіліктермен) қамтамасыз ету деңгейі 98,4% құрады. Балабақшалармен қамтамасыз ету деңгейі 96,1% құрайды. Бұл ретте, облыста балаларды мектепке дейінгі білім беру қызметтерімен қамту көрсеткіші небәрі 68,9% құрайды (республика бойынша - 81,8%). Өңірде барлығы 411 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді. Осыған қарамастан, балабақшаларда орын алу кезегі 27 мыңнан астам адамды құрайды. Орта білім беру объектілерімен қамтамасыз ету көрсеткіші 96,8% құрайды. Облыста бір үш ауысымды және екі апатты мектеп бар. 2026 жылға қарай оқушы орындарының тапшылығы 22 мың бірлікке дейін өсуі мүмкін. Орта білім берудегі қамтамасыз ету көрсеткіштерінің төмендеуіне кадр тапшылығы мәселесі теріс әсер етеді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша кадрларға қажеттілік 153 адамды құрады, оның ішінде бастауыш сынып мұғалімдері – 18, математика – 25, орыс тілі – 21, ағылшын тілі – 23, физика – 9. Техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерімен қамтамасыз ету 96,1% құрайды. Облыста 54 ұйым жұмыс істейді, онда 33,6 мың адам білім алады. Денсаулық сақтау саласында объектілермен қамтамасыз етілу деңгейі 93,1% құрайды, бұл ретте облыс өңірлер арасында өмір сүру ұзақтығының ең төмен көрсеткішіне ие - небәрі 71,51 жыл (73,94 жыл). Бұдан басқа, облыс халықтың аурушаңдық деңгейі салыстырмалы түрде жоғары өңірлер қатарына кіреді - 100,0 тұрғынға шаққанда 50,9 мың адам (орташа республикалық деңгей - 100,0 тұрғынға шаққанда 49,1 мың адам). Кадр тапшылығы мәселесі бар. Мәдениет саласында объектілермен қамтамасыз ету көрсеткіші орта есеппен 99,0% құрайды: мұражайлармен - 100%, дене шынықтыру-сауықтыру кешендерімен – 99,1%, кітапханалармен – 98,7%, мәдени-демалыс ұйымдарымен – 97,7%. Саланың мәселелері ғимараттары күрделі жөндеуді қажет ететін авариялық объектілер мен мекемелердің болуымен байланысты. Мәселен, облыста 2 нысан апатты жағдайда тұр (Балқаш қаласы, Бұқар Жырау ауданы), 42 нысан күрделі жөндеуді қажет етеді. Сонымен қатар, 85 нысанда материалдық-техникалық базаны жақсарту қажет. Жаңа құрылысқа қажеттілік 25 бірлікті құрайды, оның ішінде 13 мәдени-демалыс ұйымы, 10 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 2 кітапхана. Инженерлік инфрақұрылым тіршілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылымның негізгі элементтерінің бірі болып табылады. Өңірде елді-мекендердің орталық сумен қамтамасыз етілуі орта есеппен 99,9%, электрмен жабдықтау 99,4%, су бұру (кәріз) 71,8% құрайды. Саланың негізгі мәселесі желілердің жоғары тозуы болып табылады – 67-70%. Өңірде саланы жаңғырту мақсатында 2025 жылға дейін 3,7 км жылу желілерін, 445 км электр беру желілерін және 354 бірлік трансформаторлық қосалқы станцияларды жаңғырту және салу жоспарлануда. Көлік-жол инфрақұрылымы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін негізгі буын болып табылады. Елді-мекендерді жолдармен қамтамасыз ету небәрі 76,1%, көшелерді жарықтандырумен қамтамасыз ету 83,8% құрайды. Қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету көрсеткіштері одан да төмен - небәрі 73,1%. Тұрғындар өңірдегі өмір сапасы туралы не ойлайды? "Қазақстан өңірлеріндегі қала және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын қабылдауды жалпыұлттық зерттеу" нәтижелеріне сәйкес Қарағанды облысының тұрғындары жолдармен қамтамасыз етуге ең аз қанағаттанатыны анықталды (4 балдан 1,93 балл). Облыс тұрғындарының көп бөлігі (50,0%-дан астамы) медициналық көмек деңгейіне қанағаттанған және өңірдегі ауруханалар жеткілікті деп санайды. Алайда, қанағаттанбағандардың пайызы өте жоғары, респонденттердің шамамен 40%-ы медициналық көмектің сапасына наразылық білдірді. Облыс тұрғындары білім беру саласының, әсіресе балабақшалар мен мектептердің қызметтерімен қамтамасыз етілуін жоғары бағалайды: халықтың шамамен 80%-ы олар өңірде жеткілікті деп санайды. Бұл ретте, халықтың 1/5 бөлігі білім беру қызметтерінің қолжетімділігіне қанағаттанбайды. Елді-мекендер бөлінісінде жағдай қандай? Бағалау қорытындысы бойынша қамтамасыз етудің 80%-дан жоғары деңгейін 1,0 млн. астам адам тұратын облыстың 63 елді-мекені көрсетті, бұл облыс халқының 91,0%-дан астам үлесін құрайды. Облыс қалаларында ӨСЖ сәйкес объектілермен қамтамасыз ету 91,1% құрайды. Облыстың барлық аудан орталықтарында ӨСЖ қамтамасыз ету деңгейі 90%-дан асады. Ауылдық округтердің орталықтары инфрақұрылымдық жағынан жақсы жабдықталған. Ауылдық округтердің орталықтары арасында бірден 50 елді мекенде (жалпы санының 33%) ӨСЖ қамтамасыз ету деңгейі 80%-тен асады. Қалған ауылдық елді-мекендерде ӨСЖ деңгейі 37,0%-тен сәл асады. Жалпы алғанда, Қарағанды облысы бойынша талдау қала мен ауыл арасындағы инфрақұрылыммен қамтамасыз етуде едәуір сәйкессіздіктердің бар екендігін көрсетті. Мәселен, ауылдық жерлерде инфрақұрылым объектілерімен қамтамасыз ету деңгейі небәрі 54,5%, ал қалаларда 91,1% құрады.
Қарау саны: 481 |
|
|