Рейтинг көрсеткіштері не туралы айтады?
22.04.2024
Халықаралық сауда тақырыбын жалғастыру үшін "АКТ қызметтерінің экспорты" көрсеткішін қарастырайық. Бұл көрсеткіш Жаһандық инновациялар индексі (Global Innovation Index, WIPO) шеңберінде қаралады және сауданың жалпы көлеміндегі телекоммуникациялық, компьютерлік және ақпараттық қызметтер экспортының үлесін көрсетеді. Анықтама үшін: Көрсеткіш мәндері Халықаралық валюта қоры Нұсқаулығының төлем теңгерімі және халықаралық инвестициялық позиция жөніндегі алтыншы (2009) басылымында, сондай-ақ төлем теңгерімі жөніндегі дерекқорда келтірілген сыныптамаға негізделген. 2023 жылғы рейтингте Дүниежүзілік сауда ұйымының және Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясының деректері, коммерциялық қызметтер саудасы туралы 2014-2021жж. дерекқоры пайдаланылды. GII 2023 рейтингіне сәйкес АКТ қызметтерінің экспорты бойынша Қазақстан 0,3% мәнімен 132 ел арасында 111-орынға ие болды. Елдің позициясы 4 тармаққа жақсарғанына қарамастан, сауданың жалпы көлемінен АКТ қызметтері экспортының үлесі өзгеріссіз қалды (0,3%). АКТ қызметтері экспортының ең үлкен үлесі Ирландияда (35,2%), Израильде (19,2%), Кипрде (17,6%), Финляндияда (13,0%) және Үндістанда (12,1%) тіркелді. Рейтингтегі аутсайдерлер Таиланд (0,112%), Бруней-Даруссалам (0,037%), Гвинея (0,034%), Мексика (0,014%) және Бенин (0,012%) болып табылады. АКТ-мен байланысты қызметтер (телекоммуникациялық, компьютерлік және ақпараттық) отандық экспорттың қарқынды дамып келе жатқан сегменттерінің бірі болып табылады. 2022 жылы Қазақстаннан АКТ қызметтерінің экспорты шамамен 470,3 млн АҚШ долларын құрады. 2013 жылмен салыстырғанда олардың көлемі 3,3 есе өсті (жалпы қызметтер бойынша – 1,5 есе). 10 жылдағы экспорттың ең аз көлемі 2017 жылы тіркелді (116,3 млн. АҚШ доллары). Әрине, АКТ қызметтері экспортының өсу факторларының бірі 2022 жылы Қазақстанда халықаралық АТ-компаниялардың кеңселерін ашу болды. Astana Hub резиденттері жаһандық нарықта жұмыс істейтін көптеген АТ-компаниялар, соның ішінде Playrix, InDrive, Nexters, Mytona болды. Сондай-ақ, Astana Hub-қа EPAM Kazakhstan (американдық АТ-компаниясы) компаниясы кірді. Сонымен қатар, жекелеген digital-мигранттардан басқа, 2022 жылы 100-ден астам ресейлік және беларусьтік АТ-компаниялар Astana Hub қатысушысы ретінде тіркелуге өтінім берді. АКТ қызметтерін қазақстандық экспорттау құрылымында 71% компьютерлік қызметтерге (аппараттық және бағдарламалық қамтамасыз етумен, деректерді өңдеумен байланысты), 27,3% – телекоммуникациялық қызметтерге және 1,7%-ке жуық ақпараттық қызметтерге (деректер мен дерекқорларды сақтау және тарату, интернеттен ақпарат іздеу және басқа да ақпараттық қызметтерді қоса алғанда) тиесілі. Соңғы 3 жылда өсудің жоғары қарқыны компьютерлік қызметтер экспортының 10 есеге артқанын көрсетеді: 33,5 млн АҚШ долларынан 333,8 млн АҚШ долларына дейін. Ақпараттық қызметтердің сыртқы сауда айналымы құрылымында да оң үрдістер байқалады: 2018 жылдан бастап экспорт 4,3 есе өсті. Сондай-ақ, соңғы 10 жылда тек телекоммуникациялық қызметтер саласында экспорт импорттан асып түсті: 2017 жылы (3%-ға) және 2022 жылы (8%-ға). Бұл ретте, осы бап бойынша экспорт барынша тұрақтылықпен белгіленді. Жалпы, АКТ-ға байланысты қызметтердің қазақстандық экспорты (0,5 млрд АҚШ доллары) жалпы әлемнің елеусіз бөлігін (шамамен 0,03%) құрайды. Әлемде негізгі экспорттаушылар Ирландия (206,4 млрд АҚШ доллары), Үндістан (144,8 млрд АҚШ доллары), АҚШ (67,6 млрд АҚШ доллары), Қытай (55,7 млрд АҚШ доллары) және Израиль (45,3 млрд АҚШ доллары) болып табылады. 2022 жылы қазақстандық АКТ қызметтерінің негізгі тұтынушылары Ресей (41,8 млн АҚШ доллары), АҚШ (32,7 млн АҚШ доллары) және Ұлыбритания (18,8 млн АҚШ доллары) болды. АКТ саласының дамуы экономиканың дамуымен тығыз байланысты-экономиканың даму деңгейі неғұрлым жоғары болса, АКТ даму деңгейі соғұрлым жоғары болады. Бұл ретте, кері байланыс бар, АКТ саласын дамыту жұмыс орындарының санын көбейтумен қатар экономиканың басқа салаларының тиімділігін арттырады. Осыған байланысты Қазақстанның АКТ саласын дамыту шеңберінде инфрақұрылымды дамыту, бизнесті жүргізу жағдайларын жақсарту, қаржыға қол жеткізуді қамтамасыз ету, сондай-ақ адами капиталды дамыту кіретін АКТ секторының экожүйесінің барлық элементтерінің қатысуымен кешенді тәсіл талап етіледі.
Қарау саны: 423 |
|
|