Сағаттар vs Өнімділік: қайта жүктеу

25.04.2024

Глобализация және технологияның қарқынды дамыған дәуірінде жұмыс уақыты мен адам капиталы арасындағы баланс барынша өзекті тақырыпқа айналды. 

Халықаралық еңбек ұйымының 2022 жылғы есебіне сүйенсек, Финляндия және Швеция секілді адам капиталына көп инвестиция жасайтын елдердің көрсеткіштері қызметкерлерінің өмір сапасы бойынша да, еңбектің өнімділігі бойынша да жоғары.


Жұмыс уақытын реттеу – еңбек заңнамаларының ең басты және байырғы проблемаларының бірі. Халықаралық еңбек ұйымының ең алғашқы, 1919 жылы қабылданған «1919 жылдағы жұмыс күнінің ұзақтығы жайлы Конвенциясы», «Адам құқының жалпыға бірдей декларациясы», «Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар жайлы Халықаралық пакті» сияқты құжаттардың барлығында жұмыс күнінің ұзақтығы мен демалыс кезеңдері қарастырылған. 

Халықаралық еңбек ұйымының 1919 жылғы конвенциясының 2-бабы бойынша жұмыс күнінің ұзақтығы максимум 8 сағат, ал жұмыс аптасының ұзақтығы 48 сағат (өнеркәсіпте) болып бекітілді. Дегенмен, бұл норма қазір, технологиялар адам еңбегін оңтайландырып жатқан дәуірде, қаншалықты тиімді? Жұмыс күнінің 8 сағатын қызметкерлер шын мәнінде максималды өнімділікпен өткізе ме, әлді біз өзімізді алдап жүрміз бе? Ұзақ жұмыс күні адам капиталына қалай ықпал етеді?

Адам капиталы құрамына кез-келген экономиканың кілт ресурсы есептелетін білім деңгейі, дағдылар мен тәжірбие кіреді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының 2020 жылғы зерттеуі бойынша, білім алудың әр қосымша жылы еңбек өнімділігін 6-10 пайызға көтере алады. Дәл сол уақытта, жұмыс күні ұзақтығының қызметкерлер өнімділігі мен денсаулығына көрсетер ықпалы күрделі.
 
Халықаралық тәжірбиеге қарасақ, жұмыс уақытын басқарудың түрлі келістерін көруге болады. Мәселен, ұзақ жұмыс күні қалыпты жағдай саналатын Жапонияда соңғы жылдары өнімділікті және қызметкерлердің өмір сапасын арттыру мақсатында жұмыс сағаттарын қысқарту бойынша бағдарламалар енгізіліп жатыр. Халықаралық еңбек ұйымының статистикалық деректеріне жүгінсек, жұмыс уақытын 10%-ға қысқарту өнімділікті 8%-ға көтереді. 
2023 жылғы Eurostat мәліметтері бойынша, Германияда жұмыс аптасының ұзақтығы 34,2 сағат құрайды, ал жұмыс өнімділігі бойынша ел Еуропадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірін құраған. Бұл нәтижеге мемлекет қызметкерлердің біліктігін арттыру және жалғасымды оқыту, сонымен қатар, еңбектің ыңғайлы/икемді формаларын енгізу арқылы қол жеткізген.

Халықаралық еңбек ұйымының статискасына сүйенсек, Қазақстанда жұмыс аптасы шамамен 38 сағатты құрайды, ал 49 сағаттан көп жұмыс істейтіндер 2 пайызды құрайды.

Ал Google және Microsoft секілді компаниялар 4-күндік жұмыс аптасын тұрақты негізде енгізіп, тиімсіз кездесулер мен үзіліс уақытын қысқарту арқылы өнімділікті және жұмыспен қанағаттануды 20-40 % көрсеткішке ұлғайтқан. Бұл мәлімет адам капиталына деген инвестицияның және максималды өнімділік үшін жұмыс күнінің оңтайлы моделінің маңызын көрсетеді.
 
Осы орайда айта кету керек, елімізде де жұмыс ұзақтығын қысқартуға байланысты алғашқы қадамдар жасалып жатыр. 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда Еңбек кодексіне өзгерістер енгізіліп, 4-күндік жұмыс аптасына рұқсат етілді. Еңбек келісімшартында тараптардың өзара келісімімен 4-күндік жұмыс аптасын 5 және 6-күндік жұмыс апталарын кезектестіру арқылы орнатуға болады.
 
Сонымен қатар, кеңсе қызметкерлері күніне бар болғаны 3 сағат ғана өнімді жұмыс жасайды. Кез-келген салада қызметкерлер 60 пайызға немесе одан да төмен пайызға өнімді. Қызметкерлер орташа есеппен күніне тек 2 сағат 23 минут қана өнімді және тиімді жұмыс атқара алады. Демек, 8-сағаттық жұмыс күнінің 5 сағаттан астам уақыты өнімсіз қолданылады. Әдетте қызметкерлер таңғы 9-дан түскі 12-ге дейін барынша өнімділікті және жұмысқа гиперфокусты көрсетеді.
 
Дегенмен жұмыс күнінің ұзақтығы тек өнімділікті баяулатып қана қоймай, адам капиталының денсаулығына да аса үлкен зардап тигізеді. Қызметкерлер денсаулығының нашарлауы басқа қызметкерлердің үстеме жұмысын көбейтеді және, өз кезегінде, ұзақ мерзімдік жұмыс өнімділігіне зиян келтіреді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының және Халықаралық еңбек ұйымының зерттеуі бойынша ұзақ жұмыс күні адам капиталын денсаулық жағынан әлсіретеді. Мәселен 2016 жылы әлем бойынша жүрек-тамыр ауруларынан көз жұмған адамдар саны 745 мыңды құраған. Бұл нәтиже 2000 жылмен салыстырғанда 29 %-ға көп. Жүргізілген зерттеу нәтижесі бойынша, жұмыс аптасының 55 сағат немесе одан да көп болуы инсульт ықтималдығын 35 %-ға, ишемиялық ауруларды – 17%-ға өсіреді. Әрине, аптасына 35-40 сағаттық жұмыс денсаулыққа дәл осындай қауіпті емес, дегенмен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының және Халықаралық еңбек ұйымының деректері бойынша, әлемде 488 млн қызметкер аптасына 55 сағаттан да көп үстеме еңбекпен айналысуға мәжбүр. Зерттеу нәтижелерінде жұмыспен байланысты аурулардан көз жұматындардың жасы 45-74 жас аралығында, және басым көпшілігі, дәлірек айтсақ, 70 пайыздан астамы ер адамдар деп көрсетілген (2016 жылғы дерек).
 
Гарвард университетінің Қоғамдық Денсаулық мектебінің жазбасында, қызметкерлер денсаулығына қатысты себептерге байланысты АҚШ жылына шамамен 150 млрд долларды жоғалтады. Әрине, бұл шығындар науқастыққа байланысты жоғалған пайданы, сақтандыру мен басқа да төлемдерді қамтиды. Сонымен қатар, Гарвард университетінің келесі зерттеуі бойынша, америкалық компаниялар қызметкерлердің ұйқысы қанбауы себебінен, жылына 65 млрд доллар жоғалтады.
 
Бәлкім, жұмыс берушілер қызметкер денсаулығының еміне емес, профилактикасына көңіл бөлуі керек шығар? Себебі, 8-сағаттық жұмыс кей жағдайда қызметкерлерге ыңғайлы уақытта дәрігерге барып көрінуді де қиындатады.
 
Жоғарыда аталған мәселелерден бөлек, қызметкерлердің жиі жұмыстан кейін қалып, қосымша үстеме жұмысты атқаратынын да ескеруіміз керек. Сонда орташа деңгейлі кеңсе қызметкерлерінің күндік жүктемесі 8 сағаттан да көп.
 
COVID-19 пандемиясының кезіндегі карантин біраз адамның эмоционалды жай-күйіне жақсы әсер еткеніне қарамастан, үстеме еңбек еткендер саны әлемдегі барлық халық санының 9 пайызын құраған. Себебі, қашықтан/үйден жұмыс жасау жеке өмір мен жұмыс арасындағы шекті бұзып, балансты жоққа келтірді. Десе де, карантин мерзімі аяқталса да, бұл әдет көп адамның, әсіресе сол жылдары карьерасын алғаш бастағандарда тұрақты әдет ретінде сақталған. Оның үстіне, пандемиядан кейін жұмыс культі қайта жаңғырды, тіпті сән әлемінің 2024 жылға бағдарлаған басты трендтерінің бірі жұмысбастылық пен кеңсе эстетикасы болды. Демек бұл үстеме еңбектің артуы себебінен жұмыс уақытының көбеюіне әкеп соғады.

Қорытындылайтын болсақ, үздік нәтиже үшін қызметкерлердің тек білім және біліктілік деңгейі ғана емес, сонымен қатар жұмыспен қанағаттануы және жақсы денсаулығы мен эмоциялық күйі де аса маңызды. Бір уақытта қызметкерлер біліктігін арттыру және жұмыс күнін қысқарту арқылы жоғары нәтижелерге персоналдың денсаулығына зиян келтірмей жетуге болады. Бұл өз кезегінде қызметкерлердің ұйымға адалдығын арттырады, демек қызметкерлер бір жұмыс орнында ұзақ тұрақтап қызмет атқаруға мүдделі болады.



Қарау саны: 402
Сақталған: 22.12.2024






... күте тұрыңыз

Хорошая погода, не так ли?

Таратылымға жазылу


Операция сәтті аяқталды.



ҚАТЕ!