Сарапшы пікірі: Салтанат Ахметжанова
10.09.2020
Президент Жолдауында жаңа экономикалық бағыттың жеті негізгі қағидаты, оның ішінде «мемлекеттің негізделген шешімдер қабылдауы және олар үшін қоғам алдындағы жауапкершілік» қағидаты айқындалған. Осы қағидатты іске асыру мемлекеттік басқарудың заңнамалық негізін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Экономикалық шешімдер қабылдаудағы жаңа тәсіл мемлекеттің, халықтың және бизнестің негізсіз шығындарын анықтауға бағытталған қазіргі уақытта әзірлеуші мемлекеттік органдар жүргізетін қабылданатын заң жобаларының әлеуметтік –экономикалық салдарын бағалаудың маңыздылығын күшейтеді. Мұндай тәсіл заңнамалық нормалардың тиімділігін объективті және жан-жақты талдауды, мүдделі мемлекеттік органдарды нақты үйлестіруді және ықпал етудің барлық нысаналы топтарының (мемлекеттің, халықтың, бизнестің) мүдделерін ескеруді көздейді, бұл бизнес пен халыққа түсінікті шешімдер қабылдауға, бюджет шығыстарынан барынша пайда алуға мүмкіндік береді. Бағалау нәтижесінде атқарушы биліктің қызметін шамадан тыс заңнамалық реттеу мәселесі де шешілуі керек. Қазіргі уақытта Қазақстанда норма шығару процесінің бір бөлігі қағаз тасығыштарда қолмен жүзеге асырылады, бұл норма шығарудың негізгі проблемаларының бірі - жоғарыда көрсетілген процесті автоматтандыруға мүмкіндік беретін бірыңғай құқықтық жүйенің жоқтығын көрсетеді. Мемлекет басшысы өз Жолдауында барлық реформалардың базалық элементі – цифрландыру процесін жалғастыру, атап айтқанда деректер базасының бірыңғай жүйесін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. 2019 жылы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында көзделген «Е-заңнама» жүйесін әзірледі. Бұл жүйе нормативтік құқықтық актілерді дайындау, қоғамдық талқылау, келісу, бекіту және жариялау процесін автоматтандыру арқылы мемлекеттік органдардың жұмысын едәуір жеңілдетеді, НҚА жобаларының мәтіндерін қалыптастыру уақытын қысқартады, тұтынушылардың әртүрлі топтары тұрғысынан заңнаманың қажеттіліктерін неғұрлым сапалы бағалауға мүмкіндік береді. Заң шығару процесін автоматтандыру шет елдерде кеңінен қолданылады. Мысалы, Германияда алдын-ала ұсыныстан бастап түпкілікті жобаға дейінгі үздіксіз цифрлық заңнамалық процесті жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тиімді АТ-инфрақұрылым жұмыс істейді. Осылайша, eZeitplanung жобасы заңнамалық органдар мен тартылған министрліктер арасында заңнамалық жобалар бойынша ұжымдық жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Германия заңнаманы сақтау шығындарын алдын-ала есептеуді жеңілдететін онлайн-қосымшаны енгізді, федералды министрліктерге жаңа реттеуші бастаманың жекелеген ережелері туралы мәліметтерді құрылымдалған түрде жинауға, заңнаманы сақтау бойынша күш-жігерді анықтауға және тиісті есептеулер жүргізуге мүмкіндік береді. АҚШ-та Regulations.gov веб-сайты жұмыс істейді, бұл мемлекеттік пайдаланушыларға федералды нормативтік мазмұнға қол жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында іске қосылған электрондық норма шығарудың бастамасы болып табылады. Порталда ұсынылған және түпкілікті нормативтік актілердің электрондық нұсқалары, сондай-ақ басқа да нормативтік құжаттар мен Федералды тізілімнің хабарламалары бар. Жалпы, Президент мемлекеттік басқаруды, ұлттық экономиканы, стратегиялық салаларды, өңірлерді, құқық қорғау және сот жүйелерін реформалауды, әлеуметтік әл-ауқатты арттыруды дамытудың жүйелі міндеттерін айқындады. Президенттің барлық бастамаларын іске асыру үшін тиісті заңдар, оның ішінде «Өнеркәсіптік саясат туралы», Әлеуметтік кодекс, Экологиялық кодекс қабылданатын болады.
Қарау саны: 6158 |
|
|