2023 жылы басқа шығындар Қазақстанның республикалық бюджетінің барлық шығындарынан 3,5% құрады (2022 жылы 3,2%). Басқа шығындар сомасы 2023 жылы 36,0%-ке 764,3 млрд теңгеге дейін ұлғайды (2022 жылы 562,0 млрд теңге).
Өткен жылы шығындардың осы түрінің жалпы сомасынан 65,7% басқа бағыттарға (Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін нысаналы трансферт есебінен "Проблемалық кредиттер қоры" АҚ-ға нысаналы аудару жолымен ұлттық валютада (теңгемен) орналастырылған жеке тұлғалардың депозиттері бойынша өтемақы (сыйлықақы) төлеу, облыс орталықтарында, моно, шағын қалалар мен ауылдық аумақтарда инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі іс-шараларды іске асыру, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді орындау және т.б.), 33,0% – кәсіпкерлік қызметті қолдауға және бәсекелестікті қорғауға (кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы және басым жобаларға кредит беру тетігі шеңберінде іс-шараларды іске асыру), 1,3% – экономикалық қызметті реттеуге (техникалық реттеу және метрология саласындағы қызметтер, Қазақстан Республикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, инвестициялар тарту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру) тиесілі болды.
Жергілікті бюджеттердің 2023 жылғы шығындарының құрылымында бьсқа шығындар 4,1% құрады (2022 жылы 4,3%). Олардың сомасы, 2022 жылмен салыстырғанда, 19,9%-ке ұлғайып, 2023 жылы 534,2 млрд теңгеге дейін жетті (2022 жылы 445,6 млрд теңге).
Өткен жылы шығындардың ең көп үлесі Түркістан облысына – 18,9% (2022 жылы 20,4%), ең аз үлесі Ұлытау облысына – 1,2% (2022 жылы 0,4%) тиесілі болды.