«Аналитика» айдары. Қазақстанда жинақталу нормасының теріс динамикасын талдау және орнықты өсу сын-қатерлері
01.10.2024
2021 жылдан бері Қазақстанда жинақтау нормасының теріс динамикасы байқалады, бұған дейін бұндай үрдіс 2015 жылдан 2018 жылға дейін байқалған болатын. ХВҚ болжамдары бойынша 2025 жылға қарай жинақтау нормасы 23,10%-ды құрайды, бұл 2020 жылғы шама деңгейінен 5,7 п.т. төмен. Анағұрлым қарқынды дамып келе жатқан елдерде 2015-2023 жылдары жинақтау нормасы орта есеппен 33,7% құрады. Қазақстанда осындай кезеңде жинақтау нормасының орташа деңгейі 26,7% деңгейінде қалыптасты. Осыған байланысты одан әрі орнықты экономикалық даму үшін инвестициялар тарту есебінен жинақтау нормасының ұлғаюын қамтамасыз ету қажет. 2015-2023 жылдары негізгі капиталға инвестициялардың орташа жылдық өсу қарқыны 7% құрады. Абсолюттік мәнде негізгі капиталға салынған инвестициялар 11,02 трлн теңгеге немесе 2,6 еседен астам ұлғайып, 2023 жылы 18 трлн теңгеден астам құрады. Негізгі капиталға инвестицияларды қаржыландыру көздерінің құрылымында меншікті қаражат басым, оған 2020-2023 жылдары орта есеппен 71,8% тиесілі болды. 2020 жылы алдыңғы 5 жылдан өзгеше үрдіс байқалды: инвестициялардағы меншікті қаражаттың үлесі азайып, бюджет пен қарыз қаражаты көбейді, бұл COVID-19 пандемиясының әсеріне байланысты. Алайда, 2021 жылдан бері негізгі капиталға салынған инвестициялар құрылымы "пандемияға дейінгі" деңгейге орала бастады. ТШИ жалпы ағыны 2015-2022 жылдары $12,7 млрд немесе шамамен 2 есе артты. 2020 жылы ТШИ жалпы ағынының $17,2 млрд дейін төмендеуі байқалды, бұл COVID-19 пандемиясының әсеріне байланысты болды. Алайда, 2021 жылдан бері ТШИ жалпы ағыны оң өсу үрдісін қалпына келтіріп, 2022 жылға қарай $28 млрд құрады. Инвестициялардың өңірлік құрылымы Атырау облысының үстемдігін көрсетеді. Бұл ретте, облыстың негізгі капиталға инвестициялардағы үлесі 2015 жылғы 20,93%-дан 2023 жылғы 17,3%-ға дейін төмендеді. Салалық бөліністе 2015-2023 жылдары тау-кен өнеркәсібі басым. Бұл ретте, негізгі капиталға салынған инвестициялардағы саланың үлесі 2015 жылғы 32,69%-дан 2023 жылғы 26,34%-ға дейін төмендеді. 2015-2023 жылдар аралығында 9 жыл ішінде инвестициялар құрылымы елеулі өзгерістерге ұшырамады, бұл әртараптандырудың жеткіліксіздігін көрсетеді.
Қарау саны: 123 |
|
|